Адам өмірі – ақ халатты абзал жанның ғана емес, тұтас медициналық жүйенің жауапкершілігі. Бір науқастың дер кезінде ем алуы, бір сәбидің аман дүниеге келуі, шалғай ауыл тұрғынының сапалы медициналық көмекке қол жеткізуі – денсаулық сақтау саласының шынайы нәтижесін көрсететін өлшемдер. Сондықтан, медицинадағы әрбір реформа, әрбір жаңа нысан мен ғылыми жаңалықтың түпкі мақсаты адам өмірінің сапасын жақсартуға бағытталуы тиіс. Мемлекет басшысының Жолдауында белгіленген міндеттер отандық медицинаның алдына жаңа талаптар қойып отыр. Бұл ретте медициналық инфрақұрылымды жаңғыртумен қатар, білікті маман даярлау, ғылым мен тәжірибені ұштастыру, ауыл медицинасының әлеуетін арттыру да айрықша маңызға ие. Осы орайда С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің басқарма төрағасы – ректоры Марат Шорановпен сұхбаттасып, денсаулық сақтау саласының бүгінгі бағыт-бағдары мен медициналық білім берудің келешегі туралы әңгімелестік.

Университеттің басты міндеті – бәсекеге қабілетті маман даярлау
– Марат Едігеұлы, Президент бастамалары отандық академиялық ғылымға қандай міндеттер жүктейді? Жаңа медициналық орталықтарды білікті кадрлармен қамтамасыз етуге медициналық жоғары оқу орындары қаншалықты дайын?
– Медицинада кез келген сандық көрсеткіштің артында адам тағдыры тұрады. Сондықтан, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында медицина қауымдастығы үшін денсаулық сақтау саласын дамытуға бағытталған бастамалардың орны ерекше. Бұл – медициналық көмектің сапасын түбегейлі жақсартуға, оның қолжетімділігін арттырып, әрбір қазақстандық отбасының қажеттілігіне жақындатуға берілген мүмкіндік. Елімізде 70-ке жуық денсаулық сақтау нысанын салу жоспарланып отыр. Олардың қатарында сегіз перинаталдық орталық, жаңа балалар ауруханалары, жедел жәрдем станциялары мен оңалту мекемелері бар. Қазақстан аумағының кеңдігін ескерсек, бұл – стратегиялық маңызы бар шешім. Дәрігерлер уақыттың қаншалықты маңызды екенін жақсы біледі. Көптеген ауруды емдеудің нәтижесі науқастың маманға қаншалықты жылдам жеткізілгеніне, нақты диагноз қойылып, қажетті көмектің дер кезінде көрсетілуіне байланысты. Мұндай жағдайда үлкен қала мен шалғай ауылдың арасындағы айырмашылықты шақырыммен емес, адам өмірімен өлшеуге тура келеді.
Өңірлердегі медициналық инфрақұрылымды дамыту осы алшақтықты біртіндеп азайтуға мүмкіндік береді. Біздің басты мақсатымыз – адамның қай жерде тұратынына қарамастан, сапалы медициналық көмектің баршаға бірдей қолжетімді болуына жағдай жасау. Мемлекет басшысы айқындаған жоспарлар осы межеге жетуге нақты мүмкіндік береді. Біздің кәсіби қауымдастық үшін ана мен бала денсаулығын қорғау мәселесінің де маңызы айрықша. Бүгінде елімізде жеті миллионға жуық бала бар, жыл сайын 330 мыңнан астам сәби дүниеге келеді. Сондықтан, ана мен балаға көрсетілетін медициналық көмектің сапасы мен тиімді ұйымдастырылуы болашақ ұрпақтың денсаулығына тікелей әсер етеді. Жаңа перинаталдық орталықтар мен балалар ауруханалары ауруларды ерте диагностикалау, күрделі дерттерді емдеу, шала туған сәбилерді күтіп-баптау және медициналық оңалту мүмкіндіктерін кеңейтеді. Бұл – бүгінде кейбір отбасыларды мамандандырылған медициналық көмек алу үшін шетелдік клиникаларға жүгінуге мәжбүр ететін мәселелерді шешуге де ықпал ететін маңызды қадам.
– 2026-2027 оқу жылында 2,4 мың студент қабылдапсыздар. Сол студенттердің бәрін жатақханамен қамти алдыңыздар ма? Осы жөнінде айта кетсеңіз.
– Біз үшін студентті университетке қабылдау оның сапалы білім алуына ғана емес, алаңсыз өмір сүруіне де жағдай жасау деген сөз. Сондықтан, жатақхана мәселесі оқу жылы басталған университеттің әлеуметтік жауапкершілігінің маңызды бағыттарының бірі. 2026-2027 оқу жылында бакалавриатқа 2 405 студент қабылдадық. Биыл жатақханаға өтініш берген бірінші курс студенттерінің барлығын баспанамен қамтамасыз еттік. Яғни, бізге түскен сұраныстың бірде-бірі назардан тыс қалған жоқ.
Бұл нәтижеге жету үшін соңғы жылдары жатақхана қорын ұлғайтуға басымдық беріп келеміз. Мәселен, 2024 жылы мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында 420 орындық жаңа жатақхана пайдалануға берілді. Бұл студенттеріміз үшін олардың тұрмыс жағдайын жақсартуға бағытталған нақты қадам. Қазіргі таңда университеттің жатақхана қоры тоғыз ғимараттан тұрады. Жалпы сыйымдылығы – 3 452 орын. Оның сегізі университеттің меншігінде болса, біреуі жалға алынған. Алдағы уақытта да студенттердің тұру жағдайын жақсарту, қолда бар мүмкіндіктерді тиімді пайдалану және инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жұмыстар жалғасын табады.
Жатақханадан орын бөлу үдерісінің ашықтығына да ерекше мән береміз. Бұл жұмыс Platonus ақпараттық жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Өтініштерді қарау барысында әлеуметтік жағдайы ескеріледі. Атап айтқанда, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жастарға, мүгедектігі бар студенттерге, көпбалалы отбасылардан шыққан және әлеуметтік қолдауды қажет ететін білім алушыларға басымдық беріледі. Әсіресе, шалғай өңірлерден Алматыға арман қуып келген жастар үшін баспана мәселесінің шешілуі аса маңызды. Біз әр студенттің университет табалдырығын алаңсыз аттап, бар күш-жігерін білімге арнауына мүмкіндік жасауды басты міндетіміз деп санаймыз.


Халықаралық ынтымақтастық – білім сапасы мен рейтингтің берік негізі
– Университеттің шетелдің жетекші білім ордаларымен байланысы қандай? Қарым-қатынастар оңтайлы жолға қойылған ба? Жалпы халықаралық ынтымақтастықтың бүгінгі бағыты қандай?
– Шетелдік жетекші білім ордаларымен ынтымақтастығымыз жүйелі жолға қойылған. Бүгінде бұл байланыс білім беру бағдарламаларын бірлесіп әзірлеу, ғылыми зерттеулер жүргізу, оқытушылар мен студенттердің тәжірибе алмасуы бағыттарында дамып келеді. Әсіресе, медицина саласында әлемдік тәжірибені игеріп, оны отандық білім мен ғылымның қажеттілігіне бейімдеу аса маңызды. Мәселен, Польшаның Люблин медицина университетімен көп жылдан бері әріптестік орнатып келеміз. Осы ынтымақтастық аясында польшалық ғалымдардың жетекшілігімен оннан астам PhD маманы даярланды. Оқытушыларымыз бен зерттеушілеріміз Erasmus+ бағдарламасы арқылы тәжірибе алмасып, дәрілік өсімдіктерді, олардың құрамындағы белсенді заттарды және жаңа дәрілік өнімдер әзірлеу мүмкіндіктерін бірлесіп зерттеуде.
Білім беру бағытында да нақты нәтижелер бар. Қазіргі уақытта университетте үш бірлескен және төрт қос дипломды бағдарлама жүзеге асырылады. Соның ішінде АҚШ-тың Ауруларды бақылау және алдын алу орталықтарының Орталық Азиядағы өкілдігімен қолданбалы эпидемиология бағдарламасы, ал польшалық әріптестермен фармацевтикалық косметология бағдарламасы іске асырылуда. Мұндай бастамалар халықаралық тәжірибені меңгерумен қатар, еліміздің денсаулық сақтау жүйесіне қажетті білікті мамандар даярлауға мүмкіндік береді. Университетіміздің халықаралық ортасы да кеңейіп келеді. Оқу жылының басындағы мәлімет бойынша, мұнда әлемнің 38 елінен келген 1 919 студент білім алуда. Бұл – шетелдік жастардың біздің білім беру жүйесіне деген сенімінің көрінісі әрі университетке жүктелген жауапкершілік.
Біздің мақсатымыз – халықаралық байланыстардың санын арттыру ғана емес, оның нақты нәтижесін көрсету. Шетелде тәжірибе жинаған оқытушы оны білім беру үдерісіне енгізсе, жас ғалымның бірлескен зерттеуі ғылымның дамуына ықпал етсе, мұның бәрі университеттің ортақ жетістігіне айналады. Ең бастысы, әлемдік тәжірибе білім сапасына, ғылыми әлеуетімізге және болашақта пациентке көрсетілетін медициналық көмектің деңгейіне оң әсер етуі тиіс. Халықаралық ынтымақтастықтың негізгі мәні де осында.
– Рейтинг – бәсекеге қабілеттіліктің көрсеткіші. Университеттердің түрлі рейтингтегі позициясы оның білім кеңістігіндегі орнын айшықтаса керек. Соңғы жылдар белесінде университеттің бұл тұрғыдағы көрсеткіштеріне тоқталып өтсеңіз.
– Университетіміз үшін биылғы жылдың маңызды жаңалықтарының бірі алғаш рет Times Higher Education World University Rankings 2027 халықаралық рейтингіне еніп, 1201-1400 орындар аралығынан көрінуі. Сонымен қатар, рейтингке енген Қазақстанның он жоғары оқу орны арасында екінші орынға ие болдық. Бұл – бүкіл ұжымның ортақ еңбегіне берілген баға деп білемін. Бұдан бөлек, биыл университетіміз Times Higher Education World University Rankings by Subject пәндік рейтингісіне де қатысып отыр. Бұл бағалау медициналық білім мен ғылым саласындағы халықаралық орнымызды айқындауға мүмкіндік береді. Қорытындысын жыл соңында немесе 2027 жылдың басында күтеміз.
Басқа халықаралық рейтингтердегі көрсеткіштеріміз де бар. QS World University Rankings 2026 рейтингінде 1001-1200 орындар аралығындамыз. QS Asia 2026 қорытындысы бойынша Азияда 371-орынды бөлісіп, Орталық Азияда 24-орынға жайғастық. Ал, QS Stars бағалау жүйесінде университетіміз бес жұлдызға ие болды. Ұлттық деңгейдегі нәтижелеріміз де көңіл қуантады. «Атамекен» Қазақстан Республикасы университеттерінің білім беру бағдарламалары рейтингінде 2026 жылы «Жалпы медицина», «Мейірбике ісі» және «Фармацевтикалық өндіріс технологиясы» бағдарламалары бірінші орын алды. Түлектеріміздің жұмысқа орналасу көрсеткіші 99,3 пайызды құрайды. Әрине, мұндай жетістіктердің артында үлкен еңбек жатыр. ҚазҰМУ – елімізде дәрігер даярлау мен медициналық ғылымның қалыптасуына үлес қосқан білім ордасы. Бүгінгі нәтижелер бірнеше буын ұстаздың еңбегі мен қалыптасқан дәстүрдің жалғасы.
Рейтингтегі орындар біз үшін маңызды болғанымен, басты мақсатымыз тек жоғары көрсеткішке қол жеткізу емес. Ең әуелі студенттерге сапалы білім беріп, ғылыми зерттеулердің деңгейін көтеріп, білікті мамандар даярлауымыз қажет. Өйткені, университеттің абыройы оның түлегінің білімімен, кәсіби біліктілігімен және қоғамға қосқан үлесімен өлшенеді. Бұл жетістіктер ұжымға үлкен серпін береді. Сонымен бірге алдағы міндеттерімізді де айқындай түседі. Біз бүгінгі нәтижені жаңа белеске бастайтын мүмкіндік деп қабылдап, университеттің білім мен ғылымдағы әлеуетін одан әрі арттыруға күш саламыз.
– Бүгінде денсаулық сақтау жүйесінің тұрақтылығы білікті маманға тікелей байланысты. Қазіргі медициналық білім берудің басты мәселесі не деп ойлайсыз? Бүгінгі студентті диплом алған маман емес, күрделі шешім қабылдай алатын білікті дәрігер етіп қалыптастыру үшін қандай өзгерістер қажет?
– Медициналық білім берудегі ең басты мәселе – диплом алған маманның теориялық білімін тәжірибеде қаншалықты дұрыс қолдана алатыны. Өйткені, дәрігердің кәсіби деңгейі жаттаған мәліметімен емес, науқастың жағдайын дұрыс бағалап, уақытылы әрі негізді шешім қабылдай білуімен өлшенеді. Сондықтан, біздің міндетіміз – клиникалық ойлауы қалыптасқан, өз шешіміне жауап бере алатын дәрігер даярлау.
Науқастың жағдайы оқулықтағы сипаттамаға үнемі сәйкес келе бермейді. Кейде бірнеше ауру қатар жүреді, кейбір белгілер бірден байқалмайды, ал шешім қабылдауға уақыт шектеулі болады. Мұндай сәтте дәрігер барлық мәліметті саралап, ықтимал қауіптерді бағалап, дұрыс қорытынды жасай білуі керек. Клиникалық ойлау дегеніміз – осы. Оны қалыптастыру үшін практикалық дайындықты алғашқы курстардан бастаған жөн. Осы мақсатта университетімізде студенттердің тәжірибелік дағдыларын жетілдіруге ерекше мән береміз. Симуляциялық орталықта олар түрлі медициналық жағдайларды модельдеп, клиникалық әрекеттерді бірнеше рет қайталап үйренеді. Ең маңыздысы – студент өз қателігін көріп, оның себебін түсініп, әрекетін түзетуге мүмкіндік алады. Білімді бағалау да нақты дағдыға негізделуі тиіс. Осы ретте объективті құрылымдалған клиникалық емтихан арқылы студенттің теориялық дайындығымен қатар, медициналық әрекеттерді орындау қабілетін тексереміз. Қажетті практикалық дағдыларды меңгермеген білім алушы қосымша дайындықтан өтеді. Себебі, пациенттің денсаулығына қатысты жауапкершілікке немқұрайды қарауға болмайды.
Келесі маңызды кезең – клиникалық тәжірибе. Қазіргі уақытта студенттеріміз 183 клиникалық базада білімін тәжірибемен ұштастырады. Олардың қатарында «Ақсай» университеттік клиникасы, Ішкі аурулар орталығы және Профессорлық клиника – Алғашқы медициналық-санитарлық көмек және диагностика орталығы бар. Мұнда болашақ дәрігерлер аурудың барысын бақылап, диагноз қою, ем таңдау және оның нәтижесін бағалау үдерістерімен танысады. Әрине, бұл жерде тәжірибелі дәрігерлердің тәлімгерлік қызметі айрықша маңызды. Студент ұстазының әрбір шешімінің себебін түсініп, өз ойын дәлелдеуге, кәсіби пікір айтуға үйренуі керек. Сондықтан, клиникалық оқытудың сапасы тек тәжірибе базаларына емес, сол жерде білім беретін мамандардың біліктілігі мен тәлімгерлік шеберлігіне де байланысты. Дәрігер даярлауда кәсіби біліммен қатар, адаммен қарым-қатынас мәдениетіне де мән беру қажет. Науқасты мұқият тыңдау, жағдайын түсінікті тілмен жеткізу, емдеу жолдарын бірге талқылау – дәрігерге деген сенімнің негізі. Медицинада сенім мен жанашырлықтың орны әрдайым бөлек. Сонымен бірге болашақ маман ғылыми ақпаратты саралап, жаңа зерттеулердің нәтижесін дұрыс бағалай білуі тиіс. Себебі, медицина үнемі дамып келеді. Университет қабырғасынан шыққаннан кейін де дәрігер өз білімін үздіксіз толықтырып, кәсіби ізденісін тоқтатпауы керек. Түптеп келгенде, біз студентке дайын білімді ғана беріп қоймай, оны ойлануға, талдауға, шешім қабылдауға және сол шешіміне жауап беруге үйретуіміз қажет. Өйткені, медицинаның ортасында технология да, ғылыми жаңалық та болғанымен, ең басты орында адам өмірі мен денсаулығы тұрады. Біз даярлаған әрбір түлек осы жауапкершілікті терең сезінетін маман болуы керек.


Жасанды интеллект дәуіріндегі дәрігердің басты құндылығы – кәсіби жауапкершілігі
– Жасанды интеллект медицинаға дендеп еніп келеді. Сіздіңше, жасанды интеллект дәрігердің жұмысын қаншалықты өзгертеді? Ең бастысы, технология мен дәрігердің кәсіби жауапкершілігінің арасындағы шекара қалай сақталуы керек?
– Жасанды интеллект медицинаның даму бағытын өзгертіп қана қоймай, дәрігердің күнделікті жұмыс тәсіліне де елеулі ықпал етеді. Бүгінде зертханалық нәтижелерді, медициналық кескіндерді, науқастың ауру тарихын және ғылыми деректерді талдауға мүмкіндік беретін цифрлық құралдар көбейіп келеді. Мұның бәрі дәрігердің уақытын үнемдеп, ақпаратты жылдам саралауына көмектеседі. Меніңше, осы технологиялардың ең үлкен пайдасы – дәрігердің қағазбен және деректермен өткізетін уақытын қысқартып, пациентпен тікелей жұмыс істеуіне көбірек мүмкіндік беруінде.
Дегенмен, бір мәселені нақты түсінуіміз керек: жасанды интеллект дәрігердің көмекшісі болғанымен, оның орнына шешім қабылдай алмайды. Алгоритм ұсынған қорытындыны науқастың жеке жағдайымен салыстыру, қосымша ауруларын, бұрынғы емге реакциясын, денсаулық ерекшеліктерін ескеру – маманның міндеті. «Жасанды интеллект осылай ұсынды» деген уәж кәсіби жауапкершіліктен босатпайды. Сондықтан, дәрігер өзі қолданатын жүйенің мүмкіндігін де, шектеуін де білуі тиіс. Сонымен бірге медициналық мәліметтердің құпиялығы мен қауіпсіздігі қатаң сақталуы қажет. Біз университетте осы ұстанымды білім беру мен ғылыми-зерттеу жұмыстарына енгізіп келеміз.
Мемлекет басшысының АҚШ-қа сапары барысында қол қойылған ынтымақтастық туралы меморандум негізінде Қазақстанның білім беру жүйесіне ChatGPT Edu платформасын енгізуге мүмкіндік туды. Үкімет бастамасы аясында Ғылым және жоғары білім министрлігі арқылы университетімізге осы платформаны пайдалануға арналған 1 700 лицензия бөлінді. Қазіргі уақытта қызметкерлеріміздің басым бөлігі жүйеге қосылып, оның мүмкіндіктерін оқу үдерісі мен ғылыми жұмыстарда қолдануда. Мәселен, оқытушылар дәріс материалдарын, тест тапсырмаларын, презентациялар мен клиникалық жағдаяттарды әзірлеуде, студенттер күрделі тақырыптарды кезең-кезеңімен меңгеріп, білімін өздігінен тексеруде пайдалана алады. Ал, зерттеушілер ғылыми әдебиеттерді жүйелеуге, құжаттар мен кестелерді талдауға, зерттеу нәтижелерін көрнекі түрде ұсынуға мүмкіндік алады. Осы бағыттағы жұмыстарды жеке құралдарды пайдаланумен шектемей, университеттің тұтас ғылыми инфрақұрылымымен байланыстырып отырмыз. Соның бір көрінісі – зерттеу платформаларын, ғылыми порталды, мақала мен диссертация әзірлеу құралдарын, биоэтикалық сараптама үдерісін және университет журналдарын біріктіретін SCIENCES.KZ цифрлық ғылыми экожүйесі. Оның құрамындағы KazNMU Research Intelligence ғылыми нәтижелерді, жобаларды, зерттеу топтары мен қаржыландыру туралы мәліметтерді өзара байланыстыра талдауға арналған. Ал, GX10 құрылғысында жергілікті іске қосылған жасанды интеллект негізіндегі ANaMed AI корпоративтік платформасы құжаттармен, кестелермен жұмыс істеуге, дереккөздері көрсетілген ақпаратты іздеуге және зерттеу материалдарын дайындауға көмектеседі. Күрделі тапсырмаларды бірнеше кезеңге бөліп орындайтын агенттер тобының жұмыс режимі де қарастырылған.
Нақты ғылыми ізденістерге арналған әзірлемелеріміз де бар. Мысалы, ANaMed BioAge платформасында 67 тіркеу орталығынан жиналған 6 720 қатысушының деректері қамтылған. Бұл жүйе биологиялық қартаюды зерттеуге, клиникалық, метаболизмдік, теломерлік және эпигенетикалық көрсеткіштерді салыстыруға мүмкіндік береді. Машиналық оқыту модельдері де эксперименттік негізде әзірленіп, олардың сипаттамасы мен сапасын бағалау көрсеткіштері ұсынылады. Ал, «Қазақстан Халық денсаулығы» платформасы жарияланған статистикалық мәліметтер негізінде өңірлердегі аурушаңдық пен демографиялық өзгерістерді талдауға, нәтижелерді графиктер мен карталар түрінде көрсетуге бағытталған. Мұндай құралдар денсаулық сақтау саласындағы деректерді тереңірек зерделеп, зерттеу жұмыстарының сапасын арттыруға жол ашады. Ғылыми еңбектерді әзірлеу мен сараптау үдерісін де цифрландырудамыз. KazNMU Manuscript Lab зерттеу түріне сәйкес халықаралық есептілік стандартын таңдауға, ғылыми мақаланың құрылымын, кестелері мен суреттерін дайындауға көмектеседі. Диссертацияларды тексеру сервисі жұмыстың рәсімделуін, құрылымын, зерттеу мақсаты мен міндеттерінің, нәтижелері мен қорытындыларының өзара сәйкестігін талдайды. Оның негізінде сарапшының қарауына арналған ескертулер мен сұрақтар қалыптастырылады. Сонымен бірге ғылыми жұмыстағы этикалық талаптардың сақталуы ерекше назарда. Биоэтика комиссиясының электрондық порталы өтінім беруді, құжаттарды жүктеуді, ескертулер алмасуды және сараптаманың барысын бақылауды жеңілдетеді. Алайда, зерттеудің ғылыми және этикалық тұрғыдан негізділігін бағалап, түпкілікті шешім қабылдау комиссия мүшелерінің құзыретінде қалады. Бұл – технология мүмкіндігін пайдалана отырып, адам жауапкершілігін сақтаудың нақты үлгісі.
Ғылыми инфрақұрылымның маңызды бөлігі – университетіміздің төрт ғылыми журналы. Олардың қатарында Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті ұсынатын басылымдар тізіміне енген «Вестник КазНМУ» журналы бар. Бұл шешім 2024 жылғы 5 тамыздағы №673 бұйрықпен бекітілген. Сонымен қатар, Global Medical Reviews медициналық шолулар мен метаталдауларды, Pharmaceutical Sciences and Health Products фармацевтикалық зерттеулерді, ал Allergology and Clinical Immunology аллергология мен клиникалық иммунология мәселелерін қамтиды. Бұл басылымдарды бір цифрлық ортаға біріктіру ғылыми нәтижелердің мамандар арасында кеңінен таралуына мүмкіндік береді. Цифрлық өзгерістерді басқаруға қабілетті мамандар даярлау да маңызды. Осы мақсатта Қазақстан-Британ техникалық университетімен бірлесіп денсаулық сақтаудағы цифрлық трансформация және жасанды интеллектіні басқару бойынша EMBA бағдарламасын жүзеге асырып жатырмыз. Күнделікті жұмысымызда AnaMed Info ассистенті де қолданылады. Ол университеттің ресми ақпаратын қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде ұсынып, жауаптарын тиісті құжаттарға сілтемемен негіздейді. Бұған қоса, университет ғимараттары мен инфрақұрылымын қашықтан танып-білуге арналған интерактивті 3D-кампус әзірленген. Әрине, осындай мүмкіндіктерді болашақ дәрігерлердің де дұрыс меңгергені маңызды. Біз студенттерді технологияны жай ғана пайдалануға емес, оның ұсынған мәліметін саралауға, күмәнді тұстарын тексеруге, өз бетінше қорытынды жасауға үйретуіміз керек. Менің ұстанымым – жасанды интеллект дәрігердің орнын алмастырмауы тиіс, керісінше, оның кәсіби мүмкіндігін кеңейтуі керек. Технология ақпаратты талдай алады, деректерді салыстырады, ықтимал шешімдерді ұсынады. Бірақ, науқастың жанын түсіну, жағдайын бағалау, емдеу жолын таңдау және қабылдаған шешіміне жауап беру – дәрігердің міндеті. Медицинада адам өмірінен қымбат ештеңе жоқ. Сондықтан, цифрлық дәуірде де терең білім, клиникалық ойлау, кәсіби адалдық пен адамға деген жанашырлық басты құндылық болып қала береді.


– Қазақстан үшін ауылдық жерлердегі медициналық кадр тапшылығы әлі де өзекті. Медициналық жоғары оқу орындары ауылға баратын маманды тек біліммен емес, әлеуметтік жауапкершілікпен де дайындауы қажет. Осы тұрғыдан алғанда, ауыл медицинасын күшейту үшін университет, мемлекет және өңірлер арасындағы байланысты қандай деңгейге көтеру керек?
– Ауыл медицинасының дамуы – бір ғана денсаулық сақтау саласының емес, тұтас қоғамның ортақ міндеті. Сондықтан университет, мемлекет және өңір арасындағы байланысты маман даярлаумен ғана шектемей, жас дәрігердің ауылға барып, сол жерде тұрақтап, кәсіби өсуіне дейін қамтитын жүйелі әріптестік деңгейіне көтеру қажет. Өйткені, ауылға дәрігер жіберу бір мәселе болса, оның елді мекенде ұзақ жыл еңбек етуіне жағдай жасау – одан да маңызды міндет. ҚазҰМУ өңірлердің сұранысына сәйкес нысаналы мамандар даярлап, облыс әкімдіктерімен үшжақты шарттар негізінде жұмыс жүргізеді. Бұл бағыттағы жұмысты одан әрі жетілдіру үшін кадр қажеттілігін бірнеше жыл бұрын болжай білуіміз керек. Себебі, бүгінгі сұраныс пен маман университетті бітіретін кезеңдегі қажеттілік бірдей болмауы мүмкін. Сондықтан, өңірлердің демографиялық жағдайын, медициналық қызметке деген сұранысын және алдағы кадрлық қажеттілігін ескере отырып, маман даярлау ісін алдын ала жоспарлаған жөн.
Бұл ретте әр тараптың жауапкершілігі айқын болуы тиіс. Университет сапалы білім мен клиникалық дайындықты қамтамасыз етеді, мемлекет кадр саясаты мен денсаулық сақтау жүйесінің сұранысын үйлестіреді, ал өңір жас маманның жұмыс істеуіне және отбасымен тұрақтауына қолайлы жағдай жасауы қажет. Баспана, заманауи медициналық жабдық, тәжірибелі маманның тәлімгерлігі – жас дәрігердің ауылда қалуына ықпал ететін маңызды факторлар. Әлеуметтік жауапкершілік те өздігінен қалыптаспайды. Ол студенттің ел өмірімен етене танысып, халықтың денсаулығына қатысты мәселелерді өз көзімен көрген кезде тереңдей түседі. Ауылдық жердегі тәжірибе болашақ дәрігерге медициналық көмектің қолжетімділігі, аурудың алдын алу, ерте диагностика мен емнің сабақтастығы қаншалықты маңызды екенін түсіндіреді.
Мәселен, университетіміздің «Ақсай» клиникалық орталығында жыл сайын бес мыңнан астам бала мамандандырылған медициналық көмек алады. Олардың екі жарым мыңға жуығы – ауылдық жерлерден келген балалар. Бұл жерде жергілікті дәрігерлердің еңбегі ерекше. Себебі, олар аурудың алғашқы белгілерін анықтап, баланы уақытылы тексеруге бағыттайды әрі кейінгі емдеу барысын бақылауға қатысады. Демек, ауыл дәрігері мен университеттік клиника арасындағы кәсіби байланысты нығайту пациентке көрсетілетін көмектің үздіксіздігін қамтамасыз етеді. Тағы бір маңызды мәселе – ауылға барған түлектің университетпен байланысы үзілмеуі керек. Ол күрделі клиникалық жағдайларда тәжірибелі мамандардан кеңес алып, қашықтан оқыту бағдарламаларына қатысып, білімін тұрақты жетілдіре алуы қажет. Жас дәрігер өзінің ауылда жүріп те кәсіби дамуға, жаңа білім мен тәжірибені игеруге мүмкіндігі бар екенін сезінуі тиіс. Менің ойымша, ауыл медицинасының болашағы тек қанша маман жібергенімізбен өлшенбейді. Ең бастысы – сол мамандардың елді мекендерде тұрақтап, халыққа сапалы әрі қолжетімді медициналық көмек көрсетуіне жағдай жасау. Дәрігер үшін ауыл тек еңбек ететін орын емес, өмір сүретін, отбасын құратын, кәсіби жолын жалғастыратын мекенге айналуы керек. Ал, университеттің міндеті – жас маманға осы жолда қажетті білім мен сенімді қалыптастыру. Өйткені, қай жерде тұрса да, әр азамат сапалы медициналық көмек алуға құқылы. Ауыл медицинасына жасалған қамқорлық – ең алдымен, ауылдағы адамның өмірі мен денсаулығына жасалған қамқорлық. Біздің барлық жұмысымыздың түпкі мәні де – осы.
– Марат Едігеұлы, әңгімеңізге рақмет.
Әңгімелескен: Индира БІРЖАНСАЛ












