«Зұлмат жылдар зардабы» кітабы оқырманға жол тартты

0
3328

Саяси қуғын-сүргін және аштық құрбандарын еске алу күніне орай Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінде «Зұлмат жылдар зардабы» тақырыбында ғылыми-танымдық кеш өтті.

ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы тоталитарлық оспадар құрылыс табиғатынан туып, зорайған, өзара сабақтас қос зұлмат – жаппай саяси қуғын-сүргін мен аштық құрбандарын еске алуға арналған бас қосуда Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінің ғылыми қызметкерлері баяндамалар жасады.

Алдымен сөз алған А.Байтұрсынұлы музей-үйінің аға ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы Светлана Смағұлова 1918-1919, 1921-1923, 1931-1933 жылдардағы үш бірдей алапат аштықты тудырған себептер, ұлттық апаттың зардаптарына жан-жақты тоқталды. Ғалым соңғы жылдарда саяси қуғын-сүргін құрбандары тарихын зерттеу екпінді жүріп, ал аштық тақырыбын зерделеу тосылып тұрғанын атап көрсетті.

Жиында музей-үйінің ғылыми қызметкері, PhD-докторант Еркін Стамшаловтың баяндамасында былтыр қызметі түйінделген саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау бойынша мемлекеттік комиссия жұмыс топтары зерттеулерінің нәтижелері, жаппай жазалау науқандарының механизмі, сталиндік деспотия тарихының құпиясыздандырылған құжаттары сөз болды.

Таным кешінің екінші бөлімінде сөз алған аталмыш музей-үйінің жетекшісі, филология ғылымдарының кандидаты Райхан Имаханбет бүгінгі іс-шараның тақырыбы осы сала бойынша зерттеу жүргізіп жатқан музейдің ғылыми қызметкерлерінің ғылыми жаңалықтарына орайластырылғанына арнайы тоқталды. Музей жетекшісі тарихшы Светлана Смағұлованың 1931-1933 жылдардағы аштық туралы жаңа монографиялық зерттеуінің жарық көргенін жария етті. Осылайша, Ахмет музейіндегі зұлмат құрбандарын еске алуға арналған шарада отандық тарихнама тағы бір жаңа зерттеумен толықты.

Музейдегі танымдық кештің атауы жайдан жай алынбаған. Тарих ғылымдарының докторы, А.Байтұрсынұлы музей-үйінің аға ғылыми қызметкері Светлана Смағұлованың жаңа зерттеу еңбегі де «Зұлмат жылдар зардабы» деп аталыпты. Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университі ғылыми кеңесінің жарыққа шығару туралы ұйғарымымен басылған жаңа монографияға 1931-1933 жылдардағы аштық тақырыбы арқау болған. Ғылыми еңбекте, сондай-ақ, XX ғасырдың 30-жылдарындағы қазақ жеріндегі түрлі саяси науқандардың жүргізілуі, үкімет тарапынан көрсетілген қысымға наразылықтар мен көтерілістер жайлы да айтылады. Зерттеудің параграфтары аштық туғызған босқыншылық, балалардың ашығуы, демографиялық апат жайын тарқатады.

Кеш қонағы, тарих ғылымдарының кандидаты Қанат Өскенбаев өзінің С.Смағұлова зерттеуінің панасыз балалар тақырыбындағы бөлігімен таныс екеніне, бұл тақырыптың күрделі әрі маңызды екендігіне тоқталып, жаңа кітаптың оқырманға жол тартуымен авторды құттықтады. Кітап мазмұнының өзектілігі туралы өз сөзінде Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті ежелгі және орта ғасырлар тарихы кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты Нұрлан Атығай да атап өтті. Ұлттық генофондқа өлшеусіз залал тигізген аштық, жаппай жазалау тақырыбындағы мұндай еңбектердің ғылыми-педагогикалық үдеріске пайдасы туралы сөз сабақтаған Абай университетінен келген тарих ғылымдарының кандидаты Толқын Бекбауова автор еңбектерінің шет тілдерге аударудың маңыздылығына тоқталды. Қазақстандағы апат туралы қазақ ғалымдарынан артық зерттеу мүмкін еместігін ескерсек, отандық тарихтың өзекті тақырыптарының шет тілдерге қазақ тарихшысының зерделеуімен танылуы орынды жәйт, әрине. Ғылыми еңбекті оның авторының 1921-1923 жылдардағы аштыққа арналған танымал зерттеуінің жалғасы деп қабылдауға болатындай.

Музей-үйіне жиналған тарихшы ғалымдар, жоғары оқу орындары дәріскерлері, осы музейде тәжірибе жинап жүрген Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті студенттері, журналистердің қатысуымен жаңа ғылыми еңбектің тұсауы кесілді.

Кеш барысында Абай университетінен келіп, Байтұрсынұлы музей-үйінде тәжірибеден өтуші филология факультеті студенттерінің тарихи тақырыптағы қойылымы таныстырылып, жазықсыз жаза тартқан арыстардың ән-күйлері орындалды. Құрсауға түскен құрбандарға арналған танымал ақындардың өлеңдері оқылды.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here