Сенатта трансферттік баға белгілеу мәселелері талқыланды

0
181

Сенаттың Қаржы және бюджет комитетінің депутаттары трансферттік баға белгілеу мәселелерін Қаржы министрлігінің басшылығымен бірге талқылады. Комитет төрағасы Серікбай Трұмов отырысты аша келіп, трансферттік баға белгілеу тетіктері мемлекеттің келешектегі кірістерінің жойылмауына ықпал ететін түрлі факторларды реттейтінін атап өтті.

«Елімізде трансферттік баға белгілеу туралы заң 10 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келеді. Осы уақыт ішінде тиісті органдар көптеген салықтық тексерулерін жүргізді, соның нәтижесінде бюджетке қосымша қаржы түсті», – деп атап өтті сенатор.

Қаржы министрінің орынбасары Ержан Біржанов Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленіп жатқан, трансферттік баға белгілеуді бақылау шараларын күшейтуге, сондай-ақ Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының халықаралық талаптарын орындауға бағытталған заң жобасы туралы парламентшілерге айтып берді.

Кездесуге қатысушылар «Трансферттік баға белгілеу туралы» заңға енгізілген өзгерістерді де талқылады. Депутаттарға заң жобасына бірқатар тұжырымдамалық өзгерістер енгізілгені айтылды. Олардың қатарында Қазақстанның тауар биржаларында капиталды шығаруға бақылауды күшейту мақсатында нарық аясын айқындау тетігін енгізу, жасалған мәмілелердің трансферттік баға белгілеуіне бақылауды қайтару және өзге де өзгерістер бар.

Сенаторлар кездесу қорытындысы бойынша әзірленіп жатқан заң жобасына бірқатар толықтырулар ұсынды, олар кейіннен салалық министрліктің жұмысында ескерілетін болады.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here