Салық, бизнес және деректер: бірінші тоқсанның қорытындысы

0
374
Коллаж: Baq.kz

Жақында бірінші тоқсандағы салық түсімдері мен шағын және орта бизнес кәсіпорындарының саны туралы мәліметтер жарияланды. Деректердің тілі – салқын әрі нақты, ол жерде бос үрей мен эмоцияға орын жоқ.

Басында бәріміз алаңдап едік, себебі болжамдар көңілге қорқыныш ұялатқан болатын. Қоғамда салық реформасының әсерінен шағын және орта бизнес жаңа талаптарға шыдамай, жаппай жабыла бастайды, ал бюджет кіріссіз қалады деген пікірлер жиі айтылды. Алайда, шындық басқаша болып шықты.

Бірінші тоқсанның көрсеткіштері салық реформасының алғашқы оң нәтижелерін растап отыр.

БІРІНШІДЕН: БЮДЖЕТ КІРІСІ АРТТЫ

2026 жылға арналған салық түсімдерінің жоспары 18,9 трлн теңгені құрайды – бұл 2025 жылмен салыстырғанда 4,4 трлн теңгеге артық.

Қаңтар-наурыз айларында бюджетке (трансферттерді есептемегенде) 4,1594 трлн теңге түсті. Жоспар 101,8%-ға орындалды. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда өсім – 26,1% (+861,8 млрд теңге). Қосылған құн салығы (ҚҚС) бойынша 1,9625 трлн теңге түсті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 48,6%-ға немесе 641,9 млрд теңгеге көп. Бюджет кірісінің 98%-ын құрайтын салық түсімдері 101,6%-ға орындалды: 4,0128 трлн жоспарланса, іс жүзінде 4,0776 трлн теңге түсті. Өсім – 31,5%.

Айта кетерлігі, қаңтар-ақпан айларында өткен жылдың IV тоқсанының салығы төленетіндіктен, ҚҚС бойынша төлемдер әлі де 12% мөлшерлемесімен жүргізілді.

Негізгі салықтар бойынша көрсеткіштер:

• КТС (Корпоративтік табыс салығы): +16,9%;

• Импортқа салынатын ҚҚС (қазіргі 16%-дық мөлшерлемемен): +24,2%;

• ПҚӨС (Пайдалы қазбаларды өндіру салығы): +35,7%.

Айта кетерлігі, алдағы төлемдер есебінен алдын ала төлету әдісі қолданылған жоқ. Кірістің артуына нақты экономикалық белсенділік, тауар айналымының өсуі және салықтық-кедендік әкімшілендірудің тиімділігі әсер етті. Тек фискалдық шаралардың арқасында бюджетке қосымша 130 млрд теңге түсті.

ЕКІНШІДЕН: ҚҚС ТӨЛЕУШІЛЕР САНЫ КӨБЕЙДІ

Жыл басынан бері ҚҚС төлеушілердің саны 12 мыңға артып, 146 мыңға жетті. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 20 мыңға көп, әрі тек жылдың алғашқы тоқсанының өзінде тіркелген өсім. Бұл – реформаның негізгі нәтижелерінің бірі.

Көп жыл бойы бір көріністі байқадық: шағын және орта бизнес саны тұрақты түрде өсіп отырды – 2020 жылғы 1,3 млн-нан 2025 жылдың соңында 2,17 млн-ға дейін. Ал, ҚҚС төлеушілер саны соңғы жылдары айтарлықтай өзгерген жоқ: 2022 жылы – 120 мың, 2023 жылы – 123 мың, 2024 жылы – 125 мың. Бұл бизнестің негізінен «көлденең» бағытта дамығанын көрсетеді: ол бөлшектеніп, жеңілдетілген режимдегі бір-бірімен байланысты жеке кәсіпкерлердің кең желісіне айналды.

Мен бірнеше рет атап өткенімдей, Қазақстандағы бизнестің орташа өмір сүру ұзақтығы шамамен 3,5 жыл, ал осы кезеңдегі «бастапқы шығын» деңгейі әлі де жоғары. Мұны көрсеткіштер де растайды: 2022-2024 жылдары елде 1,8 млн жеке кәсіпкер тіркелсе, соның 842 мыңы, яғни 46% қызметін тоқтатқан. Демек, бизнестің едәуір бөлігі тұрақты дамуға жетпек түгілі, бастапқы кезеңнен де өте алмаған.

Салықтық жеңілдіктер бизнестің саны жағынан өсуіне ықпал еткенімен, сапалы өсуге кедергі болды. Бұл тұрақты жұмыс орындарының құрылуы, еңбек өнімділігінің артуы және ашық қызмет жүргізу сияқты көрсеткіштерден байқалады. 2022 жылдан бері жалпыға бірдей салық режимінде жұмыс істейтін, қосылған құн қалыптастыратын және жаңа жұмыс орындарын ашатын тұрақты компаниялардан тұратын «тік құрылымның» өсуі іс жүзінде тоқтап қалды. Ал, экономиканың орнықты дамуы үшін мемлекетке дәл осындай тік өсім қажет, яғни бизнес ауқымын кеңейтіп, іріленіп, сапалы жаңа деңгейге көтерілуі тиіс.

Қазір бұл үрдіс біртіндеп өзгере бастады.

ҮШІНШІДЕН: ШОБ САПАЛЫ ТҮРДЕ ТРАНСФОРМАЦИЯЛАНУДА

Бірінші тоқсанның дерегі бойынша 2,2 млн шағын және орта бизнес (ШОБ) субъектісі тіркелген – бұған заңды тұлғалар, жеке кәсіпкерлер, сондай-ақ фермерлік және шаруа қожалықтары кіреді. Жыл басынан бері олардың саны 5,3%-ға азайды, бұл ШОБ-тың өзгеру үдерісін – іріленуін және қызметтің басқа форматтарына көшуін көрсетеді. Мәселен, жыл басынан бері салық жүйесінде 410 мың өзін-өзі жұмыспен қамтыған азамат тіркелді. Осылайша, ШОБ аясындағы экономикалық белсенді қатысушылардың жалпы саны шамамен 2,7 млн-ға жетті.

Соның ішінде 348,5 мың өзін-өзі жұмыспен қамтыған азамат – бұрын кәсіпкер ретінде тіркелмегендер. Олар негізінен такси, жеткізу қызметі, сұлулық қызметтері, тұрғын үйді жалға беру, репетиторлық және фитнес салаларында жұмыс істейді. Бұл мәліметтер ресми жұмыспен қамтудың ауқымы кеңейіп, бұрын салық жүйесіне қатыспаған азаматтардың оған тартыла бастағанын көрсетеді.

2026 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша ШОБ-тан республикалық бюджетке түскен салық түсімдері өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 20,3%-ға өсіп, 1,130 трлн теңгені құрады (2025 жылы – 939,9 млрд теңге). Оның ішінде орта бизнес түсімдері 11,7%-ға (554,3 млрд теңге), ал шағын бизнес – 29,9%-ға (575,9 млрд теңге) артты. Бұл салық базасының кеңейіп, қызметтің ашық жүргізіле бастағанын аңғартады.

Бизнестің айналымы да артуда. Биылғы жылдың бірінші тоқсанында электронды шот-фактуралар жүйесі арқылы 42,4 трлн теңге өткен, бұл өткен жылмен салыстырғанда 14%-ға көп.

Бұл жай ғана статистика емес, бұл – қоғамдағы қалыптасқан көзқарастың өзгеруі. Экономикалық белсенді азаматтардың басым бөлігі көлеңкеден шығып, заңды жұмыс істеуді таңдауда. Олар салық төлеу арқылы өз ертеңін, яғни әлеуметтік және зейнетақылық кепілдігін нығайтуда.

Ең басты түйін: бизнес те, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар да жаңа талаптарға бейімделе алды.

Иә, реформаны қабылдау оңай емес, күдік пен күмәннің болуы да заңды. Алайда, нақты деректер кәсіпкерлердің тек белсенділігін сақтап қана қоймай, жаңа ережелерге икемделіп, ісін қайта жаңғыртып жатқанын дәлелдеп отыр.

ҚҚС төлеушілердің 12 мыңға көбеюі мен ШОБ-тағы жандану – құрғақ цифр емес, бұл экономикамыздың есейіп, тұрақты даму жолына түскенінің айқын белгісі.

ТӨРТІНШІСІ: салықтық әкімшілендіру жазалауға емес, өзара түсіністік пен ашық диалогқа негізделген жаңа деңгейге өтті

Біз реформаны ашық талқылау жолын саналы түрде таңдадық.

Жаңа Салық кодексіне қатысты бір жылға созылған пікірталастар барысында салық органдары мен бизнес арасындағы ұстанымдар айқындалып, өзара сенімсіздік деңгейі төмендеді. Салық жүйесіне деген көзқарас та біртіндеп өзгеріп келеді: «жазалаушы» сипаттан – кеңес беруге бағытталған, диалогқа негізделген жүйеге қарай бет бұрды.

Микро және шағын бизнесті реттеу жүйесі мүлдем жаңа сипатқа ие болды. Ендігі кезекте мемлекет бизнестің әр қадамын бақылаушы емес, оған жол көрсетуші серікке айналды. Мемлекеттік қызмет көрсетуден бастап, салық міндеттемелерін орындауға дейінгі барлық кезеңде сервистік қолдау көрсету, әлеуметтік желілердегі кері байланыс және кәсіби кеңесшілермен тығыз жұмыс істеу – мемлекет пен бизнес арасындағы сенімнің нығайғанын дәлелдейді. Мәселен, «Халық бухгалтері» акциясы аясында 120-дан астам маман жұмылдырылып, бір тоқсанда 47 мыңнан астам кәсіпкерге тегін көмек көрсетілді.

Бүгін біз ел игілігі үшін жауапкершілік танытып, салықты дер кезінде төлеп отырған кәсіпкерлерімізге шынайы алғыс білдіреміз. Бұл қаражат білім беруге, денсаулық сақтауға, мұқтаж жандарды қолдауға және балаларымыздың болашағын қалыптастыруға бағытталады.

Тағы бір маңызды мәселе – бюджеттік саясат.

Биыл біз соңғы бес жылда алғаш рет Ұлттық қордан нысаналы трансферттер алудан бас тарттық. Салыстырмалы түрде: 2025 жылы мұндай трансферт көлемі 3,25 трлн теңге болған. Экономиканы әртараптандыру бағытындағы шаралармен және жаңа экономикалық өсу саясатымен қатар, бұл қадам неғұрлым тұрақты модельге көшудің маңызды кезеңдерінің бірі болып саналады: шикізат кірістеріне тәуелділік азайып, өзіміздің салықтық базаға арқа сүйеу күшейеді.

Баға және инфляция туралы.

Салық кодексінің қабылдануы, соның ішінде ҚҚС мөлшерлемесінің артуы халық пен бизнес арасында инфляциялық күтулер тудырғаны рас. Алайда, реформаның ашық талқылануы кәсіпкерлерге алдын ала дайындалуға мүмкіндік берді: олар бағаны 2025 жыл ішінде біртіндеп реттеп үлгерді.

Нәтижесінде, ҚҚС өзгерісінің негізгі әсері 2025 жылдың соңы мен 2026 жылдың басында-ақ өтіп кетті. Бұл әлемдік тәжірибеге толық сәйкес келеді: салық мөлшерлемесінің өсуі әдетте алты айға дейін ғана әсер етеді. Ал, орта мерзімді перспективада ҚҚС, керісінше, орынсыз тұтынуды тежейтін фактор ретінде қызмет атқарады.

БЕСІНШІСІ: 4,4 трлн теңге жаңа салық түсімдері

Бюджетке қосымша 4,4 трлн теңге салық жинау жоспары – бұл жай ғана құрғақ цифр емес. Бұл – келесі маңызды қадамның, яғни халықтың табысын арттырудың негізгі көзі.

Мамыр айында «Халықтың нақты табысын арттырудың жаңартылған бағдарламасы» таныстырылады. Онда Үкіметтің нақты іс-қимылдары көрсетілген: тұрақты әрі сапалы жұмыс орындарын ашу, отандық өнеркәсіпті қолдау, экспортты дамыту және азаматтардың қаржылық жүктемесін жеңілдету.

Үкіметтің басты міндеті өзгеріссіз қалады: экономикадағы өсім халық табысының артуына тікелей әсер ететін жағдай қалыптастыру. Осы мақсатта белсенді экономикалық өсім саясаты жүзеге асырылып жатыр. Өйткені, табыстың өсуі – әкімшілік шешіммен келетін нәтиже емес, ол экономиканың құрылымдық өзгерістерінің жемісі. Ал, алғашқы нәтижелер біздің дұрыс бағытта келе жатқанымызды көрсетеді.

Серік ЖҰМАНҒАРИН,
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары –
Ұлттық экономика министрі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here