2024 жылдың 21-31 наурыз күндері тоғызқұмалақтан жастар мен жасөспірімдер арасында классика, рапид және блиц түрлерінен жекелей Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті. Он күнге созылған тартысты дода, бұл жолы Өскемен қаласында ұйымдастырылды. Жалпы сайысқа 16 облыс пен 3 қаладан 360-тан астам тоғызқұмалақшы қатысты. Оның ішінде халықаралық дәрежедегі және ҚР-ның спорт шеберлері де бар.
Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған кіл мықтылар арасында тоғызқұмалақтан Абай атындағы ҚазҰПУ құрамасының мүшелері (жаттықтырушы Иралина М.М.) жеңіс тұғырынан көрінді. Олар: Өнер, мәдениет және спорт институтының 2 курс студенті, спорт шебері Дакен Эльдар рапид бойынша 1-ші орынды иеленіп, ҚР-ның чемпионы атанса, институттың 2 курс студенті, спорт шеберіне кандидат Джанабилов Ердәулет классика бойынша 2-ші орынды алып, ҚР чемпионатының күміс жүлдегері атанды.
Өнер, мәдениет және спорт институтының 4 курс студенті, спорт шебері Куатова Аружан классика бойынша 3-ші орынды иеленіп, ҚР чемпионатының қола жүлдегері атанса, Өнер, мәдениет және спорт институтының 2 курс студенті, спорт шебері Тұрсынәлі Ақерке де ҚР чемпионатында 3-ші орын межесінен көрініп, қола жүлдені қанжығасына байлады.
Осы орайда, жеңіс тұғырынан көрінген спортшыларымызды жетістіктерімен құттықтай отырып, жаңа жеңістер мен сәттілік тілейміз!