«Қайрат» ШҚ – Ұлан ауданы Каменка ауылындағы аймақтық агроөнеркәсіптің ең үздік шаруашылықтарының бірі. Кәсіпорынның экономикалық көрсеткіштері де жоғары. Ал, Асвад Усмаев сынды жер емген фермерлер некенсаяқ. Тасада жүрсе де таудай тірлік атқаратын қарапайым жұмысшылар жерді арамшөптерден тазалап, мал басының көбеюіне атсалысып, баршамызды азық-түлікпен қаматамасыз етіп келеді. Аталған шаруа қожалық 2000 жылы құрылған. Асвад Усмаевтың негізгі мамандығы математика пәнінің мұғалімі. Шығыс Қазақстанға ол еліміз тәуелсіздігін алған тұста Шешен Республикасынан қоныс аударған. Міне, ширек ғасырға жуық уақыт бойы ол Шығыс Қазақстан жерінде егіншілікпен айналысады әрі осы мекенді туған жері деп санайды. Осы уақыт аралығында шаруашылық даму жолынан өтіп, бүгінде айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізуде.
ТИІМДІ ТӘСІЛ
«Қайрат» шаруа қожалығы қызметінің негізгі бағыты – мал шаруашылығы және егін шаруашылығы.
– Өсімдік шаруашылығы мал шаруашылығынсыз болмайды, – дейді ШҚ басшысы. – Топырақтың құнарлығы органикалық заттарға негізделген. Ия, біз әртүрлі тыңайтқыштарды қолданамыз, бірақ мұның барлығы химия, одан біртіндеп кететін уақыт келді. Кем дегенде бес жылда бір рет әр гектарға 50 тонна органикалық зат алу керек. Ауыспалы егісте көпжылдық шөптердің кемінде 20 пайызы болуы керек. Біз жерді осылай сақтаймыз – біздің балаларымыз бұл үшін рахмет айтады. Сондықтан сүт фермасы – бұл өсімдік шаруашылығының жалғасы.
Мал шаруашылығы – бұл ауыл шаруашылығының ерекше саласы, оған үнемі көңіл бөлу керек, өйткені бұл сала жұмыста үзіліс дегенді білмейді. Өсімдік шаруашылығында: егіледі, өсіріледі, жиналады. Қалған уақытта «демалуға» болады. Ал, мал шаруашылығында мұндай «бос» уақыт болмайды. Өйткені, бұл салада қысы-жазы ауыр жұмыс.
«Қайрат» ШҚ мал шаруашылығына тиімді тәсілді қолданып келеді. Алты жылдан бері осы жерде бұл сала қарқынды дамуда, жануарлардың өнімділігі артып, сүт сауу бойынша шаруашылық Ұлан ауданында ғана емес, облыста да көш бастап тұр. Шаруашылықта барлығы 1200-ден астам ірі қара мал бар, оның ішінде аналық мал басы – 800, сауын сиыр – 420 бас. Негізінен бұл симментал тұқымды сиырлар.
–Бұл ірі қара өзінің ерекше қасиеттері мен артықшылықтарымен өте танымал. Иә, бұл асыл тұқымдылар қара-тарғыл сиырларға қарағанда аз сүт береді, бірақ олар күй талғамайды әрі жергілікті климатқа жақсы бейімделген, – дейді Асвад Рамзанович.
Қыста жануарлар қорада, жазда – жайылымда болады. Фермадағы табынды басқару толығымен автоматтандырылған. Сондай-ақ, 24 сиырды бір уақытта саууға мүмкіндік беретін желілік сүт құбыры бар «ДеЛаваль» жүйесі орнатылған. Оның қиды да тазалайтын құрылғысы бар.
Жануарлардың жем-шөбіне де баса назар аударылады. Жемнің құрамына қажетті микроэлементтердің бәрі бар, сондықтан да сіңімділігі жақсы. Табынның сүті де құнарлы. Бір сиыр жылына бес мың литрден астам жоғары сұрыпты сүт береді. Күн сайын «Восток-Молоко» ЖШС шаруашылықтан сегіз тоннадан астам шикізат қабылдайды. Кәсіпорын басшысы бұл көрсеткішке тоқмейілсініп тұрған жоқ. Алдағы уақытта мұнда жыл сайынғы сүт өнімділігін әр сиырдан жеті мың литрге дейін ұлғайту көзделуде. Есесіне, жем-шөп базасының қуаты да артпақ.
ӨРКЕНДЕГЕН ӨНДІРІС
Асвад Усмаев қарқынды өсіру технологияларын қолдануды егіншіліктің сәтті құпиясы деп санайды. Жергілікті өлшем бойынша «Қайрат» ШҚ ауылшаруашылық жерлері өте көп – тоғыз мың гектардан асады. Негізгі мөлшерлеме жем-шөп дақылдарын: арпа, жүгері, судан және көпжылдық шөптерді, сондай-ақ асыл дақылдар – бидай мен күнбағысты өсіруге арналған.
10 тамыздан бастап шаруашылық алқаптарында егін ору науқаны басталады. 1,5 мың гектардан астам жерді алып жатқан бидай жиналып, өңделіп, сатылады. Егіннің бітік шығуы ауа-райына байланысты. Өйткені, егіншілік шаруашылығында әр сәт маңызды. Бәрі өз уақытында кезең-кезеңімен жүзеге асуы тиіс. Табиғаттың тосынсыйына Каменка ауылының еңбеккерлері сақадай-сай тұрады. Олар үнемі тығырықтан жол табады.
Жер байлығын дұрыс игеру, ауыспалы егісті, егіс мерзімдерін және ауылшаруашылық дақылдарын күтіп-баптау мерзімдерін қатаң сақтау шаруашылыққа астық дақылдардан жақсы өнім алуға мүмкіндік береді. Өткен жылы жазда алты мың тонна сүрлем, екі мың тонна пішендеме, мың тонна шөп жиналып, малдың қыстық жем-шөбі толық қамтамасыз етілген.
Шаруашылық басшысы барлық технологиялық талаптарды сақтау кез келген ауа-райында егістіктің аз зардап шегетіндігінің кепілі екеніне сенімді. Бүгінде шаруа қожалығы толық сақтандырылған. Бұл аграрлық өндірістің өркендеуінің тиімді тәсілі.
БАСШЫ БОЛУ ОҢАЙ МА?
Мүмкін, басқа салаларда кәсіпорынның басшысы болу мәртебе шығар, ал ауыл шаруашылығында бұл нағыз сынақ. Асвад Усмаевтың қандай ой мен есептермен ұйықтап, қандай күйде оянатынын елестету қиын. Себебі, оның артында 50-ден астам адам тұр, ар жағын айтпаса да белгілі.
Ол ауылшаруашылық кәсіпорнының басшысы ғана емес, әрі агроном, әрі агрохимик һәм маркетолог. Ол ауыспалы егісті қалай ұйымдастыруды, қандай тұқымдарды таңдауды, өсімдіктерді қалай қоректендіруді, өнімді қай кезеңде және қайда сатуға болатындығын өзі шешеді.
Қожалық иесі агрономиялық жетістіктері туралы жасырмай айтты. Диқандар арсеналында тұқымдарды өңдейтін микроэлементтер мен химиялық дәрілейтін тұтас коктейль бар. Бұл түрлі аурудың алдын алады. Сондай-ақ, тұқымды себу кезінде әр гектарға 150 кг-ға дейін аммофос селитрасы қосылады. Көшеттерге фунгицидтік өңдеу міндетті түрде жүргізіледі. Арамшөптерді жою үшін барлық өрістер гербицидтермен өңделеді.
Мемлекет тарапынан қорғау құралдарын, минералдық тыңайтқыштарды, тұқымдарды, өндірілген сүтті сатып алуға, сондай-ақ ЖЖМ шаруашылық шығындардың бір бөлігін өтеуге субсидиялар алады.
– Субсидиялар берудің отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге көмегі зор, – дейді Асвад Усмаев, – бұл кәсіпорынның одан әрі даму перспективаларына қосымша қаражат салуға және, ең бастысы, жердің құнарлығын сақтап қалуға мүмкіндік береді. Жалпы, қазір ауыл шаруашылығының айы оңынан туып тұр. Несие беру шарттары қолайлы, Үкімет те ауылға ерекше көңіл бөлуде.
Заман ағымына ілесу үшін «Қайрат» ШҚ техникалық паркі жыл сайын жаңартылып отырады. 2019 жылы «Акрос» астық жинау комбайнын, өткен жылы «Дон» жем-шөп жинау техникасын және егіншіліктің өзге де агрегаттарын лизингке алған.
АРПА, БИДАЙ АС ЕКЕН…
Егінді жинап қана қоймай, оны мұқият сақтау керек. Негізі шаруашылықта қыркүйек айының соңына дейін түрік өндірісінің астық кептіру кешені орнатылуы тиіс.
Асвад Усмаев әрбір астық өндіруші шаруашылықта астық кептіргіштің болуы сән емес, өндірістік қажеттілік деп санайды. Стационарлық кешендерді сатып алуға ірі агрохолдингтердің қалтасы көтереді. Ал, шағын шаруашылықтардың шамасы жетпегендіктен, бұрынғысынша элеваторлар мен астық қабылдау пункттеріне жіпсіз байланған.
– Астық кептіргішсіз шаруашылықтың күні жоқ, әсіресе егін жинау кезінде жаңбыр жауса қиын, – дейді ШҚ басшысы. – Бүгінде элеватор қызметтеріне жұмсалатын шығындар кәсіпорын бюджетіне салмақ салады. Кептіргіштен өтетін астық өзіндік құнға лайықты соманы қосады. Мысалы, элеваторда бидайды немесе күнбағысты кептіру үшін тоннасына жеті мың теңге төлеу керек. Ал өзіңнің жекеменшік астық кептіргішің болса, астықтың сапасын үнемдеуге әрі сақтауға мүмкіндік береді. Біз бәрін есептеп көрдік, элеваторға қарағанда едәуір арзан екен. Жанармай шығындарын, жұмысшылардың жалақысын қосып есептегеннің өзінде, тоннасына бір жарым мыңнан үш мың теңгені құрайды. Бұл элеваторлардың қызметтерін пайдаланудан екі есе тиімді.
ҚОЗҒАУШЫ КҮШ – АДАМДАР
Шаруашылықтың қазіргі жетістігі, ең алдымен, ауыл тұрғындарының кәсібилігі мен еңбекқорлығымен тығыз байланысты.
– Сандар, фактілер, көрсеткіштер артында адамдар тұратынын әрқашан есте ұстау керек, – дейді шаруашылық басшысы. – Техника қаншалықты заманауи әрі жақсы болса да, мамандардың сауатты жұмысы, механизаторлар мен жүргізушілердің, сауыншылар мен малшылардың қажырлы еңбегі ғана пайдаға кенелтеді.
«Қайрат» ШҚ барлық қызметкерлеріне қамқорлық көрсетіп, еңбекақыны жақсы төлейді. Бұл ауылдық жер үшін өте жоғары жалақы, ал фермаға жұмысқа орналасу бір мәртебе. Бұл жердің айлығы жоғары болғандықтан, көп адамдар өздерінің тыныш әрі жайлы жұмыстарын тастап, мұндағы ауыр жұмысқа келіседі.
Шаруалар бар күшін салып жұмыс істейді. Олар жалақының жақсы болғаны өндіріске ғана емес, отбасы үшін де пайдалы екенін жақсы түсінеді. Егіншілік кешені – бұл әркім өз ісін білетін, бәрі кезең-кезеңмен жүзеге асырылатын нақты реттелген жүйе. Комбайншылар, механизаторлар, жүргізушілер, механиктер, бригадирлер көп еңбек етеді. Агроқұрылымда жұмыс істейтін жастар көп. «Қайрат» ШҚ тек қала құраушы ғана емес, әлеуметтік бағыттағы кәсіпорын. Қыста жолдарды тазалайды, жазда абаттандырумен айналысады, бұқаралық іс-шараларды өткізуге көмектеседі, ірі әлеуметтік жобаларды іске асырады. Өткен жылы көп балалы отбасына үй әперген. Ауыл шаруашылығында қол жеткізген жетістіктері мен аудан өміріне қосқан үлесі үшін Асвад Усмаев Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай ҚР Президентінің грамотасымен марапатталған.
ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН
Ауыл көркейсе, ел өркендейтіні анық. Ал, ауылдың дамуы үшін ірі кәсіпорындар да, шағын шаруашылықтар да тынбай тіршілік етулері тиіс.
Жансая ШЫҢҒЫСХАН, «Qazaq» газетінің шолушысы