Президент Батыс Қазақстан облысының су басқан аумақтарын тікұшақпен аралады

0
569

Бүгін, 4 сәуірде Мемлекет басшысының Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары қарғын су басқан аумақтарды тікұшақпен аралап көруден басталды. Қасым-Жомарт Тоқаев Теректі, Сырым және Қаратөбе аудандарындағы қалыптасқан жағдаймен танысты. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Президентінің ресми сайты хабарлады.

ЖЕРГІЛІКТІ БЮДЖЕТ ЕСЕБІНЕН 63 МЛН ТЕҢГЕ БӨЛІНДІ

Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев Қасым-Жомарт Тоқаевқа бүгінде 6 аудан мен Орал қаласын су басқанын баяндады. Қарғын су 552 тұрғын үйге, 427 саяжай теліміне зиян келтірген. Өңір басшысының айтуынша, су тасқынына қарсы шараларға 1 911 адам, 332 техника, 101 мотопомпа, 1 тікұшақ жұмылдырылған. Сонымен қатар құтқару жұмыстарына Алматы және Маңғыстау облыстарының құтқарушылары атсалысып жатыр. Қарғын су басқан аумақтардан 6 505 тұрғын көшірілген, жедел-эвакуациялау пункттері құрылған. Зардап шеккендерге біржолғы материалдық көмек көрсету үшін жергілікті бюджет есебінен 63 млн теңге қаржы бөлінді. Су айдау, нысандардың жан-жағын топырақпен қоршау және су жүретін құбырларды кеңейту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

ПРЕЗИДЕНТ МЕМЛЕКЕТ ЖӘНЕ ҮКІМЕТ ХАЛЫҚҚА ҚОЛ ҰШЫН БЕРЕТІНІНЕ СЕНДІРДІ

Мемлекет басшысы БҚО Қаратөбе ауданындағы эвакуациялық пунктке барды. Президент су басқан аумақтарды тікұшақпен аралап шыққаннан кейін аудан орталығындағы Қажым Жұмалиев атындағы мектеп-гимназия базасында орналасқан эвакуациялық пунктке барды. Мемлекет басшысы гуманитарлық көмекті тарататын пункттің жұмысымен танысып, су тасқынына байланысты жақын маңдағы ауылдардан көшірілген тұрғындармен кездесті.

Қасым-Жомарт Тоқаев тұрғындармен әңгімелесу барысында мұндай көлемдегі тасқынның бұрын-соңды болмағанына назар аударды. Оның айтуынша, осыған ұқсас жағдай 1994 жылы болған. Бірақ, биылғы тасқын одан да асып түсті.

Президент шығындарды өтеу үшін мемлекет барлық қажетті шараны қабылдайтынын айтты.

– Хал-жағдайларыңызды білу үшін арнайы келіп отырмын. Бұл – бұрын-соңды болмаған үлкен табиғи апат. Сондықтан бәріміз бір ел, бір халық болып әрекет етуіміз керек. Мемлекет, Үкімет баршаңызға қол ұшын береді. Материалдық, қаржылық көмек көрсетеді. Оған еш алаңдамаңыздар. Бәрі дұрыс болады, – деді Президент.

Кездесуде жергілікті тұрғындар Жақсыбай және Қалдығайты өзендеріне көпір салып беруді, сондай-ақ ауыл маңындағы бөгеттерді жаңғыртуды сұрады.

Мемлекет басшысы аталған мәселе бойынша Үкіметке тиісті тапсырма беретінін жеткізді. Сонымен қатар қарғын суды халықтың игілігіне пайдалану қажет екенін атап өтті.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here