Батар күн,
Келер түн,
Атар таң,
Шығар күн,
Бәріңе, бәріңе, бәріңе құмармын!
Осы мен, осылай мәңгілік тұрармын,
Осы мен, сірә да, өлмейтін шығармын!.. – деп Ұлы ақын Мұқағали Мақатаевтың осы бір көреген жыры оның өз тағдырын, поэзиясының мәңгілік ғұмырын дәл болжағандай. Жиырмасыншы ғасырдың рухын арқалаған кемеңгер ақын бүгінгі күннің де, болашақтың да сырласына айналды. Оның әрбір өлеңі – халықтың жүрек лүпілі, елдің мұңы мен үмітінің көркем көрінісі. Уақыт алмасып, ұрпақ жаңарған сайын Мұқағали жыры мәнін жоғалтпай, қайта тереңдеп, жаңа буынның жан дүниесіне жол тауып келеді. Биыл туғанына 95 жыл толған ақынға арналған тағылымды шаралар – ұлт руханиятына деген құрметтің, мәңгілік сөз иесіне көрсетілген тағзымның айғағы.

Ел-жұртының шексіз сүйіспеншілігі мен ыстық ықыласының белгісіндей болып, ақынның 95 жылдық мерейтойы туған жері – қасиетті Қарасаз ауылында бастау алды. Ақын жырымен мәңгі тыныстап тұрған бұл мекен тағы бір мәрте ұлт руханиятының алтын діңгегіне айналды.
Қарасаз төрінде Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының иегері, қазақ поэзиясының Мұзбалағы Мұқағали Мақатаевтың мерейтойына арналған «Жырлайды жүрек» атты поэтикалық-сазды кеш өтті. Тағылымы терең, рухы биік бұл басқосу – ел жадындағы ұлы тұлғаға көрсетілген зор құрметтің айқын көрінісі болды.
Игі шараға Алматы облысы әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаев, Түрксой Жазушылар одағының төрағасы, көрнекті ақын Ұлықбек Есдәулет, қоғам қайраткері Тоққожа Естенов, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Бейбіт Сарыбай қатысып, мерейтойлық кештің салмағын арттыра түсті. Сондай-ақ ақындар Маралтай Райымбекұлы, Бақыт Беделхан, ақынның ұлы Жұлдыз Мұқағалиұлы мен келіні Бақытгүл Айдарова рухани жиынның мазмұнын байытып, жүрекке жетер ой өрбітті. Іс-шара барысында ақынның туған ауылындағы ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, Мұқағали рухына тағзым жасалды. Сонымен қатар, Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен жарық көрген «Тәңірқұты» атты Мұқағали Мақатаев туралы естеліктер жинағының салтанатты тұсаукесері өтті. Бұл еңбек – ақын өмірін көзімен көріп, жүрегімен сезінген замандастарының сырлы естеліктерін топтастырған аса құнды рухани мұра.
– Тау мен тасы, самалы мен сағынышы ақын жырымен тұтасып кеткен қасиетті мекен бар. Ол – Қарасаз. Сондықтан, Мұқағали есімі мен Қарасаз атауы халық жадында егіз ұғымдай қатар өріледі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ұлттық мәдениет пен рухани мұраны сақтау – ел болашағының берік негізі екенін үнемі айтып келеді. «Тәңірқұты» – Мұқағали мұрасына тағзымның бір белгісі. Жинақ төрт бөлімнен тұрады. Әр бөлім ақынның өз сөзімен аталып, рухани сабақтастықты айқын көрсетеді, – деді Алматы облысы әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаев.
Поэтикалық кеш барысында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Сәкен Майғазиев, Айгүл Иманбаева, Қуандық Қыстықбаев, «Қоңыр» тобы, сондай-ақ Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясының өнерпаздары Мұқағали жырларын ән мен әуезге қосып, көрерменге рухани ләззат сыйлады. Әрбір орындалған шығарма ақын поэзиясының өміршеңдігін, адам жүрегіне жақын болмысын тағы бір мәрте дәлелдеді. Сонымен қатар, Райымбек ауданының «Хантәңірі» халық театры Мұқағали Мақатаевтың өмірі мен шығармашылық тағдырына арналған сахналық қойылым ұсынды. Қойылымда ақынның ішкі жан арпалысы, қоғаммен күресі, поэзияға деген адалдығы көркем бейнеленіп, көрерменді терең ойға жетеледі.
Кітаптың тұсаукесер рәсімінде ақынның келіні Бақытгүл Айдарова да жүрекжарды лебізін білдірді:
– Ол кісі де бізге риза болып жатқан болар деп сенеміз. Ұлы тұлғаларды ұлықтап, халыққа кеңінен танытып, рухына лайықты құрмет көрсетіп отырған Алматы облысы әкімдігіне шынайы алғысымызды айтамыз. Әсіресе, облыс әкімі Марат Елеусізұлына және арнайы келіп, құрмет көрсеткен орынбасары Ғани Айдарұлына ризашылығымыз зор. Ақын аруағы сіздерді әрдайым қолдап жүрсін, – деді ол.
Айта кету керек, Мұқағали Мақатаевтың 2013 жылы «Жалын» баспасынан жарық көрген көптомдық шығармалар жинағында 1 064 өлең, 81 аударма, 14 поэма, 1 дастан, 4 әңгіме, 2 новелла қамтылған. Ал, ақынның 95 жылдығы қарсаңында жарық көрген «Тәңірқұты» жинағы – Мұқағали әлемін терең танып-білгісі келетін оқырман үшін баға жетпес құндылық, үлкен ғылыми-рухани еңбек. Бұл жолда тер төккен зерттеуші ғалымдарға алғыстан басқа айтар сөз жоқ.
Тобықтай түйін
Мұқағали Мақатаевтың өзі айтқандай: «Мен ХХІ ғасырдың құрдасымын, бәлкім, одан әрідегі ұрпақтардың туысымын». Расымен де, ұлы ақын бүгінгі заманмен ғана емес, келешекпен де сырласып келеді. Оның жыры – уақыттан биік, ғұмырдан ұзақ. Мұқағали – мәңгілікке бет алған ұлт рухының шамшырағы.
Индира БІРЖАНСАЛ









