Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Смағұл Сәдуақасұлының туғанына 125 жыл толуына орай қоғам қайраткерінің өмірі мен шығармашылығына арнап Смағұл Садуақасұлы (1900-1933) атты библиографиялық көрсеткішті жарыққа шығарды.
Смағұл Садуақасұлы – ХХ ғасырдың басындағы қазақ руханияты мен саяси өміріндегі ерекше із қалдырған тұлғалардың бірі. Мәдениет қайраткері, қазақ театрының ұйымдастырушысы, көрнекті жазушы және сыншы ретінде танымал. Алаш жұртының азаттығын аңсаған Смағұл Сәдуақасұлы жастайынан ел басқару ісіне араласып, ұлты мен жерінің аласапыран дəуірінде бірлігімен мызғымастығын сақтауға үлес қосқан, саясаттың өтiнде жүрiп, ұлт азаттығы үшiн отаршылдармен күрескен азамат. Ұлттың теңдiгi үшiн өз ғұмырын арнаған. Қазақстанда Кеңес билігінің орнауына, сол арқылы өз халқының мұң-мұқтаждарына болысуға əрекет еткендердің бірі. Сол үшін де өз дəуірінде қызыл империяның саясатына сай келмей қудалауға ұшыраған.
Еліміз егемендік алғаннан кейін ғана Смағұл Садуақасұлының есімі ұлықтала бастады. Қоғам қайраткеріне арнап ескерткіш орнатылып, есімі көшелер мен мектептерге берілді. Бүгінде біраз ғалымдарымыз Алаш зиялысының мұрасын жинақтап, зерттеп кеңінен насихаттап жүр. Олардың қатарында М. Қойгелдиев, Д. Қамзабекұлы, Б. Қойшыбаев, Н. Сансызбаев және де басқа тарихшылар, алаштанушы зерттеушілер мен әдебиетші мамандарды айтуға болады. С. Садуақасұлының көптомдықтарын 1993 жылы Б. Дәрімбетов, 2003 және 2013 жылы Д. Қамзабекұлы жарыққа шығарды. Д. Қамзабекұлы, Р.С. Елмырзаева осы тұлғаның еңбектерінен кандидаттық диссертация қорғады. Д. Қамзабекұлының «Смағұл Садуақасұлы» атты зерттеу кітабы екі рет толықтырылып баспадан шықты. Бұдан бөлек көптеген ғылыми мақалалар мерзімді баспасөз беттерінде жарияланды. 1998 жылы ҚР Ұлттық кітапханасы дайындаған «Қайта оралған есімдер» атты сериялы библиографиялық көрсеткішке Смағұл Сәдуақасұлының өмірі мен қызметі жайлы библиографиясы енгізілді. Қайраткер мұрасын зерттеу арқылы біз қазақ қоғамының рухани, саяси және мәдени даму жолын тереңірек танимыз, ұлтты сүюдің, елдік мүдде жолында күресудің үлгісін көреміз. Бүгінгі ұрпақ Смағұл Сәдуақасовтай тұлғалардың еңбегін қастерлеп, олардың мұрат-мақсатын жалғастыруы – үлкен парыз. Оның өмір жолы – елін сүйген, халқы үшін қызмет еткен нағыз азаматтың өнегесі. Халқына деген зор сүйіспеншілігі, биік адамгершілік қасиеті, адалдығы мен жанқиярлығы қысқа болса да жарқын, күреске толы өмірі өсіп келе жатқан жас ұрпаққа әрқашанда үлгі болары сөзсіз. Есімі ұрпақтар жадында мәңгі сақталары анық.
Ұлттық кітапхана дайындаған бұл еңбек – Смағұлтануға үлес болып қосылатын сондай-ақ тұлға мұрасын жүйелеуге арналған ғылыми-анықтамалық басылымдардың бірі болып саналады. Жинақ қоғам қайраткерінің еңбегін зерттеуші жас ғалымдарға, тарихшыларға, саясаттанушыларға, гуманитарлық ғылымдар саласындағы мамандарға көмекші анықтамалық құрал ретінде ұсынылады. Библиографиялық көрсеткіштегі ақпараттар 1918 жылдан 2025 жылдың қараша айына дейінгі кезеңде баспа бетінде жарық көрген кітаптарды, жинақтар мен мерзімді баспасөз беттерінде жарияланған еңбектер мен мақалаларды қамтиды. Көрсеткіш қазақ, орыс және шет тіліндегі екі бөлімнен тұрады. Қазақ тіліндегі бөлімі тақырыптық айдарларға бөлініп, Смағұл Сәдуақасұлының жазған кітаптары, прозалық туындылары, мақалалары мен хаттары, сөйлеген сөздері мен баяндамалары, оның өмірі мен қызметіне қатысты зерттеулер, туыстары мен ұрпақтары туралы деректер, қайраткердің көркем әдебиеттегі бейнесі және оны мәңгі есте қалдыру жайында жазылған еңбектер қамтылған. Ал, орыс және шет тілдеріндегі бөлімдер тұлға мұрасының халықаралық деңгейде танылуына мүмкіндік береді. Аталған жинақты әзірлеу барысында ҚР Ұлттық кітапханасының бай кітап қоры, «Қазақстан өткені мен бүгіні» дерекқорлары, анықтама-библиографиялық аппараты, сондай-ақ ҚР Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының шежірелік басылымдары мен интернет ресурстары пайдаланылды, материалдар мазмұндық тұрғыдан айқындалып, ғылыми талапқа сай реттелді. Жинақ есімдер мен басылым атаулары көрсеткіштерімен толықтырылып, зерттеушілердің жұмысына ыңғайлы болатындай етіп құрастырылған.
Ұлт зиялысына арналған бұл көрсеткіш ұлт тарихындағы көрнекті тұлғалар мұрасын жинақтау, сақтау және насихаттау бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстардың жалғасы болып табылады. Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы алдағы уақытта да қазақ руханиятының дамуы жолында халқына қалтқысыз қызмет еткен қоғам қайраткелерінің өмір жолы мен шығармашылық мұрасын жинақтап, ғылыми-библиографиялық тұрғыда зерделеп, келешек ұрпаққа жеткізу жолында үздіксіз еңбек ете береді.
Мәншүк САҒАТБЕКОВА,
ҚР Ұлттық кітапханасы Ұлттық библиография
қызметінің библиографы











