Гинцбург: «Біздің «Спутник V» вакцинасын шығаруға бес ай уақытымыз кетті»

0
11604

Коронавирусқа қарсы әлемдегі бірінші вакцина ретінде 2020 жылдың 11 тамызында Ресей Федерациясының Денсаулық сақтау министрлігінде тіркеліп, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының рұқсатын алған «Гам-КОВИД-Вак» («Спутник V») вакцинасын ойлап тапқан Н.Ф.Гамалея атындағы Ресей эпидемиология және микробиология ұлттық ғылыми орталығының директоры, микробиолог, академик Александр Гинцбург «РИА Новости» халықаралық ақпарат агенттігіне сұхбат беріп, ресейлік екпенің шығу тарихына тоқталыпты. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті 70 жастағы академиктің сол сұхбатын қазақ тіліне аударып, ықшамдалған нұсқасын оқырман назарына ұсынып отыр.

«БІЗДІҢ ИНСТИТУТТА 25 ЖАСТАН 95 ЖАСҚА ДЕЙІНГІ ҒАЛЫМДАРДЫҢ ТӨРТ ҰРПАҒЫ ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ»

– Александр Леонидович, былтыр жазда Ресей Федерациясы әлемде бірінші болып коронавирусқа қарсы вакцинаны тіркеді. Бұл кездейсоқтық па, сәттілік пе, әлде ұжым төккен маңдай тердің ақталғаны ма?

– Бірден айтайын, бұл ешқандай да кездейсоқтық емес. Сәттілікке қатысты айтарым, менің алдымдағы орталықтың басшысы Сергей Викторович айтқандай, сәттілікке де қадам жасау керек. Әрине, бұл – төгілген маңдай тердің, жұмсалған күш-қайраттың, төзім мен шыдамның өтеуі. Отандық (ресейлік, – ред.) микробиология, эпидемиология, вирусология және иммунология саласының бүкіл тарихы бізді осы сәттілікке дайындады.

Біз – үлкен мектептің өкілдеріміз. Өзінің бай дәстүрі бар бұл мектептің тарихы Нобель сыйлығының лауреаты Илья Ильич Мечниковтан басталады. Ол иммунология ғылымының негізін қалады. Вакцинаның қалай жұмыс істейтінін тапты. Сөйтіп, осы ғылымға өлшеусіз үлес қосты. Оның еңбегін әлем әлі күнге дейін бағалайды. Бұл қатардан біздің институттың негізін қалаушы Николай Федорович Гамалеяның да есімі ешқашан түспейді. Тіпті, бәрінің атын атап, түсін түстеу мүмкін емес. Біздің елімізде (Ресейді айтады, – ред.) және мен басқарып отырған институтта жұмыс істеген көптеген әлемге әйгілі иммунологтар бар. Біз қазір олардың мектебін абыроймен жалғастырып келеміз.

Мақтанып кетті демеңіз, бірақ бұл мақтанарлық жағдай, әлем мойындаған ақиқат осы. Мысалы, институтта 25 жастан 95 жасқа дейінгі ғалымдардың төрт ұрпағы жұмыс істейді. Ұрпақ сабақтастығы, ұрпақ жалғастығы дегеніміз осы болар. Ал, 95 жастағы ғалымдарымыз кейбір мекемелердегідей жәй мақтаныш үшін ғана бізде тіркелген жоқ, олар күнделікті жұмысқа келеді, білгендерімен бөліседі. Жас ғалымдарға ақыл айтады, жол нұсқайды, күрделі ғылымның қыр-сырын үйретеді. Айталық, жастардың медицина мен биология бағытында сұрағы болса, қасында жүрген 40-60 жылдық тәжірибесі бар білікті маманнан сұрағына жауапты сол сәтте алады. Жас ғалымдар үшін бұдан асқан бақыт болмаса керек. Сондықтан осындай алғышарттар коронавирусқа қарсы әлемдегі алғашқы вакцинаны жасап шығаруға бізге мүмкіндік берді.

Сонымен қатар, кез келген ғылыми жаңалық ашу үшін ғалымдарға алаңсыз жұмыс істеуге жағдай жасалу керек. Бұл тұста «Фарма-2020» («Фармацевтикалық және медициналық өнеркәсіпті дамыту» мемлекеттік бағдарламасы, – ред.) бағдарламасының бізге көмегі көп тиді. Федералдық деңгейде вакцина жасауға арналған материалдық база жаңартылды, қызметкерлердің жалақысы арттырылды. Бүгінде Н.Ф.Гамалея атындағы Ресей эпидемиология және микробиология ұлттық ғылыми орталығы – Ресейдегі және әлемдегі ең мықты ғалымдардың басы қосылған таңдаулы мекеме.

«ВАКЦИНА ЖАСАУҒА ҚАЛЫПТЫ ЖҰМЫС РЕТІНДЕ ҚАРАДЫҚ»

– «Спутник V» вакцинасын жасап шығарғандарыңызды қалай түсіндіңіздер? Бұл ақжолтай жаңалықты Сізге бірінші кім жеткізді?

– Бұл жерде бірнеше емес, бір адамның да атын атау мүмкін емес. Себебі, «Спутник V» вакцинасын ойлап тапқан нақты адам жоқ. Бұл вакцина 20-25 жыл бойы жасалған технология негізінде жасалды. Жалпы, бұл аденовирус негізіндегі векторлық платформа басқа мақсаттар үшін құрылған еді. 2014 жылы бізге Эболаға қарсы вакцина жасау міндеті қойылғанда, дәл осы платформаны қолдандық.

Денис Юрьевич Логунов және оның қызметкерлері бұл тек векторлық платформа ғана емес, иммунологиялық қабығында бір-бірінен ерекшеленетін екі вектор болу үшін барын салды. Эболаға қарсы вакцина жасаған кезде, ол технология алғаш рет қолданылды.

Бұл бағыттағы дамудың келесі кезеңі MERS вирусына қарсы вакцина жасауда болды. MERS те 40% жағдайда ажалға апаратын вирус. Былтыр осы пандемия басталған кезде біз MERS вакцинасын жасауды аяқтадық. Сондықтан РФ Денсаулық сақтау министрі Михаил Альбертович Мурашкодан COVID-19 вакцинасын жасау туралы мемлекеттік тапсырма алған кезде, біз көптеген жылдар бойы оны қалай жасауға болатындығы туралы оңтайлы идеяға қадам басқан жетістіктерді пайдаландық. Жұмыстың өзі бізді осыған итермеледі. Және бұған қалыпты жұмыс ретінде қарадық. Әдеттегідей не істеу керектігі жөніндегі сызба үстелде жатты. Қолда бар база, қолданыстағы технология  бұл мемлекеттік тапсырманы алған сәттен бастап тіркеуге дейінгі бес ай ішінде коронавирусқа қарсы вакцина жасауға мүмкіндік берді.

– «Спутник V» вакцинасы шыққанда төрткүл дүниеге түрлі аңыздар тарады. Солардың ішінде қайсысы Сізді еріксіз күлдірді?

– Шындыққа жанаспайтын әңгімелер көп болды ғой. Оның қайсыбірі есте қалды дейсіз. Дегенмен, біреуін еске түсіріп көрейін. Мысалы, «Гамалея институтының хакерлері «AstraZeneca» ағылшын-швед фармкомпаниясынан вакцина жасау жоспарын ұрлады» деген ақпарат естігенде езуімізге күлкі үйіріледі. Біраз уақыттан кейін «AstraZeneca» вакцинасының тиімділігі 65-70%-ды көрсеткенде, Кирилл Александрович Дмитриев (қазір «Спутник V» вакцинасын сатып жатқан Ресей Федерациясының Тікелей инвестициялар қорының бас директоры, – ред.) өзінің Twitter парақшасында «Егер біздің «AstraZeneca» вакцинасын «ұрлап алғанымыз» рас болса, онда біз «қарызымыздың өтеуі» ретінде ол вакцинаның тиімділігін арттыру үшін «Спутник V» вакцинасының екінші компонентін беруіміз керек» деп әзілдеп жазды. Өздеріңіз білесіз, әзілдің арты кейін шындыққа айналды. РФ Үкіметі мен «AstraZeneca» басшылығы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Дегенмен, Еуропалық Одақтың кедергілері ынтымақтаса жұмыс істеуге мүмкіндік бермей отыр.

– Сонда Еуропалық Одақтың өз аумағында «Спутник V» вакцинасын тіркеуді кешеуілдетуіне не себеп?

– Басты себеп – бәсекелестік. Ресейдің толыққанды коммерциялық дайын өнімін өз нарығына шығармау үшін олар біздің вакцинаны тіркемеуге әлі түрлі сылтау айтады. Басқа түк те емес.

«ВАКЦИНАНЫҢ ЕКІНШІ КОМПОНЕНТІН АЛҒАН ҮШ АПТАДАН КЕЙІН АДАМ КОРОНАВИРУСТЫ ЖҰҚТЫРМАЙДЫ»

Александр Леонидович, екпе алғаннан кейін коронавирус жұқтырса, не істеу керек?

– Алдымен мына мәселенің басын ашып алайық. Вакцинациядан кейін қандай жағдайда адам ауырып қалуы мүмкін? Бұл сұраққа менің жауабым дайын.

Егер алғашқы вакцинациядан кейін үш апта немесе екінші вакцинациядан кейін үш апта өтпесе, екпе алған адам коронавирус жұқтыруы мүмкін. Оны біз жоққа шығармаймыз. Өйткені, бұл уақытта антидене қалыптасып үлгермеуі ықтимал. Бірақ, тәжірибе көрсеткендей, ол адам коронавирустың жеңіл түрімен ауырады. Ал, екпе алған үшінші, төртінші, бесінші күні жұқтырса, қатты ауырып жатып қалуы ғажап емес. Сондықтан екпенің екінші компонентін де уақытылы алып, дәрігердің ескертпелерін естен шығармау керек.

Басы ашық нәрсе, екпенің екінші компонентін алған үш аптадан кейін ол адамның коронавирусты жұқтырып, оның орташа немесе қатты түрімен ауыруы мүмкін емес. Бар болғаны 8%-ға дейін жұқтыруы ықтимал. Бірақ, бұл адамның денсаулығына қауіп төндірмейді. Тек айналадағыларға жұқтырмаудың қамын ойлап, қауіпсіздік шараларын ұстануға тиіс.

– Айтыңызшы, бүгінгідей медицина, ғылым дамыған заманда әлемдік қауымдастық неге коронавирусқа дайын болмай шықты?

– Байқасаңыз, материалдық және қаржылық мүмкіндіктері мол әлем көптеген салаларға салғырт қарайды. Материалдық құндылыққа басымдық береді. Пандемияға ғана емес, әлемдік қауымдастық көп нәрсеге дайын емес. Коронавирус соның айқын дәлелі. Ал, біздің ғалымдар мұндай қауіп-қатерлерге дайын болып шықты. Сондықтан барлық ел ғылымға мемлекеттік деңгейде көңіл бөлуі керек.

«БҰЛ ПАНДЕМИЯНЫҢ БАСЫ ДА, СОҢЫ ДА ЕМЕС»

– Александр Леонидович, қандай жағдайда пандемия қайталануы мүмкін?

– Табиғаттың тылсым сырлары көп. Оның адамзатқа қашан «тосын сый» жасайтынын болжау мүмкін емес. Барлық әлем, соның ішінде біздің еліміз де (Ресейді айтады, – ред.) А тұмауы мен құс тұмауының пандемиясына дайындалып жатқанда, ойламаған жерден COVID-19 пандемиясына тап болдық. Жоғарыда аталған екі тұмау да өте қауіпті. Алдын алмаса ажалға апарады. Құс штаммдары да 90-100 пайызында ажалмен аяқталады. Ол құстан құсқа жылдам жұғатындай адамнан адамға да солай таралса, адамзатқа қауіп төндіреді. Сондықтан барлық ғалымдар пандемияға ұласатын тұмаудың осы түрлеріне басымдық бере жұмыс істеп келді. Бірақ, пандемияны құстар емес, қазір әлемді әбігерге салған COVID-19 тудырды.

Коронавирус құс тұмауына қарағанда жаппай ажалға алып келмеуі мүмкін, алайда оны бірден анықтау мүмкін емес. Өйткені, тұмаудың алғашқы белгілері екінші, үшінші күннен кейін пайда болса, адамның коронавирус жұқтырғаны екінші, үшінші, тіпті төртінші аптадан кейін ғана анықталып жатады. Бұл уақытта коронавируспен ауырған адам айналасындағыларға жұқтырып үлгереді. Міне, коронавирустың басқаларынан ерекшелігі де, қауіптілігі де осында.

Пандемияның бұл басы да, соңы да емес. Әлі олардың талайымен алысамыз. Сондықтан адамзат бұған дайын болуы керек. Сонда қайтпек керек?

Жоғарыда айтқанымдай, алдымен ғалымдардың алаңсыз жұмыс істеуіне барлық мемлекет көңіл бөліп, жағдайларын жасау қажет. Заманауи әмбебап технологияларға басымдық берілгені жөн. Бізде вакциналар, препараттар жасауға мүмкіндік беретін технологиялар бар. Соны қолданып жатырмыз.

– Жалпы қанша уақыттан кейін коронавирустың салдары адамда байқалуы мүмкін?

– Көріп отырғандарыңыздай, біз әлі 50 жыл бойы тұмаудың барлық салдарын түсінуге тырысып келеміз. Әр маусымда тұмаудың жаңа түрі шығады. Жаңа вирус – жаңа мәселе. Олардан түпкілікті құтылу мүмкін емес. Біз тұмаумен бірге өмір сүруді қалай үйренсек, коронавирус жағдайында да солай болады. Адамды әлі ұзақ сынайды. Әрине, бұл вирустар өте қауіпті, өйткені олар өте өзгергіш келеді. Вирус неғұрлым өзгергіш болса, соғұрлым қауіпті болады. Демек, бәріне дайын болу керек.

– Александр Леонидович, ашық әңгімеңізге алғыс айтамыз!

 Сұхбаттасқан Людмила БЕЛОНОЖКО,

«РИА Новости» халықаралық ақпарат агенттігінің тілшісі

Орыс тілінен аударған Жасұлан МӘУЛЕНҰЛЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here