Рапид және блиц шахматтан әлем чемпионаты Қатар астанасы Доха қаласында өтті. Блиц шахмат бәсекесіне әлемнің түкпір-түкпірінен 140 спортшы қатысып, жарыс 15 турдан тұратын швейцариялық жүйе бойынша ұйымдастырылды.
Тартысты өткен сында Тараздың тумасы Бибісара Асаубаева 11 ұпай жинап, жартылай финалға жолдама алды. Жартылай финалда отандасымыз Қытай өкілі, блиц шахматтан әлем чемпионатының қола жүлдегері Чжу Цзиньэрді айқын басымдықпен жеңді – 3:0.
Финалдық партияда Бибісара блиц шахматтан екі дүркін әлем чемпионы Анна Музычуктен 2,5:1,5 есебімен басым түсіп, алтын медаль иеленді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бибісара Асаубаеваны айтулы жеңісімен құттықтады.
– Бибісара Асаубаева Қазақстаннан шыққан блицтен үш дүркін әлем чемпионы және майталман шебер ретінде дүниежүзілік шахмат тарихына енді.
Қазақстандық шахмат қауымдастығы мемлекетіміздің көк туын жаһандық аренада биік желбіреткен отандасымыздың жеңісін мақтан тұтады.
Бибісара Асаубаеваның халықаралық жарыстардағы айтулы жетістіктері мен ел шахматын дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін оны ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттау туралы шешім қабылдадым, – делінген құттықтауда.
Алдағы 26 ақпанда 22 жасқа толатын Бибісара Асаубаева блиц шахматтан өткен әлем чемпионатындағы жеңісінен кейін FIDE рейтингіндегі позициясын жақсартты.
Әлем чемпионы атағын үшінші мәрте иеленген қазақ шахматшысы рейтингте бірден бес саты жоғарылап, үшінші орынға жайғасты. Блиц рейтингінде қытайлық Хоу Ифань көшбасшы орнын сақтап қалды. Ал, екінші орынға оның отандасы, әлем чемпионы Цзюй Вэньцзюнь тұрақтаған. Үздік бестікті ресейлік шахматшылар Екатерина Лагно мен Александра Горячкина түйіндеді. Сондай-ақ, блиц рейтингінің алғашқы ондығына қытайлық Лэй Тинцзе, Тань Чжунъи, Чжу Цзиньэр, нидерландтық Элин Руберс және үндістандық Хампи Конеру енді.
Айта кетейік, Бибісара Асаубаева бұған дейін 2021 және 2022 жылдары блиц шахматтан әлем чемпионы атанған болатын. Осылайша, ол бұл беделді атақты үш рет жеңіп алған санаулы шахматшылардың қатарына қосылды. 2012 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан әйелдер арасындағы блиц шахматтан әлем чемпионаттары тарихында үш дүркін әлем чемпионы атағына тек Екатерина Лагно мен Бибісара Асаубаева ғана қол жеткізген.









