Сатиралық журнал Тегеран мен Париж арасына сына қақты

0
888

Осыдан сегіз жыл бұрын Парижде болған трагедия француздарды дүр сілкіндірді. 2015 жылы 7 қаңтарда атағы алысқа тараған «Charlie Hebdo» сатиралық журналының редакциясына ағайынды Саид және Шериф Куашилер шабуыл жасап, 12 адамның өмірін қиды. Құрбан болғандардың арасында журналдың бас редакторы мен екі полиция қызметкері де бар. Тағы 11 адам жарақат алды. Трагедияға сатиралық журналдың Twitter парақшасында жарияланған «Ирак пен Леванттың ислам мемлекеті» (ИГИЛ) атауымен құрылған лаңкестік ұйымның көсемі Әбу Бакр әл-Бағдадидің карикатурасы себеп болды.

Тегеран мен Париж арасына сына қаққан журналдағы карикатуралардың бір бөлігі…

РЕДАКЦИЯ ҮШ ЖҮЗ СУРЕТ ПЕН МЫҢДАҒАН ҮРКІТІП-ҚОРҚЫТҚАН ХАТ АЛДЫ

Франциядағы сегіз жыл бұрынғы трагедия туралы бекер сөз қозғаған жоқпыз. Күні кеше Франция президенті Эмманюэль Макрон бастаған атқамінерлердің қатысуымен Парижде сол исламистер қолынан қаза тапқандарды еске алуға арналған аза тұту рәсімі өтіп жатқанда, Тегерандағы Франция елшілігінің алдында ирандықтар наразылық білдірді. Иран билігіне «Charlie Hebdo» журналының жаңа саны жақпай қалды.

Тегеран мен Париж арасындағы даудың басы – карикатура. Айталық, «Charlie Hebdo» журналының жаңа жылдағы жаңа саны былтыр қыркүйек айының ортасында 22 жастағы құқық қорғаушы Махса Әминидің өлімінен кейін тұтанған Ирандағы жаппай наразылыққа арналды. Журналда Иранның рухани көсемі аятолла Әли Хаменейдің бірнеше карикатурасы жарияланды. Оларды Франция, Италия, Иран сияқты бірқатар елдердің суретшілері салды. Дегенмен, Тегеран журналдың бұл санындағы карикатураларды рухани көсемді қорлау деп санап, Парижден кешірім сұрауды талап етті.

Өткен жылдың 8 желтоқсанында «Charlie Hebdo» журналы Ирандағы адам құқығы мен сөз бостандығы тақырыбында карикатура байқауын жариялады. Жаңа жанжалдың ортасында қалған редакцияның жазуынша, байқауға әлемнің әр түкпірінен үш жүз сурет пен мыңдаған үркітіп-қорқытқан хат келген. Сатиралық журнал сол байқауға келген карикатуралардың іріктеп алынған бір ғана бөлігін оқырман назарына ұсынды.

ИРАН БИЛІГІ СӨЗДЕН ІСКЕ КӨШТІ

Жоғарыда жазғанымыздай, саяси сатира Иран билігінің ашу-ызасын тудырды. Журнал әрекетінің артында Франция билігі тұрғанына еш күмән келтірмейді. Содан Тегеран Париж бен журналға қарсы бағытталған сөзден де, істен де аянып қалмады.

«Француз басылымының діни және саяси билікті қорлайтын карикатураларды жариялаудағы әрекеті Тегеран тарапынан жауапсыз қалмайды. Біз француз үкіметінің шектен шығуына жол бермейміз», – деп мәлімдеді Иранның Сыртқы істер министрі Хосейн Әмір Абдоллахиан.

Алдымен Францияның Ирандағы елшісі Николя Рош Сыртқы істер министрлігіне шақырылды. «Charlie Hebdo» француз журналындағы карикатураларға қатысты Иранның қатаң наразылығы елшіге жеткізілді.

«Францияның «сөз бостандығы» деген желеумен мұсылман елдері үшін қасиетті саналатын дүниелерді қорлауға құқығы жоқ», – деп кесіп айтты Иран Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Нассер Канаани. Дипломаттың сөзін 197 жылдық тарихы бар «Le Figaro» француз газеті келтірді.

Бұл – сөзден іске көшудің басы ғана еді. Тегеран 1983 жылы Франция Сыртқы істер министрлігінің қолдауымен құрылған Иранның ең беделді саналған Француз ғылыми-зерттеу институтын бір күнде жауып тастады.

Тегерандағы Франция елшілігінің алдында жүздеген адам қарсылық акциясын өткізді. Олар журналдың әрекетін қатыгездікке балаған, оған француз билігін айыптаған сөздер жазылған плакаттар ұстап шықты, француз туын аяққа таптап, өртеп жатты.

Апталық журналдың сайты DDOS-шабуылына ұшырады. Сайтта мақала жариялау мен оны қарау қиындап кетті. Кибершабуыл жасағандар журналдың 200 мыңнан астам жазылушысы мен серіктестерінің деректерін ұрлап, сатылымға шығарды. Жарияланған видеода олар «Періштелер Чарлидің (журналдың атауы Чарли Браун комикс кейіпкеріне байланысты қойылған) бетпердесін шешті» деп мақтанып, редакцияның ішкі құжаттарын да ашық дереккөздерде қолжетімді ететінін ескертті. Осыған байланысты француз полициясы мен қарсы барлау қызметі тергеуді қолға алды. Бірақ, журналистер хакерлердің артында Иран билігі тұрғанына нық сенімді.

Талай қарсылыққа тап болған, қызметкерлері исламистердің қолынан қаза тапқан «Charlie Hebdo» журналының қорыққаннан бұғып қалар ойы жоқ. Оған бүкіл әлем куә. Тегеранның реакциясына жауап ретінде апталық журнал 11 қаңтар күнгі санының мұқабасына Иран көшбасшысының кезекті карикатурасын жариялады.

«Молдалар риза емес. Олардың рухани көсемінің карикатурасы езулеріне күлкі үйірмеген сияқты. Өзін өзі ирония ешқашан тирандардың, әсіресе діндарлардың мықты тұсы болған емес. Олар журналдың оқпен немесе хакерлік шабуылдармен үнін өшіргісі келеді. Иран режимі француз журналынан қорыққаны сонша осындай әрекеттерге дейін барды. Бұл біз үшін абырой болса, олардың әлсіздігін көрсетеді», – деп жазды журналдың бас редакторы Лоран Суриссо.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

«Жығылған күреске тоймас» дегендей, француз журналы 2015 жылғы қайғылы оқиғадан кейін де ислам әлемінде қарсылық тудыратын тақырыпта карикатураны бірнеше рет жариялады. Кезектісі 2020 жылы жарық көрді. Бұл әлем мұсылмандарынан бөлек, Франция халқының 8%-ын құрайтын мұсылмандардың да ашу-ызасын туғызды. Тіпті, сол жылы 25 қыркүйекте «Charlie Hebdo» журналының бұрынғы кеңсесіне шабуыл жасалып, кемінде төрт адам жарақаттанды. Ал, сатиралық журнал алғаш рет 2012 жылы Мұхаммед пайғамбардың карикатурасын жариялады. Бұл әлемдегі барша мұсылманның наразылығын тудырғаны айтпаса да түсінікті. Осындай жанжал туындағанда әлем екіге бөлінеді. Алғашқылары үшін сатиралық журналда Мұхаммед пайғамбардың карикатурасын жариялаудың еш әбестігі жоқ. Бұл – сөз бостандығы. Ол үшін адам өлтіру ақтап алуға келмейтін қылмыс. Кейінгілері үшін Мұхаммед пайғамбардың карикатурасын жариялау – әлемдегі 1,8 млрд мұсылманның бетіне түкірумен бірдей.

Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ

БІЗДІҢ АНЫҚТАМА

«Charlie Hebdo» – саяси сатира тақырыбына бағытталған әдеби-көркем журнал. Парижде шығатын апталық журналдың негізі 1970 жылы қаланды. Сатиралық журнал әр сәрсенбі сайын 50 мың данамен француз тілінде жарық көреді. Ал, журналдың ең көп таралымы осыдан сегіз жыл бұрын тіркелді. 2015 жылғы қайғылы оқиғадан кейін журналдың 1178-ші саны 3 млн данамен шығып, 15 минутта сатылып кетті. Осылайша, «Charlie Hebdo» журналы француз баспасөзінің тарихында рекорд орнатты. Одан кейінгі саны 8 млн данамен сатылды.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here