Құзырлы орындар құрылыс компаниясының жұмысын қадағалай ма?

0
28052
Үй бірінші суреттегідей «комфорт-класс+» деп сатылды, екінші суреттегідей салынды...

Осы жолдардың авторы былтыр «Time Group Construction» құрылыс компаниясы салып жатқан «Арнау-1» тұрғын үй кешенінен пәтер сатып алды. Ол кезде мен алған 6-шы үйдің қазаншұңқыры (котлован) қазылып, іргетасы жаңадан құйыла бастаған еді. Үйді салу барысында да, үй салынып біткеннен кейін де құрылыс компаниясының жауапты өкілдеріне үйдің сапасы мен сыртына (фасад) қатысты ауызша да, жазбаша да сұрақтар қойдым. Бірақ, олар көкейдегі көп сұрақты жауапсыз қалдырды. Сол сұрақтарды енді құзырлы орындарға қоюдың реті келіп тұр.

КӨЗБОЯУШЫЛЫҚТЫҢ ТАҒЫ БІР ТҮРІ МЕ?

Осындайда Бейімбет Майлиннің «Даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры» деген әңгімесі еріксіз еске түседі екен. Ал, «Арнау-1» тұрғын үй кешеніне қатысты дау осы көктемде басталды. Сол кезде бес қабатты үй көтеріліп, сырты қапталды. Үйдің сырты да, іші де көңілден шықпады. Жарнамалап сатқандағы үйге ұқсамайды.

Алматы облысына қарасты Қарасай ауданының орталығы – Қаскелең қаласы, Абылай хан көшесі, 2/5 мекенжайында салынып жатқан «Арнау-1» тұрғын үй кешенінің сыртында, ресми сайтында және әлеуметтік желідегі парақшаларында құрылыс компаниясы ретінде «Time Group Construction» ЖШС көрсетілгенімен, мен 2021 жылы 1 маусымда алдын ала сатып алу-сату шартына «ABM Company LTD» ЖШС-мен қол қойдым. Шарт бойынша пәтер құнының 50 пайызын сол кезде төледім, қалған 50 пайызын үйді пайдалануға бергенде төлеуім керек. Аталған шартта үйдің пайдалануға берілетін мерзімі ретінде 2022 жылдың І тоқсаны көрсетілген. Маған белгісіз себептермен негізгі мерзімнен 9 ай өткелі жатса да, үй әлі пайдалануға берілген жоқ. Бұл өз алдына бөлек әңгіме.

Сату бөліміне, үйдің сыртына, сапасына қатысты «ABM Company LTD» ЖШС директоры Руслан Набиев мырзаның атына 26 шілде күні шағым хат жолдадым. Содан бері 4 ай, 10 күн өтсе де, олардан жауап болмады. 10 қазан күні Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген дауды сотқа дейін реттеу тәртібі бойынша талап-арыз жолданды. Екі ай өте шықты. Тағы да жауап жоқ. Содан сотқа жүгінуге тура келді. Менің талабым бойынша Бостандық аудандық сотында 7514-22-00-2/8646 нөмірімен азаматтық іс тіркеліп, қазір сотқа дайындық жұмыстары жүріп жатыр.

«Time Group Construction» ЖШС-нің тірлігі көзбояушылықтың бір түрі ме, жоқ па, оны енді сот шешеді.

ҚҰРЫЛЫС КОМПАНИЯСЫНЫҢ САТУ БӨЛІМІ
ПӘТЕРДІ АЛДАП САТТЫ МА, ЖОҚ ПА?

«Арнау-1» тұрғын үй кешені салынып жатқаны жөнінде әлеуметтік желілерге салған жарнамаларынан білдім. Компанияның ресми timegroup.kz сайтында да, @timegroup.kz, @zhk_arnau Instagram парақшаларында да «Арнау-1» тұрғын үй кешенінің «комфорт-класс+» санатында болатыны, үйдің сырты талшықты цемент панелімен (фиброцементная панель) қапталатыны, балкон шытынамайтын шыныдан қоршалатыны, үйдің кіреберісі де заманауи үлгіде жасалатыны жазылған, солай болатыны жөнінде фото, видео көптеп жүктелген. Жарнамада тұрғын үйдің іші де, лифт те керемет. Осындай жарнамадан кейін «Time Group Construction» ЖШС-нің Қаскелеңдегі сату бөліміне бардым. Ол жақта да сатушылар ресми сайт пен әлеуметтік желідегі парақшаларындағы мәліметтерді растады. Ол аздай қолыма буклет ұсынды. Буклетте де сән-салтанаты жарасқан бес қабатты 16 заманауи үй бейнеленген. Бірақ, қазіргі салынған үйде бұлардың біреуі де жоқ. Суретті салыстырыңыз!

Бір атап өтерлігі, буклетте «бұл көрнекілік үшін қойылған суреттер» екені туралы бір ауыз сөз жоқ. Демек, сондай үй салулары керек еді. Әлде, бұл алдап сату ма, клиенттерді жаңылыстыру ма? Менің осы сұрақтарымды «Time Group Construction» ЖШС өкілдері жауапсыз қалдырды.

Жоғарыда жазғанымдай, пәтерді алған уақытта үйдің қазаншұңқыры қазылып, іргетасы жаңадан құйыла бастаған болатын. Яғни, пәтерді сатып аларда, алдын ала сатып алу-сату шартына қол қоярда «Time Group Construction» ЖШС-нің сату бөліміне имандай сендік (көпше түрде жазып отырған себебім, құрылыс компаниясына наразы бір өзім ғана емес), бізді олар да соған сендірді.

Ескерте кетейін, «Арнау-1» тұрғын үй кешенінен мен алған үй (маған белгісіз себептермен) әлі пайдалануға берілмегендіктен, оның үстіне менің арызым бойынша сотта азаматтық іс қозғалғандықтан, пәтерді өз атыма аударған жоқпын.

Осы орайда Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Асқар Тынысбеков мырзаға төмендегідей сауалдар бағытталады:

1) Жоғарыдағы келтірілген мәліметтер бойынша «Time Group Construction» ЖШС-нің сату бөлімі «Тұтынушылардың құқығын қорғау туралы» ҚР Заңының қандай баптарын бұзды? Өзіңіз басқаратын комитет маған қандай көмек көрсете алады, қандай кеңес бере алады?

2) Шындыққа сәйкес келмейтін әдемі жарнама арқылы тұрғын үй кешенінен пәтерлер сату қаншалықты заңды? Бүгінде тура сондай жолмен «Time Group Construction» ЖШС-нің сату бөлімі «Арнау-2» тұрғын үй кешенінен пәтерлерді жаппай сатып жатыр. Комитет бұған тосқауыл бола ала ма? Қандай шара қолданады?

ҚАРАСАЙ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМДІГІ
САЛЫНЫП ЖАТҚАН ТҰРҒЫН ҮЙ КЕШЕНІНІҢ
САПАСЫН БАҚЫЛАЙ МА, ЖОҚ ПА?

«Time Group Construction» (анығы «ABM Company LTD») ЖШС Қаскелең қаласынан салып жатқан «Арнау-1» тұрғын үй кешенін толыққанды бітірмей жатып (16 үйдің 4 үйінде қаңқасынан басқа түк жоқ), «Арнау-2» тұрғын үй кешенінің құрылысын бастап кетті. Пәтерлер (әдемі жарнамамен) қызу саудаланып жатса керек. Оған еш қарсылығым жоқ. Дегенмен, «Арнау-1» тұрғын үй кешенінде салынған, салынып жатқан үйлердің сапасына қатысты сұрақтар бар.

Аталған кешеннің алғашқы 4 үйінде тұрғындар тұрып жатыр. Күздің алғашқы жаңбырында екі пәтердің (бұл маған белгілісі ғана) үстінен су ақты. Яғни, үйдің шатырында ақау бар деген сөз. Содан екі пәтер иесінің өздері жасаған ремонтына, мүлкіне нұқсан келді (суретті қараңыз). Бірақ, құрылыс компаниясы оларға материалдық шығынды өтеген жоқ. «Мәселе тесілген шатырда емес, жасалған ремонтта» екенін айтқан «Time Group Construction» ЖШС өкілінің аудиосы менде сақтаулы (сотта айғақ ретінде тіркеледі). Бұл – бір. Екіншіден, қара судың өзі Құдайдың құтты күні өшеді. Оны алғашқы төрт үйде тұрып жатқандар да растайды. Жаңа құбырлардың тесілген кездері де болған (суретті қараңыз).

Осы орайда Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев мырзаға (көшірмесі Қарасай ауданының әкімі Жасұлан Естенов мырзаға) төмендегідей сұрақтар бағытталады:

1) Қарасай ауданының Құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі «Арнау-1», «Арнау-2» тұрғын үй кешендерінің құрылыс сапасын бақылай ма? Бақылайтын болса, неге жоғарыдағыдай кемшіліктерге жол беріледі? Жауапты мамандар соңғы рет аталған құрылыс алаңында қашан болды?

2) Менің «ABM Company LTD» ЖШС-мен екеуара алдын ала сатып алу-сату туралы қол қойған шартта «Отделка фасада – фиброцементные панели» деп тұр. Бірақ, жасалғаны – «мюнхенская штукатурка» (оның сапасы да сұрақ тудырады). Енді құрылыс компаниясы «Продавец оставляет за собой право замены строительных материалов на равноценные по техническим характеристикам, по согласованию с автором проекта» деген шарттағы ескертуге сүйеніп отыр. Сонда «фиброцементная панель» мен «мюнхенская штукатурка» «равноценный материал» ма? Бұл сұраққа жүріп жатқан сот барысында жауап алатыным анық. Мендегі сұрақ: «Арнау-1» тұрғын үй кешеніндегі үйдің қазіргі сырты (фасад) әкімдікке ұсынылған алғашқы жобадағыдай ма? Өзгеріс бар ма? Болса қандай өзгерістер орын алды? Мысалы, алғашқы 4 үйдің кіреберісіндегі (подъезд) терезелердің көлемі мен формасы басқа үйдікіне мүлдем ұқсамайды. Сонда бұл қалай болғаны?

3) «Арнау-1» тұрғын үй кешенінің алғашқы 4 үйі 2022 жылдың мамыр, маусым айларында пайдалануға берілді. Бірақ, су (жоғарыда судың жиі болмайтынын жаздым), жарық, ыстық су күзде ғана қосылды, аула да сол кезде істелді (көршілерім растайды). Айналасы қоршалған жоқ. Коммерциялық нысан да, жанындағы басқа үйлер де салынып жатыр. Қауіпсіздік шараларына да селқостық байқалады. Сонда Қарасай ауданының әкімдігі мамыр, маусым айында неге сүйеніп алғашқы 4 үйді пайдалануға рұқсат берді?

4) Қарасай ауданы әкімдігі мен «ABM Company LTD» ЖШС арасында 2022 жылдың 27 қыркүйегінде ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылғаны белгілі. Меморандум қандай мақсатты көздейді? Меморандумның 2-бөлігі, 4-тармақшасында  құрылыс компаниясы әкімдіктің алдында «Осуществляет реализацию части готового жилья и (в чистовой отделке) по программе ипотечного жилищного кредитования (не менее – 50%) многоэтажного Жилого комплекса «Арнау» 1 и 2-ой очереди будут реализованы жителям Карасайского района» деген міндеттеме алған. Менің білуімше, «Арнау-1» тұрғын үй кешені баяғыда сатылып кеткен. Сұрақ: Сол тұрғын үй кешенінен үй алғандардың қаншасы Қарасай ауданының тұрғындары? Меморандумда пәтердің кемінде 50%-ы «чистовая отделкада» берілетіні жазылған. Ал, «Арнау-1» тұрғын үй кешеніндегі 320 пәтердің бәрі «черновая отделкада» ал(а)ды. Бұл жөнінде әкімдік қандай түсініктеме береді?

5) Өткен айдың басында «ABM Company LTD» ЖШС өкілі Өнербек Өмірханұлы негізгі мерзімнен 6-9 айға кешігіп жатқан 5-8 үйдің тұрғындарымен байланысқа шығып, «ТОО «ABM Company LTD» и ГУ «Аппарат акима Карасайского района, Алматинской области» заключили Меморандум о взаимном сотрудничестве от 27 сентября 2022 года о намерении финансировать, производить строительства и вводить в эксплуатацию проекты строительства инженерно-коммуникационной инфраструктуры (водоснабжения, канализации, газоснабжения, электроснабжения, тепловых сетей, телефонизации)  за счет средств республиканского бюджета Жилом комплексе «Арнау» 1 и 2-ой  очереди, по адресу: Алматинская область, Карасайский район, г. Каскелен, ул. Абылай хан, д. 2/5, 2/6. Понимая Ваше положение о завершении программы ипотечного жилищного кредитования «7-20-25», Аппарат  акима Карасайского района и ТОО ABM Company LTD  готово Вам оказать помощь в участии ипотечных жилищных программах кредитования «7-20-25». В связи с вводом в эксплуатацию домов 5, 6, 7, 8 ЖК  «Арнау» 1-ой очереди уважаемые собственники просим Вас дать согласие на временное подключения инженерно-коммуникационной инфраструктуры домов», – деп хабарлама жасады. Әкімдік меморандум аясында осы инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымға қатысты міндеттемелерді қашан және қалай орындайды?

P.S. Көкейдегі осы сұрақтарға «Time Group Construction» ЖШС-нен жауапты алуға ниетті болғанмын. Оған жоғарыда жазған хаттарым дәлел. Бірақ, олар пәтерді арзан бағада алғанымызды, құрылыс материалдары қымбаттап кеткенін алға тартады. Алайда, бағаны құрылыс компаниясының өзі ұсынғанын ұмытпау керек. Егерде компанияның есеп-қисапқа жауапты мамандары бағаны бекітерде алда болуы мүмкін қымбатшылықты, инфляцияны ескермесе, оған біз кінәлі емеспіз. Жалпы, компанияның өз клиенттеріне салғырт қарайтынын «ABM Company LTD» ЖШС директоры Руслан Набиевтің екі хатқа екі түрлі қол қойғанынан да аңғаруға болады (суретті қараңыз). Жоғарыда айтылған мәселелерге Алматы облысы мен Алматы қаласының прокуратуралары да назар аударса артық болмас.

Жасұлан МӘУЛЕНҰЛЫ

Компанияның өз клиенттеріне салғырт қарайтынын «ABM Company LTD» ЖШС директоры Руслан Набиевтің екі хатқа екі түрлі қол қойғанынан да аңғаруға болады…

 

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here