Сенат Төрағасы Қожа Ахмет Ясауидің мұрасын дәріптеуге арналған халықаралық конференцияға қатысты

0
1311

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев бастаған Парламенттің бір топ депутаты ұлы ойшыл, түркі әлемінің көрнекті тұлғасы Қожа Ахмет Ясауидің рухани мұрасын дәріптеуге арналған халықаралық конференцияға қатысты.

Мәулен Әшімбаев өз сөзінде Қожа Ахмет Ясауидің есімі бірегей тарихи тұлға ретінде бүкіл әлемге белгілі екенін атап өтті. Ол түркі өркениетінің дамуына және қазақ дүниетанымының қалыптасуына елеулі үлес қосты. Сондықтан ойшылдың мұрасын терең зерттеп, оны дәріптеу аса маңызды. Палата Спикері осы тұрғыдан келгенде, халықаралық деңгейде ғылыми-тәжірибелік конференция өткізу ерекше мәнге ие екенін айтты. Сондай-ақ Сенат Төрағасы ғұламаның есімін ұлықтап, оның адамзатты ізгілік пен мейірімділікке шақыратын еңбектерін жан-жақты зерделеуге Мемлекет басшысы үнемі баса мән беріп келе жатқанына тоқталды.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Ұлттық құрылтайдың отырысында Ислам дінінің Ұлы дала төрінде және түркі әлемінде таралып, тамыр жаюына орасан зор үлес қосқан Қожа Ахмет Ясауидің мұраларын терең зерделеп, дәріптеуге айрықша назар аударуды тапсырды», – деп, Сенат Спикері конференцияға қатысушыларға ілтипат білдірді.

Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев Ясауи тек қазақ халқының ғана емес, бауырлас елдердің бірлігін бекемдеу ісінде маңызды рөл атқаратын тұтас түркі әлеміне ортақ тұлға екенін айтты. Сондай-ақ ол ойшылдың есімі мен еңбегі – рухани диалог пен мәдениетаралық және дінаралық келісімнің алтын көпірі болатынына сенім білдірді.

«Қожа Ахмет Ясауи түркі халықтарының мәдени және рухани өмірінде ерекше орын алады. Ол түркі жерінде ислам өркениетінің дамуына зор ықпалын тигізді. Ясауидің «Диуани хикмет» атты еңбегі – баршамыз үшін құнды жәдігер. Оның өсиеттері қоғамда адамзаттық ауқымдағы гуманистік құндылықтарды дәріптеуге жол ашады. Сондай-ақ адамзатты ізгілікке, бауырмалдық пен адал еңбекке шақырады. Ясауидің хикметтері бейбітшілік пен сабырлыққа табан тірейді. Ол өзінің шығармаларында адамгершілік пен имандылықты ұлықтап, халықты татулыққа үндейді. Осы ретте мұның бәрі Астанада өткізіліп келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары Съезінің идеяларымен үндес екенін айта кеткен абзал», – деді Мәулен Әшімбаев.

Ауқымды іс-шараға Парламент депутаттарымен бірге Мәдениет және ақпарат министрлігінің өілдері, шетелдік және отандық түркітанушы ғалымдар, шығыстанушылар, сарапшылар, руханият пен зиялы қауым өкілдері және қоғам қайраткерлері қатысты.

ҚР Парламентінің Сенатының Баспасөз қызметі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here