Алматыда Ландшафтық сәулет мектебі ашылды

0
692

«Алматыбасжоспар» ғылыми-зерттеу институтында Алматы ландшафттық сәулет мектебінің салтанатты ашылуы өтті. Жаңа білім беру алаңы экология, дизайн және инновацияны тоғыстыратын кәсіби платформа болмақ.

Мектептің басты тұжырымы – ландшафттық сәулет тек эстетика емес, климаттың өзгеруі мен экологиялық дағдарыс сияқты жаһандық сын-тегеуріндерге жауап бере алатын қолданбалы ғылым екендігін көрсету.

«Әлем климаттық дағдарысты бастан кешіп отыр. Бұл мәселеге жауап табиғаттың өзінде жатыр. Ландшафт сәулетшілері табиғатпен үндес жобалайды, табиғатқа қарсы емес», – деді мектептің негізін қалаушы, Америкалық ландшафт сәулетшілерінің қауымдастығы (ASLA) мүшесі Баян Қадірбек.

Мектептің ашылуы Қазақстанда ландшафттық жобалау саласындағы кәсіби білім беру экожүйесін қалыптастырудың маңызды қадамы болды. Бұл қадам АҚШ, Еуропа және Қытай елдерінің озық тәжірибесін жүйелі түрде енгізуге мүмкіндік береді.

Жоба «Алматыбасжоспар» ғылыми-зерттеу институтының қолдауымен жүзеге асырылды. Институт – қаланың стратегиялық дамуы мен урбанистикасы бойынша жетекші орталықтардың бірі.

«Ландшафттық сәулет мектебін құру – тек білім беру бастамасы ғана емес, жаңа қалалық мәдениеттің бастауы. Алматыны табиғат пен сәулет үйлескен, жайлы әрі тұрақты қала ретінде дамыту – біздің мақсатымыз», – деп атап өтті «Алматыбасжоспар» ҒЗИ бас директоры, урбанист әрі сәулетші Асхат Сәдуов.

Білім беру моделі үш сатылы форматқа негізделген:

  • Ашық дәрістер – студенттер мен мамандарға ландшафттық сәулеттің қағидаттарын кеңінен таныстыру;
  • Практикалық шеберлік сабақтары – нақты нысандарда (саябақтар, алаңдар, тұрғын аудандар) тәжірибелік оқыту;
  • Кәсіби курстар – халықаралық сарапшылардың қатысуымен өтетін, екі айға созылатын сертификаттық бағдарлама.

Мектеп сәулет, экология және урбанистика саласындағы мамандарды біріктіретін алаңға айналады. Бағдарлама аясында АҚШ, Ұлыбритания, Жапония және Қытайдан оқытушыларды тарту, сондай-ақ бірлескен жобалар мен зерттеу бағдарламаларын іске асыру жоспарланған. Басты мақсат – Алматы мен Орталық Азияда тұрақты ландшафттық жобалау мен климатқа бейімделген қала құрылысы мәдениетін дамыту.

«Біздің міндетіміз – қалалардың «тыныс алуына» мүмкіндік беру. Әрбір саябақ, аула мен көше үйлесім мен байланыс сезімін тудырсын. Бұл – жобалаудың жаңа мәдениеті», – деді Баян Қадірбек.

Ашылу салтанатының тақырыбы: «Ландшафттық дизайнның күші – қаңыраудан өркендеуге дейін». Бұл ұран мектептің миссиясын айқын көрсетеді: құнарсыз, қараусыз жатқан кеңістіктерді өмірге толы табиғи экожүйелерге айналдыру. Іс-шара барысында әлемдік тәжірибелерге және Қазақстан табиғатына сүйенген жобалар негізінде әзірленген оқу бағдарламалары таныстырылды; олардың қатарында Шарын шатқалы, Балқаш көлі және өзге де нысандар бар.

«Алматыбасжоспар» ҒЗИ ЖШС қала құрылысы және қалалық ортаны дамыту мәселелерімен айналысатын жетекші ғылыми-зерттеу институты болып табылады.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here