Үнсіз үндеу: Аңсаған Мұстафаның «Сөйле, сурет!» атты көрмесі ашылды

0
575

Қазақстан Республикасының Ұлттық мұражайында суретші Аңсаған Мұстафаның «Сөйле, сурет!» атты көрмесі ашылды. Көрменің ашылу салтанатына мәдениет және өнер қайраткерлері, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Салтанатты рәсім барысында ҚР Ұлттық мұражайының директоры Берік Әбдіғалиұлы бұған дейін халықаралық деңгейдегі көптеген көрме өз көрерменін тапқанын атап өтіп, бұл экспозицияның да жүздеген адамның жүрегінен орын табарына сенім білдірді.

«Аңсаған Мұстафаның туындылары көрерменді терең ойға жетелеп, қоғамдағы өзгерістерді жаңаша пайымдауға үндейді. Мұражай әрдайым өзекті әлеуметтік мәселелерді көтеретін шығармашылық бастамаларды қолдап, осындай көрмелерді ұйымдастыруды дәстүрге айналдырған», – деді мұражай директоры.

Аңсаған Мұстафа 1979 жылғы 12 қыркүйекте Атырау облысының Миялы ауылында дүниеге келген. 1997 жылы Алматыдағы көркемсурет колледжін тәмамдап, кейін Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында графикалық дизайн мамандығы бойынша білім алған.

«Сөйле, сурет!» көрмесінде автордың қазіргі қоғамның өзекті мәселелеріне арналған 70-ке жуық графикалық жұмысы ұсынылған. Суретші көркем тіл арқылы әлеуметтік желілер дәуіріндегі жалғыздық, технологиялық тәуелділік, адамдар арасындағы қарым-қатынас, отбасы құндылықтары, жұмыссыздық, сондай-ақ қаржылық және цифрлық тәуелділік секілді маңызды тақырыптарды тереңінен ашады.

Көрме қазіргі қоғамдағы әлеуметтік мәселелерді өнер тілі арқылы бейнелеуге арналған. Туындыларда адамаралық қарым-қатынас, жалғыздық, ұрпақтар арасындағы байланыстың үзілуі, қаржылық қиындықтар мен күнделікті өмірдің қысымы секілді өзекті тақырыптар көрініс тапқан. Графикалық стильдің қарапайымдылығы күрделі ойларды көрерменге түсінікті әрі жүрекке жақын етіп жеткізеді. Әрбір туынды – ойлануға шақыратын, өзіңе сырт көзбен қарауға және айналадағы құбылыстарды жаңаша пайымдауға үндейтін үнсіз үндеу.

Қонақтарды қарсы алған Аңсаған Мұстафа көрсетілген ілтипат үшін алғыс айтып, өз туындыларында көтерілген әлеуметтік мәселелердің біртіндеп жаһандық сипат алып келе жатқанын атап өтті.

«AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек те көрменің мазмұнына тоқталып, қазіргі ақпараттық кеңістіктің қоғамға ықпалына назар аударды. Ол әлеуметтік желілерді ұқыпты әрі саналы түрде пайдаланудың маңыздылығын ерекше атады.

«Аңсаған Мұстафаның шығармашылығы – қазіргі қоғамның айнасы. Қытай философиясында «адам не жесе, соған ұқсап кетеді» деген сөз бар. Сол секілді адам әлеуметтік желілерде тұтынатын контентіне қарай қалыптасады: не көретініне, кімге жазылатынына, қандай ақпарат алатынына байланысты өзгереді. Бұл көрмедегі жұмыстар әрбір көрерменді ойлантып, өз таңдауларына сыни көзқараспен қарауға жетелейді деп сенемін», – деді Д. Кәрібек.

«Сөйле, сурет!» жобасы 2014 жылы Астанада бастау алып, кейін еліміздің көптеген қаласында ұсынылды. Бұл экспозиция – суретшінің шығармашылық жолындағы 200-ші мерейтойлық көрме. Бүгінде оның туындылары әлемнің 30-дан астам елінде көрсетілген.

Көрме Ұлттық мұражайдың 6-қабатында орналасқан және 2026 жылғы 19 мамырға дейін келушілерге ашық болады.

Нұрлайым ЖАҚЫПҚЫЗЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here