Николае Чаушеску неге өлім жазасына кесілді?

0
6366

1980-1990 жылдар аралығында Шығыс Еуропа елдерінде «Барқыт төңкерісі» басталды. Осы аралықта социалистік мемлекеттердің көшбасшылары билікті уысында ұстай алмай, оппозицияның ығына жығылды. «Барқыт төңкерісінің» салдары Социалистік Румыния Республикасының үкіметіне де салқынын тигізді. Сөйтіп, ел президенті Николае Чаушескудің (1918-1989) режиміне қарсы наразылықтың арты қанды қырғынға ұласты. Аласапыранның соңы Николае Чаушескудің өлімімен аяқталды. 1989 жылдың желтоқсанында Румынияда орын алған төңкерістің қоздырушы күші Николае Чаушескудің  өзіне наразы жұмысшыларға оқ жаудыруға берген бұйрығы болды. Десек те, бұл орайда сарапшылардың ойын сан-саққа жүгірткен жауапсыз сұрақтар өте көп. Румыниядағы төңкеріс заман ағымына сай өздігінен орын алды ма, әлде бұл халықтың қолтығына су бүркеген кәсіби мамандардың салған ойраны ма? Міне, осы сұрақтарға жауап іздеген ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгінгі санында  Румынияны 24 жыл басқарған, кезінде «Еуропаның соңғы диктаторы» атанған Николае Чаушескудің саяси қызметіне, елдегі төңкерістің себеп-салдарына тоқталады.

НИКОЛАЕ ЧАУШЕСКУ КОММУНИСТ-РЕФОРМАТОРҒА ҚАЛАЙ АЙНАЛДЫ?

26 қаңтарда Николае Чаушескудің туғанына 105 жыл толды. Осы датаға орай бұл тақырыпты қайта қозғап отырмыз.
Николае Чаушеску билік басына кездейсоқ келген саясаткер. Румын жұмысшылар партиясына 17 жыл жетекшілік еткен Георге Георгиу-Деж дүниеден озған соң, Чаушескудің асығы алшысынан түсті. 1965 жылы 47 жасында Николае Чаушеску Румын жұмысшылар партиясының төрағасы болып тағайындалды. Партияның ықпалды мүшелері Чаушескуді уақытша тұлға ретінде ғана қарастырды.

Рас, КСРО-ның бірінші хатшысы Леонид Брежнев пен Николае Чаушескудің ұқсастықтары баршылық. Кремль де Брежневті уақытша басшы ретінде санады. Брежневті дұрыс  бағаламағандай, Чаушескуге де әріптестері шекесінен    қарады.  Бірақ, сырын ішіне бүккен ол өзінің бос белбеу саясаткер емес екендігін ұғындырды. Басшылықтың ескірген басқару әдісін қатаң сынға алып, мүлт кеткен тұсын әшкерелеп, халық арасында танымалдылыққа ие болды. Республиканың имиджін жақсарту үшін және жаңа басқару мен бұрынғы басқарудың арасындағы айырмашылықты айқындау үшін Чаушеску елдің атын өзгертуге дейін барды. Бұрын Румыния  Халық Республикасы болса, ендігі жерде «Румыния Социалистік Республикасы» деп аталды.

Екі жылдан кейін Николае Чаушеску мемлекеттік кеңестің төрағасы болды. Енді ол ең жоғарғы мемлекеттік лауазым мен партиялық билікті иеленіп шыға келді. Билікті толықтай иемденген Чаушеску Батыс елдерімен тығыз қарым-қатынас орнатты. Сыртқы саясатта жалпақшешейлікке бой алдырмай, тәуелсіз саясат жүргізді. Өз позициясын именбей ашық көрсетті. 1968 жылы Варшава ұйымына мүше елдердің Чехословакияға әскер кіргізуін құптамады. Сондай-ақ, социалистік мемлекеттерді «ашса алақанында, жұмса жұдырығында» ұстайтын  КСРО-ның айбарынан да қаймықпады. 1979 жылы КСРО-ның Ауғанстанға әскер кіргізуін өзге социалистік мемлекеттердің басшыларындай қолдамады. Ал, 1984 жылы  КСРО Лос-Анджелестегі Жазғы Олимпиада ойындарына бойкот жариялаған тұста Чаушеску румын спортшыларын әлемдік додаға жіберді. Осылайша, ол Румынияның КСРО-ның айтқанымен жүріп, айдауына көнетін қуыршақ мемлекет емес екендігін танытты.

Румыния социалистік ел болса да, Чаушеску мемлекет құрылымын КСРО-ның айна қатесіз көшірмесіне айналдырғысы келмеді. Содан 1974 жылы Румыния конституциясына өзгертулер енгізіп, Николае Чаушеску ел президенті болып тағайындалды. Мемлекеттің бірінші тұлғасы «бірінші хатшы» деп аталмайтын болды.

Социалистік мемлекеттердің темірқазығы бірдей болып көрінгенімен, уақыт өте келе социализм екі ағымға бөлінді. Чаушескудің КСРО-ның саясатына қырын қарайтыны да сол. КСРО, Солтүстік Корея, ҚХР социалистік-тоталитарлық жолды таңдады. Бұл ретте Чаушеску социализмнің қадір-қасиетін кетіргісі келмеді. Ол социалистік-либералдық жолды таңдап, көп құрбандықты қажет ететін тоталитарлық жүйені орнатқаннан гөрі, демократиялық принципке негізделген либерализмді социализммен ұштастырғанды жөн санады. Сөйтіп, билік басына келе сала либералды реформалар жүргізді. Реформалар диссиденттерге (билікке наразы жеке тұлға) көрсетілетін қысымның азаюына әсер етті. Республика азаматтарының шет елдерге шығуына кедергі келтірілмеді. Өзге ел басылымдарының сатылуына да еркіндік берілді.

ҚАРЫЗҒА БЕЛШЕСІНЕН БАТҚАН ПРЕЗИДЕНТ

Тоталитарлық жүйеден жерініп, өзін коммунист-реформатор ретінде көрсете білген Чаушескуді Батыс елдері бауырына тарта бастады. Олар румын реформаторына миллиондап несие берді. Чаушескудің тұсында Румынияның индустриясы белсенді түрде дамыды. Либерал көшбасшы мемлекеттің дамуына ауыл шаруашылығынан түсетін табыстың үлесі мол болатындығын жақсы түсінді.

Чаушеску Халықаралық валюталық қорымен, Халықаралық қайта құру және даму банкімен іскерлік қатынас орнатты. Олардан 22 млрд доллардан астам несие алды. Несиеден қорықпай жасалған қадамның арқасында 1974 жылы Румынияның өнеркәсіп өндірісінің өсімі 1944 жылмен салыстырғанда жүз есеге өсті. Сөйтіп, Чаушеску үлкен экономикалық секіріс жасай білді.

Дегенмен, алмақтың да салмағы бар. Өзге елдерден қарыз алып, уақытша экономикалық секіріс жасаған Чаушеску қарызды қайтару мерзімі келгенде абдырап қалды. Оның саяси мансабындағы жіберген қателіктері де дәл осы жерден басталды. Сырттан келген қаржыға өндіріс көлемін ұлғайтқан румындар өз тауарларын экспортқа шығару мөлшерінен асырып өндірген еді. Содан басы артық өнімдерді алушы елдер табылмай, олар әуреге түсті. Румынияның тауарларын Өзара экономикалық көмек ұйымына мүше елдер: Албания, Болгария, Чехословакия, Польша, КСРО, Венгрия да қажетсінбеді. Батыс елдерінде румын тауарлары басекеге қабілетсіз болғандықтан, олар шетке ысырылып қала берді.

Батыстан несие алудың соңы неге апарарын  социалист көшбасшылардың арасында бірінші  болып түсінген Чаушеску еді. Қарыздан аузы күйген Чаушеску 1983 жылы референдум арқылы Батыстан тағы несиеге алуға тыйым салды. Содан Румыния үкіметі тығырыққа әбден тірелді. 22 млрд доллардан астам қаржыны қайтару оңайға түспеді. Батыстың қысымы, халықтың наразылығы күшейді. Шақшадай басы шарадай болған Чаушескуге Батыс елдері Румыния үшін ең тиімді ұсыныс жасады. Егер Румыния  Варшава ұйымының және Өзара экономикалық көмек одағының құрамынан шығып, КСРО-мен ат құйрығын үзіссе, барлық қарызды кешіретіндіктерін айтты. Чаушеску Батыстың құрған тұзағына түскісі келмеді. Ұсыныстан бас тартты. Бұған келісіп, КСРО-ның құрығынан құтылғанымен, Батыс елдеріне тәуелді болар еді. Чаушеску қарызды өтеп, оқшауланған социалистік мемлекет құруға бел байлады.

Қарызды қайтару үшін елде үнемдеу шаралары басталды. Азық-түлік алу карточкалық жүйемен, жанармай арнайы талондармен, электр қуаты сағатына есептелініп берілді. Румындықтардың өмір сүру деңгейі төмендеп кетті. Елді экономикалық дағдарыс жайлады. Президентке деген наразылық күшейді. Осыдан кейін Чаушеску өзінің социалист-либерал атынан айырылды. О бастағы ұстанымынан айнып шыға келді. Елдің саяси өміріндегі еркіндіктер жайына қалды. Республикада авторитарлық жүйе орнады. Чаушескудің жеке басына табынушылық белең алды. Президент өзінің жора-жолдастарын, отбасы мүшелерін, туысқандарын билік басына топтастырды. Билікке наразы халық толқуларын Секуритате полицейлері басып-жаншып отырды.

Рас, Чаушеску дегеніне жетті. 1989 жылы сәуірде барлық қарыздардан құтылды. Бірақ, қарыздың салған әлегі ел экономикасын күйретіп кетті.

ТИМИШОАРА ҚАЛАСЫНАН ШЫҚҚАН БҮЛІК

Сыртқы қарызды қайтару үшін  елдің  ішкі  саясатын ала тайдай бүлдіріп алған Чаушеску сыртқы саясатта да жақтастарынан айырылды. Ал, қарыз мәселесінде өздерінің талаптарын орындамағанына шүйліккен Батыс елдері Чаушескуді әлдеқашан-ақ қара тізімге енгізіп қойған еді. Румыния мен КСРО арақатынасына да селкеу түсті. Кеңес Одағында қайта құру науқанын белсенді жүргізген Михаил Горбачев Румыния үкіметінен де осыны талап етті. Алайда, 1968-1979 жылдары Брежневтің қаһарынан қаймықпаған, 1983 жылы Батыстың қысымына төтеп  берген  Чаушеску Горбачевтің мінез көрсетуіне пысқырып та қарамады. 1989 жылы тамызда КСРО-ның қолдауынан айырылған, Шығыс Еуропадағы социалистік мемлекеттердің тігісі сөгіліп жатқан тұста да КСРО-ға қарап жәутеңдемеді. Керісінше, Николае Чаушеску Румынияның фашизмнен азат етілуінің қырық бес жылдық мерейтойында сөйлеген сөзінде: «Румынияның қайта құрылуынан гөрі, Дунайдың ағысының кері ағуы тезірек», – деген ой тастады.

Горбачев пен Чаушескудің соңғы кездесуі 1989 жылы 6 желтоқсанда өтті. Румын делегациясының айтуынша, Горбачевтің Чаушескуге айтқан сөзі соңғы ескерту болса керек. Кеңес басшысы Румынияның қайта құру науқанынан бас тартуының салдары болатынын ашық айтқан. Сонымен, Чаушеску Батыстың да, КСРО-ның да, елдегі оппозицияның да ата жауына айналып  шыға  келді. Кеңес баспасөзінде  оған  «сталиндік»  деп  айдар тақса, Батыс баспасөзі «румын дик-таторының ауыр қылмыстары» жайында жарыса жазды. Жан-жағынан жау анталаған Чаушеску бәріне қарсы тұруға тырысты.

1989 жылы 16 желтоқсанда Тимишоара қаласында тәртіпсіздік басталды. Қызметінен босатылған ұлты венгер диссидент Ласло Текештің бастауымен венгер халқының едәуір бөлігі қоныстанған аймақтарда этникалық автономия құру идеясын жақтаушылар көшеге шықты. Бірақ, сепаратистік қозғалыс ойламаған жерден антикоммунистік қозғалысқа ұласып кетті. Тұрғындардың әлеуметтік жағдайының төмендеп кеткеніне ашынғандар да бұған қосылды. Жаппай тәртіпсіздікті күшпен басуға тырысқан биліктің әрекетіне халықтың наразылығы тіптен күшейді. Ал, 16-17 желтоқсанда қаладағы толқу басылғандай болды.

Тимишоарадағы қақтығыс құрбандарының саны күні бүгінге дейін белгісіз. Ресми мәліметтерде ондаған адам деп көрсетілген. Ал, шет елдік БАҚ жүздеген, тіпті мыңдаған адамның құрбан болғаны туралы ақпарат таратты. Бұл сандар алпыс мыңға дейін жетті. Анығы кейін белгілі болды. Тек Тимишоарада ғана емес, Румыниядағы төңкерістің жалпы құрбандарының саны – 1 100 адам, 1 400 адам жараланған. Сөйтіп, «Алпыс мың адам өлді» деген хабарды наразылықты одан әрі өршіте түсу үшін айтылған отқа май құюшылардың әрекеті екендігі анықталды.

Тимишоарадағы тәртіпсіздікті тыйғанымен, халықтың көңілін қайта табу оңай болмады. Сол жылы 20 желтоқсанда Чаушеску теледидарда мәлімдеме жасады. Ол Тимишоара қаласындағы тәртіпсіздіктерді ұйымдастырған бұзақылардың артында шет елдік барлау ұйымдарының тұрғанын айтты. Ел тәуелсіздігіне сыртқы күштердің қауіп төндіргенін ескертті. Қозғалысқа тек экстремистер ғана емес, экономикалық қиындықтардан шаршаған азаматтардың қатысқанын да жоққа шығармады. Бұл ретте Чаушеску халықпен ашық диалог жүргізуге тырысып бақты. 1989 жылы 21 желтоқсанда румын астанасы Бухарестте жүз мың адамның қатысуымен президент жақтастарының митингісін өткізді. Жиналғандардың арасында президент жақтастарын айыру қиын болды. Президентті жақтауға келгендердің арасына кіріп кеткен оппозиционерлер митингіге қатысушыларды шатастырып жіберді. Чаушескудің сөзі жазылған плакаттар жыртылды. Оны қолдауға келген халық керісінше наразылық білдіре бастады. Мұны жасаған ұлттық құтқару майданының президенті тақтан тайғаннан кейін билікке келген Казимир Ионеску болатын.

Ойламаған жерден наразылыққа тап болған Чаушеску қатты састы. Өзіне қарсы жүз мың адамның алдында сөз сөйлеуден бас тартты. Оның президент сарайының балконынан кетуі – жеңілгенінің белгісі еді.

Бірнеше сағаттан кейін Бухарестте түсініксіз жағдай орын алды. Күтпеген жерден оқ атылды. Кімге атылғаны, кімнің атқаны беймәлім. Тек 22 желтоқсан күні Румынияның қорғаныс министрі Василе Миляның қазасы туралы хабарланғанда бәрі түсінікті болды. Оппозиционерлер дәлелдері болмаса да, қорғаныс министрі халыққа оқ атудан бас тартқандығы үшін атылғанын хабарлады. Осыдан кейін әскери бөлімдер оппозицияның жағына шығып кетті. Көтерілісшілер ұлттық телеарнаның мекемесін басып алып, Чаушеску режимінің құлдырағанын жариялады. Қаладағы қанды шайқастар әскерилер мен Чаушескудің «Секуритате» полиция бөлімінің арасында орын алды. Бірақ, бұл кезде Чаушеску Бухарестте болмады. Ол Румыния Компартиясы Орталық Комитетінің ғимаратының төбесінен тікұшақпен ұшып кетті. Онымен бірге жұбайы Елена, премьер Маня Мэнеску, еңбек министрі Эмиль Бобу және «Секуритате» полициясының екі қызметкері қашты.

Тікұшақ аралық қону жасап, Снагов көлінің әуежайына қонғанда, Мэнеску мен Боб президент саяжайында қалды. Ал, Чаушеску өзіне адал әскерилермен байланыс орнатуға тырысты. Питешти қаласының әскерилері президентті қолдауға дайын екендіктерін жеткізді. Чаушеску тікұшақпен Питештиге бет алды. Бірақ, жаңа қорғаныс министрі Виктор Стэнкулеску президентті тікұшақпен қоса атуға бұйрық берген болатын. Жағдайды президентке  мәлімдеген ұшқыш Чаушеску мен оның жақтастарын Тырговиште қаласының маңынан түсіріп, өзінің көтерілісшілердің жағына өткенін хабарлайды. Далада қалған Чаушеску мен әйелі және күзетшісі Питештиге көлікпен жетуге тырысады. Бірақ, Тырговиште әскерилердің қолына  түседі.

ЧАУШЕСКУДІ АҚТАУ

Николае Чаушеску мен әйелі Елена Чаушеску Тырговиште гарнизонында екі күн қамақта болды. Дәл осы қалада ерлі-зайыпты Чаушескулердің сотына арналған әскери трибунал ұйымдастырылды. Бір қызығы, әскери трибунал өткізудің бастамашысы – қорғаныс министрі Стэнкулескудің болғаны. Тимишоарадағы наразылықты басып-жаншуға бұйрық берген, Румыниядағы төңкерістің орын алуына жол ашқын осы Стэнкулеску еді. Енді президентті айыптап тұр. Ол осы қылмысы үшін 2008 жылы сотқа тартылды. Ал, 1989 жылы 25 желтоқсанда министр Стэнкулеску тақтан тайған президентті айыптауға асығыс кірісті. Бухаресттегі әскери трибунал төрағасының орынбасары генерал-майор Джорджица Попаны Тырговиштеге  мемлекеттік айыптаушы ретінде шақыртты.

Николае мен Елена Чаушескуге «ұлттық экономиканы құлдыратты, мемлекет ақшасын жымқырды, мемлекеттік институттарды жойды, геноцид жасады, халық пен мемлекетке қарсы қарулы күш қолданды» деген айыптар тағылды. Тағылған айыптардан-ақ Чаушеску сот шешімінің қалай боларын түсінді. Тергеушінің сұрақтарына көп жауап бермеді. Қызыл кеңірдек болып айтысудың еш нәтиже бермейтініне көзі жетті. Сот ерлі-зайыптыларды барлық айыптаулар бойынша кінәлі деп танып, дүние-мүліктерін тәркілеп, өлім жазасына кесуге үкім шығарды.

Сот үкімі бойынша ерлі-зайыпты Чаушескулердің сот үкіміне шағымдануларына он күн уақыт берілген. Алайда, «көтерілісшілер тақтан тайған президентті қайта шақырмауы үшін үкім сол күні орындалады» деп шешілді.

25 желтоқсанда сағат 16:00-де Николае мен Еленаны казарма ауласына сүйреп шығарды. Чаушескулерді дәретхана қабырғасына тақап тұрғызып, сарбаздар оқ атты. Үш күннен кейін Чаушескулердің өлімі Румыния телеарналарынан көрсетілді. Ерлі-зайыптылардың мәйіті Бухаресттегі Генча зиратына жерленді.  Уақыт өте келе Румыниядағы төңкерістің халықтық қозғалыс емес, көшбасшыны өлтіруге бағытталған операция деп атала бастады. Горбачевтен немесе Батыс банктерінің иелерінен көретіндер де жоқ емес.

Николае мен Елена Чаушескулерге тағылған айыптардың бірі – шет елдік банктерде тығылған қаржыларының болғандығы еді. Болжам бойынша Чаушескулер румын халқының ақшасын алып, шет елге қашуды көздеген. Қаржы көлемі 400 млн мен 1 млрд доллар шамасында екені айтылып келді. Бірақ, Румын парламентінің арнайы комиссиясының жетекшісі Сабин Кутас: «Осы шот туралы мәлімет білетін көптеген куәгерлердің, орталық банктің төрағасы мен басқа да банкирлерді және журналистерді тыңдағаннан кейін Николае Чаушескудің шет елдік банктерде банктік шоты жоқ деген қорытындыға келдік. Ол мемлекет қаржысын шетелге аударған емес», – деп мәлімдеді.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Николае Чаушеску диктатор болғысы келмеген болса керек. Ол билікке келе сала, либерализмді жақтады. Қарызды қайтару үшін скептиктер мен оппозицияның үнін уақытша өшіргісі келді. Сыртқы саясатта да, ішкі саясатта да қолдау таппаған соң, өзінің туыс-туғандарына, жақын достарына сеніп, оларды билікке топтастырды. Елдегі оппозициямен, Батыс елдерімен, КСРО-мен текетіресу үшін оған қандай да бір қолдау қажет болды. Дегенмен, Чаушеску өз қатесін өзі жөндеп кеткен саясаткер. Батыс елдерінен алған 22 млрд долларды қайтаруға атсалысты. Сөйтіп, румын халқын борышкерліктен құтқарды.

Фараби СӘЙКЕНОВ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here