ҚазҰУ делегациясы Санкт-Петербургте ғылыми апталыққа қатысуда

0
460

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің делегациясы Ұлы Петр атындағы Санкт-Петербург политехникалық университетінің 125 жылдығына арналған ғылыми апталыққа қатысуда.

Ұлы Петр атындағы Санкт-Петербург политехникалық университеті – Ресейдің жетекші жоғары оқу орындарының бірі. 1899 жылы негізі қаланған оқу ордасында бүгінде 35 мыңнан астам студент білім алады. Оның 6 мыңнан астамы шетелден келген. Білім алушы жастарға 2000-нан астам оқытушы-профессорлар дәріс береді.

Ғылыми апталыққа ЖОО ректорлары, академик-ғалымдар, ғылыми-зерттеу институттарының басшылары шақырылған. Ақпанның 15-21 күндері аралығында жоспарланған апталықтың ашылу салтанатында Санкт-Петербург политехникалық университетінің ректоры Андрей Рудской сөз сөйлеп, білім ордасының 125 жылда жеткен жетістіктерімен таныстырды.

«Санкт-Петербург политехникалық университеті әлемнің алғашқы 100 жоғары оқу орындарының қатарында. Университет ғылым мен білімді қатар дамытып, соның арқасында озық технологиялар мен зерттеулерге қол жеткізіп келеді. Біздің басты мақсат – Ресейдің экономикалық, ғылыми және технологиялық әлеуетін көтеруге жәрдемдесу», – деді Андрей Рудской.

Сапар барысында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев бастаған делегация Санкт-Петербург политехникалық университетінің және Өнеркәсіптік менеджмент, экономика және сауда Институты жоғары бизнес-инжиниринг мектебінің ғылыми инфрақұрылымымен танысып, басшылығымен кездесті. Жүздесуде ғылым мен технология саласындағы серіктестікті дамыту бойынша пікір алмасты.

Кездесуде тараптар бірлескен зерттеу орталығын ашуға, сондай-ақ магистранттар мен докторанттарды ғылыми жобаларға тарту үшін ортақ ғылыми семинарлар өткізуге уағдаласты.

Айта кетейік, қазіргі таңда ҚазҰУ ресейлік ЖОО-лармен бірлесіп қосдипломдық 31 білім беру бағдарламасын жүзеге асыруда. ҚазҰУ-дың 14 факультеті Ресей Федерациясының жеті серіктес жоғары оқу орнымен ынтымақтасады. «Академиялық ұтқырлық» бағдарламасы аясында ҚазҰУ-да Ресей Федерациясының 50-ден астам студенті білім алады және соңғы үш жылда университетке Ресейдің 40-қа жуық ғалымы келген.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here