Абай университетінің 2022-2025 жылдарға арналған Даму стратегиясы

0
1476

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Басқарма Төрағасы – ректоры Дархан Біләлов өзінің Facebook парақшасында Ғылыми кеңесте өзі басқарып отырған университеттің 2022-2025 жылдарға арналған Даму стратегиясын таныстырғанын, бұл құжатты толық сипаттау мүмкін еместігін, сондықтан білім ордасының дамуының негізгі міндеттерімен қатар сегіз стратегиялық бағытын атап өткенін жазды.

Дархан Нұрланұлының жазуынша, жақын арада Абай университеті – бұл: академиялық шеберлік орталығы; педагогикалық зерттеу университеті; ашық университет; әлеуметтік жауапты университет; жұмылдырылған университет; цифрлық университет; тиімді университет; friendly campus.

«Стратегиямызда қойылған міндеттерді іске асыра отырып, біз студенттерді қабылдауды оңтайландыруды, қабылданған талапкерлердің ҰБТ нәтижелерін ескере отырып, олардың сапасын арттыруды көздеп отырмыз; профессор-оқытушылар құрамы мен докторанттардың ғылыми-зерттеу өнімділігін арттыруға; «үйдегі интернационалдандыруды» дамытуға баса назар аударуға; дәстүрлерді сақтай отырып, студенттерге жақын болуға; білім берудің нақты мәселелерін шешуде мектептермен ынтымақтастық орнатуға; білім экономикасы мамандарын даярлау үшін оқытудың цифрлық экожүйесін құруға; орынды және үнемді менеджмент қағидаттарын басшылыққа алуға ниеттіміз», – деп жазды Дархан Біләлов.

Ректордың жазуынша, жаңа стратегияда педагогика, оқыту әдістемесі, оқыту технологиялары саласындағы перспективалық құзыреттіліктерді анықтау жалғасады. Бұл оқыту мен ғылым арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз етіп, білікті мамандарды тартып, Абай университетінің әлемдік ғылыми және білім кеңістігіндегі беделін арттырады.

«Абай университеті – білім, ғылым және мәдениеттің ірі орталығы, Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындарының бірі және педагогикалық білім беру көшбасшысы. Біздің жоспарларымызға сәйкес 2025 жылы оқу орнымыз Орталық Азиядағы педагогикалық білім берудің көшбасшысы, жаңа формациядағы педагогтар шеберханасы болады», – деп түйіндеді Дархан Біләлов.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here