Өз таңдауым – өз бақытым!

0
741

Қара күз ғой, үскірік жел мен қытымыр суықты жаңа ғана жауып ашылған шуақты күн келмеске кетіріп, бүкіл тіршілік әлеміне бар мейірін мейірлене төгіп тұрғандай. Аспан шайдай ашық, келіп-кетіп жатқан адамдардың аяғы тиылар емес. Көтеріңкі көңіл-күй байқалады. Қаймақталған сарықұйрық тары шәйді отбасылық тәтті әңгімемен қанып іштік те шыттай киініп жолға шықтық.

Күллі қазақты «Абай жолымен» жалпақ әлемге танытқан ұлы жазушымыз М. Әуезов атындағы көшемен жүріп келеміз, жол бойы сәлем беру, сәлем алу және «мереке құтты болсын» айту. Әп-сәтте Алатау ауданындағы Өжет шағын ауданында орналасқан №156 жалпы білім беретін мектептегі сайлау учаскесіне келдік. Зал іші тып-тыныш, төрдің қақ басындағы көк ту бірден көзге түсті, бойыңа күш-қуат, жүрегіңе жылулық сыйлайды. Бәрекелді!

Жағдай толық жасалыпты. Ретті киінген қыз-жігіттер де мен мұндалап отыр, бәрі де аса кішіпейілділік пен ізеттілік танытып үлгерді. Тиісті құжатты алдық та бірден көк шымылдыққа сүңгідік. «Басшымыз әділ, ісі оң, бағыты дұрыс болсын!» деп  жасырын түрде бағанға белгі қойып шықтық та әйнек сандықшаға салдық. Бір бет қағаздағы дұрыстық белгінің салмағы мен үмітіміздің зор екендігін түсініп, «сайланып шыққан Президент соны сезінсе екен, ақ қағаздай пейілі пәк, халыққа жақ болса екен» деп іштей дұға жасадық.

Айтсақ айтқандай, бұл өз патшамызды өзіміз тағы да таңдайтын тарихи күн. Шын сырым, өзгені білмеймін, бұрын өзге елде тіпті патшаны сайлайтын халықтың өкіліне азаматтық дауыс беру де пешенемізге бұйырған жоқ. Міне, бүгін кең байтақ дархан даламыз, көк аспанда желбіреген көк туымыз, тұла бойымызға жігер-қайрат беретін ән ұранымыз, көркем, айшықты ел таңбамыз, қара қылды қақ жаратын әділетті Ата заңымыз бар. Мемлекетіміз бар. Нағыз бақыт деген осы ғой! Осы күнге жету үшін қанша жоғалтулар мен құрбандықтар болды, Алаш арыстарымыз қайта тіріліп келсе, шіркін деймін… Жер бетінде өз көсемін сайлау былай тұрсын, ұлтарақтай жері, берекелі елі жоқ, жаратқанға жалбарынып, көз жастары көл болып, жетімдіктің қасірет күйін кешіп жүрген, сұрауы не бұрауы жоқ, жұтылып кету алдында тұрған боданды ұлттар қаншама?!

Бүгін біз отбасымызбен өз таңдауымызды жасадық. Аллаға сансыз шүкір. Бақыттымыз! Хасан Оралтай көшесімен үйге қайтып келеміз. «Рухың шат болып, пейіште нұрың шалқысын! Бір аунап жатқан боларсыз! Қазақтың шұрайлы өлкесінің бірі – көркем Өр Алтай ғой, туған жер атын өз бабасы атынан биік қойып, фамилия етті емес пе, осыдан артық елге, жерге сүйіспеншілік, құрмет болар ма?! Бүкіл ғұмыры елді, жерді сағынумен, аңсаумен өтті, ойлаған бар арманы – ел егемендігі болды. «Елім-айлап өткен өмір» – дәл осының айғағы ғой», – деп ой түйдік.

Жоғарыда айтылған «қара қылды қақ жаратын әділ заңымыз» деген сөзіме алтыбақан алауыз, кері жақ қырсық мінезділер тыржиятын болар. Тәуелсіздік алған жылдан бері ел басқару жағында көптеген кемшілік, олқылықтар, тіпті, үлкен қателіктер болғаны шындық, қара ормандай қарапайым халықтың қаңтар оқиғасындағы жан айқайы мен талап пікірлері, жан кештілігі кезіндегі орайды пайдаланған жат ниеттегі  қатыгез арандатушы сұмпайылардың арам пиғылдарынан біз қорытынды шығаруымыз керек. Енді өзіміз сайлаған Мемлекет басшысынан күтер үмітіміз зор.

Өз еліміздің президентін сайлау – бүкіл халқымыз үшін үлкен бақыт! Сол үшін өз таңдауым – өз бақытым деп сезіндім!

Қайролла МАМЫТАН

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here