ҚазҰУ магистранты жылдың үздік түлегі атанды

0
1508

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Шығыстану факультетінің 2-курс магистранты Алина Андирова «Bilim-orkenieti» ұлттық инновациялық ғылыми зерттеу орталығының ұйымдастыруымен өткен республикалық конференцияда «Қоғам белсендісі» дәрежесін иеленіп, «Жылдың үздік түлегі» атанды.  

«Тәуелсіздік – алтын тұғырымыз» тақырыбында өткен ауқымды шарада «Жылдың үздік түлегі – 2021» және «Қазақстанның 100 үздік студенті» байқаулары өткізіліп, жеңімпаздар марапатталды. Мұндағы мақсат – оқу озаты, ғылым, өнер, спорт салаларында жетістіктерімен көзге түскен, қоғамдық шараларға белсене қатысқан студенттерді қолдау. Байқауға Қазақстан мен ТМД елдерінен білім беру ұйымдарының Phd докторанттары, магистранттары, оқытушылары мен жас мамандары, жалпы саны 2000 адам қатысты.

Сонымен қатар конференцияда «ТМД-ның үздік түлегі» атты кітаптың таныстырылымы өтті. Оған ТМД бойынша үздік студенттер мен жас ғалымдардың есімдері енген. Кітапқа енді үздіктер қатарынан көрінген ҚазҰУ магистранты Андирова Алина Ережепбайқызының да өмірбаяны жазылатын болады.

Сондай-ақ Түрксой кафедрасының түлегі Алина ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаевтың Алғыс хатына ие болды. Марапат оқу орнының қоғамдық өміріне белсенді атсалысқан 180 студентіне берілді.

Алина Андирова – француз тілінен республикалық және халықаралық олимпиадалардың жеңімпазы; «Әл-Фараби» олимпиадасының күміс жүлдегері; «Фараби әлемі» ғылыми конференциясының қола жүлдегері; «Мисс ҚазҰУ – 2017» жартылай финалисі; «ЕМА – 2015», «SKI JUMPING – 2016», «KITF – 2016» жобаларында волонтер-атташе; «EXPO – 2017» халықаралық көрмесінде супервайзер; «ҚазҰУ 500 үздік студенттер» ішінде алғашқы ондықта; Түрксой шәкіртақысы иегері; «Erasmus+» грант иегері. Ол Түркияның Анадолы және  Қожатепе университеттерінде білім алды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here