Үлкен міндеттер жүктеген жолдау

0
1735

Президент өз жолдауының соңында даму жолымыз әрдайым теп-тегіс, даңғыл болмайтынын, ешкім де сырттан келіп, Қазақстанды көркейтіп жібермейтінін, ол үшін еліміздің әрбір азаматы заман талабына сай болуға тиістігін, жалпы халқымыздың осындай дағдарыс кезінде біртұтас болуы керектігін айтты.

Демократиялық бағытқа сене отырып, ұлттық құндылыққа арқа сүйеуіміз керек, өз дүниетанымыздың жемісіне қандай өшпенділік болуы мүмкін. Отбасылық тәрбиенің де олқы кеткенін мойындаған жөн болар. Намысшылдық, сезімталдық, мінез-құлық жағынан алғанда асыл текті әрі кең пейілді мызғымас күшке ие, діні, ділі мен Отанына деген ынта-ықыластары кімге болмасын жігер беретін жан емес пе едік?!

Білім саласына келер болсақ,  бұқараландыру, имандылық, рухани тәрбие жағын қолға алу. Имандылық – бұл сөз жүзінде емес, іс жүзінде мына негіздерді мойындап , бекіту : әрбір бала қоғамның жоғары әлеуметтік байлығы, сондықтан онда азаматтық , жоғары парасаттылық, ақылдылық, адамгершілік пен дене мен тән сұлулық саласын, адам баласының өзі қоршаған табиғатпен байланыста екендігін бойына сіңіру парызымыз.

Мектеп ( оқу орны ) әмірлік билік емес, ақыл парасат билігі үстемдік жасау керек.

Оқу орындары отбасы ата-аналармен, ардагер ұстаздармен біте қайнасып жұмыла жұмыс жасауы керек. Кейінгі кезде отбасы тәрбиесінде олқылық кеткенін мойындағанымыз жөн.

Ақпараттық желі интернет әлемі баурап алып көптеген теріс бағыттар енуде, бұл мәселені де ескерген жөн.

ҚР Оқу-ағарту министрлігі жанында Ардагерлер кеңесінің құрылуы құптайтын іс.

Бүлдіршіндерді балабақшаға, жас балаларды мектепке, жастарды жоғары оқу орнына артып қоймай, бірлесе ата, әже, ата-ана қасиетті отбасы тәрбиесіне көңіл бөлейік. Үлкен орта, кіші буын арасына жік түсірмей, жағдай жасап дамыту керек, ойды жүзеге асыратын осы бүгінгі Ұлттық құндылықты жүзеге асыру міндеттіміз. Бұл тарапта Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде қомақты істер қолға алынған және жүзеге асырылуда.

Жолдауда көтерілген жер, су мәселесі де бұл экологиялық тәрбие.

Табиғатқа қамқор болу – адамзат баласының абзал парызы. Балыққа су, құсқа ауа, аңға орман, тоғай , тау, дала қандай қажет болса, адам баласы үшін Отан деген ұғым сонша қажет. Ал, табиғатты сүю – Отанға қамқор болу деген сөз. Адамзат баласы үшін табиғат кең сарай , мәңгі тозбас баспана. Бұл салада да университет тарапынан істеліп жатқан жұмысты ары дамыту , ғылыми ізденістерді өрбіту парыз.

Әркімнің жолы әртүрлі, әркімде өзінің жеке мақсатына ортақ бір нәрсе арқылы жетеді. Ол еңбек жолы, өзінің алдына мақсат қою, құпия нәрселердің сырын ашу, тәжірибеде сынау, есептеу ақыр аяғында жеңіс салтанатын көру, жүріп өткен теп-тегіс болған жоқ, ол күнделікті күрес үстінде өткен жол екендігін осының бәрін айтатын үлкен буынды дәріптей білейік. Адам бойындағы мың құбылған мінезді, пенделік тіршілікті, қоғамды апатқа алып баратын ашкөздік, тойымсыздық, қанағаттың жоқтығы, дүниеқоңыздыққа ,теңсіздікке, алып қашпа сөзге еліктеушілікке тосқауыл болатын, қоғамда ордалы ой айтып, ұтқыр байлам жасайтын ерекше құрметке ие болған. Көкірегі шот ардагерлер өкілдері ат салысып, жөн айтқаны орынды болар еді.

«Қартын құрметтемеу, міне, қоғамның ең үлкен дерті осыдан» екенін ескергеніміз жөн. Сондықтан ілкіде бұлыңғыр көрінген тұтас рухани өмір еш бұлдырсыз өтті деу шындыққа жанаспайды. Халқымыздың тарыдай шашылған тарихын таспихтың тасындай мөлдіретіп тізіп жинау баяғыдан осы күнге дейін сараптап келеміз. Айдар таңылған атаулы жылдар бірінен соң бірі үзіліссіз жалғасып жатыр. Сондықтан егер біз мемлекет болып тұрғымыз келсе, өзіміздің мемлекетімізді ұзақ уақытқа меңзеп құрғымыз келсе, онда халықтың руханиятының ұлттық құндылық бастауларын түзегеніміз жөн.

«Берекелі бірлігімізді сақтап, табанды еңбек етсек , Отанымызды көркейтіп, ұрпаққа дамыған мемлекет ретінде табыстасақ, бабалар аманатына адалдық – осы» деген Президент жолдауын толық қолдаймын.

Абай атындағы ҚазҰПУ

Ардагерлер кеңесінің төрағасы

Б.А. Әлмұхамбетов

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here