Темірбек Қожакеев мұрасы: «Қожакеевтанушылар» әдеби-танымдық клубы, мектеп музейі және журналистика сабақтастығы

0
154

Темірбек Қожакеев – қазақ журналистикасының теориялық негізін қалаушылардың бірі, сатира жанрын терең зерттеген ғалым әрі қоғамдағы шындықты батыл жеткізген публицист. Оның еңбектері бүгінгі журналистика үшін де өзектілігін жоғалтпай, кәсіби бағдар мен рухани құндылықтың үлгісі болып отыр.

Қожакеев шығармашылығының басты ерекшелігі – шыншылдық, әділдік және азаматтық ұстаным. Ол журналистиканы тек ақпарат тарату құралы емес, қоғамды түзететін, кемшілікті ашық көрсететін, халықтың сөзін сөйлейтін қуатты құрал ретінде қарастырды. Сондықтан да, оның ғылыми еңбектері мен публицистикалық мақалалары жас журналистер үшін бағыт-бағдар беретін темірқазық іспетті.

Ғалым мұрасын жас ұрпаққа насихаттауда оның туған өңірі Меркі ауылында 2016 жылы ең үздік мектептің бірі – №39 мектеп-гимназиясына  ғалымның аты беріліп, ұлы Мадет Қожакеевтің демеушілігімен мектепке ескерткіш орнатылып, музей ашылды.

…Ұстаздың үлгі етпесе нұрлы істерін,
Елде осы жоғалардай үрдіс керім.
Ең ұлы міндет артып иығына,
Қоғамның қалайды олар кірпіштерін, – деп ақын Ғайсағали Сейтақ жырлағандай, ғалым-ұстаздың қоғамдық-саяси еңбектерін дәріптеу, жас ұрпаққа ғалымның жолын өнеге тұтуда, оның мұралық еңбек жолдарын насихаттау мен ғылыми тұрғыда зерттеуде мүмкіндік туғызуға жағдай жасалатын, кәсіптік бағыт-бағдар беру мақсатында «Қожакеевтанушылар» әдеби-танымдық клубы ашылған болатын.

«Қожакеевтанушылар» әдеби-танымдық клубы – болашақ жас журналистердің алғашқы шығармашылық алаңы. Клуб мүшелері ғалым еңбектерін зерттей отырып, журналистиканың негізгі қағидаларын меңгереді.

«Қожакеевтанушылар» әдеби-танымдық клубының өзіндік ерекшелігі мен ұстанымы бар қоғамдық ұйым болып табылады. Нақты айтқанда, клуб қызметі арнайы Жарғы негізінде ұйымдастырылып, оның мақсат-міндеттері, мүшелерінің құқықтары мен жауапкершілігі нақты айқындалған. Бұл – ұйым жұмысының жүйелілігін қамтамасыз ететін маңызды фактор.

Клубтың тағы бір маңыздылығы құрылтайшылар қатарында белгілі ғалымдар, профессорлар, жазушылар мен қоғам қайраткерлерінің болуы оның беделін арттырып қана қоймай, оқушыларға үлкен мотивация беруде.

Жыл сайын аудан көлемінде дәстүрлі түрде өткізілетін «Қожакеев оқулары» ғылыми-танымдық байқауы – клуб жұмысының маңызды бөлігі. Бұл шарада оқушылар ғылыми жобаларын қорғап, ғалымның сатиралық мұрасы, ғылыми еңбектері, ұстаздық қызметі туралы терең зерттеулер ұсынады. Жыл сайын қатысушылар санының артуы – бұл бастаманың өміршеңдігін көрсетеді.

Клуб аясында ұйымдастырылатын пікірталастар, эссе байқаулары, мақалалар жазу, сұхбат алу сияқты шығармашылық жұмыстар оқушыларды нақты журналистік ортаға бейімдейді. Олар ақпарат жинау, оны саралау, өз көзқарасын дәлелдеу сияқты маңызды дағдыларды меңгереді. Бұл – Темірбек Қожакеев қалыптастырған публицистикалық дәстүрдің жалғасы.

Сонымен қатар, клуб жұмысына белсенді қатысқан оқушылар мен жетекші ұстаздарға жыл сайын Мадет Темірбекұлы Қожакеевтің арнайы шәкіртақысы тағайындалады. Бұл – білім мен еңбекті бағалаудың нақты көрінісі әрі жастарға үлкен қолдау.

Бүгінгі таңда Темірбек Қожакеевтің еңбектері мектеп оқушылары арасында кеңінен насихатталып келеді. Оның сатиралық жанры бойынша дайындалған ғылыми жобалар облыстық және республикалық деңгейде жүлделі орындарға ие болып, жас зерттеушілердің ғылыми қызығушылығын арттыруда.  

Ал, мектеп жанынан ашылған Темірбек Қожакеев музейі – журналистика тарихын танытатын бірегей білім беру кеңістігі. Мұнда сақталған архивтік материалдар, сирек кітаптар, қолжазбалар мен фотосуреттер оқушыларға ғалымның өмір жолын терең түсінуге мүмкіндік береді. Музей – тек экспонаттар жиынтығы емес, ол – өткен мен бүгінді жалғайтын рухани көпір.

Музейдегі әрбір жәдігер – тарихтың үнсіз куәгері. Олар арқылы оқушылар тек бір тұлғаның өмірін ғана емес, тұтас бір дәуірдің тынысын сезінеді. Бұл өз кезегінде олардың тарихи санасын қалыптастырып, ұлттық құндылықтарға деген құрметін арттырады. Осы тұрғыда мектебіміздегі Темірбек атамызға арналған музей республикалық байқауда Бас жүлдені иеленіп, «Виртуалды үздік музей» атағына ие болды.

Мектеп қабырғасында шығарылатын қабырға газеттері, аудандық басылымдарда жарияланатын оқушылар мақалалары, түрлі медиа жобалар – Қожакеев идеяларының нақты тәжірибелік көрінісі. Оқушылар өзекті тақырыптарды қозғап, қоғамдық пікір қалыптастыруға алғашқы қадамдарын жасайды. Бұл олардың шығармашылық қабілетін дамытып қана қоймай, ақпараттық сауаттылығын арттырады.

Темірбек Қожакеев өз еңбектерінде журналистің басты міндеті – шындықты айту, қоғамдағы кемшіліктерді сынау және халық мүддесін қорғау екенін атап көрсеткен. Бұл ұстанымдар бүгінгі мектеп тәрбиесінде де негізгі бағдарға айналған. Оқушылар әділдік пен шыншылдықты басты құндылық ретінде қабылдап, болашақта жауапкершілігі жоғары азамат болуға ұмтылады.

Қорытындылай келе, Темірбек Қожакеев атындағы мектеп-гимназиясындағы «Қожакеевтанушылар» клубы мен музей – ғалым мұрасын жаңғыртып қана қоймай, оны заманауи білім беру үдерісімен ұштастырып отырған маңызды рухани орталықтар.

Бұл ортада тәрбиеленген оқушылар Темірбек Қожакеев қалыптастырған журналистика мектебінің дәстүрін жалғастырып, сөз құдіретін түсінетін, қоғамға бейжай қарамайтын саналы тұлға болып қалыптасуда.

Жамиля БЕГИМБАЕВА,
Темірбек Қожакеев атындағы №39 мектеп-гимназиясының 11-сынып оқушысы.

МЕРКІ АУДАНЫ,
ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫ.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here