Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің «Ақтұмар» тарихи-этнографиялық музейі 2002 жылдың қараша айында құрылды.
Музей қорында оқу орны ашылған уақыттан бастап сыр шертетін жәдігерлер мен сирек фотосуреттер бар. Атап айтқанда, Қыздар Университетінің қалыптасуы, дамуында еңбек сіңірген мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, ректорлардың еңбектері, білім ордасының даңқты түлектері туралы ақпарат берілген.
Сондай-ақ қор экспозициясында қазақ мемлекетінің қалыптасуындағы қазақ әйелінің рөлі – көне заманнан қазіргі заманға дейін тыныс-тіршілігі көрсетілген.
Музей «Аналар ұлағаты – елге аманат», «Университет тарихы», «Әйел әлемі» этно-коллекциясы», «Әйелдер шығармашылығы» және «Әйелдердің қоғамдағы рөлі» атты бөлімдерден тұрады.
Кешен «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес дәстүрлі, мәдени-рухани құндылықтар арқылы студент жастарға елінің тарихын, тілін және көп ұлтты Қазақстанның тарихын құрметтеу қасиеттерін қалыптастыру мақсатында қызмет атқарады.
Мәдени нысанда экскурсиялар, студенттер мен түлектердің шығармашылық жұмыстарының көрмесі, танымдық сабақтар, дөңгелек үстелдер тұрақты түрде өткізіліп тұрады.
2018 жылы «Ақтұмар» тарихи-этнографиялық музейі штаб-пәтері Италияның Мерано қаласында орналасқан Халықаралық Әйелдер музейі Ассоциациясына ресми түрде мүше болды.
Бұл ұлтымыздың ұлылығын ұлықтау мақсатында қолға алынып отырған игілікті іс. Сонымен қатар, қазақ халқының рухани құндылықтарын шетелде насихаттауға бағытталған нақты қадам деп санаймыз. Бүгінде аталған қауымдастық құрамында әлемнің беделді музейлері бар.
Баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімі