Жазушы, сыншы, алаштанушы, әдебиеттанушы-ғалым, баспагер Елдос Тоқтарбайдың «Арғы жағы Хазардың, бергі жағы…» роман-хроникасы үш бөлімнен һәм эпилогтен тұрады. Ал, автордың алғысөзі ‒ зор тұздық. Қалам иесінің бұл шығармасында тек 1911-1913 жылдары аралығында жарық көрген «Қазақстан» газеті туралы ғана емес, бауырлас ел ‒ қазақ-әзербайжан арасындағы рухани, мәдени, әдеби, тарихи байланыс турасында да сыр шертілген, қос елдің дамуына елеулі үлес қосқан тұғырлы тұлғалары жайында жан-жақты жазылған, келісті тілмен кестеленген-ді. Қаламгердің қажырлы еңбек қылғаны, ізденгені бірден аңғарылды. Себебі, ол осынау тақырыпқа ойда-жоқта келе салмаған, бұрнағыдан бері ой-қазанында пісіп-жетілген дүние еді…
Рoмaн-хроникадағы тapиxи шындық пeн көpкeмдiк шeшiм мәceлeлepi автордың жекелеген концепциясы негізінде жүзеге асқаны айқын. Елдос XX ғасыр басындағы зиялылардың ішкі әлeміне үңіліп, жан-ділінің ұңғыл-шұңғылынa бoйлaп, елдегі саяси-әлеуметтік жағдаяттарды көpceтуді, күрескерлердің ерлік хикаясы, қиын заманның қыспағынан қыңқ етпей өткенін ащы шындық, асқақ романтикамен бейнелеуді басты бағдар еткені байқалады. Aғын cудaй тacқындaғaн уақиғaлap легі тapиxымыздың мaқтaн тұтар тұcтapын дa, көкірек қарс айырыла, күpciне бac шaйқaр тpaгeдиялық жaғдaйларын да баян етеді. Ұлттың құт-бepeкeci – бipлiгi мен ынтымaғындa. Oдaн aйыpылсаң болғаны – жaт жұpттың қopлығынa ұшыpaйсың, жер бетінен өшесің. Осынау идея – аталмыш көpкeм шығарма өзегі. Өткен дәуірді көрсететін «Арғы жағы Хазардың, бергі жағы…» романының көркемдік жүйесінде, идеялық, тақырыптық, жанрлық, стильдік жаратылысында фактілердің атқарар қызметі орасан. Өйткені, деректер мен құжаттар бұрмаланбай, көркем шығармаға дәлме-дәл көшкен-ді.
Өлі тарихқа жан бітіретін, Тұран даласындағы оқиғаларды өрістететін, кейіпкерлер керуенін түзетін ‒ әлбетте, көркем тіл, айшықты сөз, оқырманды тебірентер теңеулер. Е. Тоқтарбай туындыны баяндау барысында кібіртіктемейді, өйткені романның өзіндік ағысы, иірімі бар. Түрлі көркемдік элементтер мен компоненттер: сюжет, композиция, тіл, стиль, жанр қарым-қатынасы тұтастығынан тұрады. Мұнымен қоса, баяндаудың сәтті, ретті шығуында Елдостың дүниетанымы, жеке шығармашылық бағыт-бағдары, кеңістік пен уақыт ұғымдары арасындағы барқадар байланысты ұғына білу қабілеті, психологиялық деталь-штрихтарды қолдану машығы айтарлықтай рөл атқарғаны сөзсіз. «Арғы жағы Хазардың, бергі жағы…» роман-хроникасындағы баяндаушы-нарратор бір оқиғадан екіншісіне оңтайлы ойыса өтіп, майдай сырғып отырады. Бұл ‒ көркем мәтін пластикасын күшейтетін нәрсе.
Қазақстан да, Әзербайжан да ‒ бір-біріне етене жақын ел, туыстас халық. Ғұмар Қарашұлы, Бақытжан Қаратаев, Ғұбайдолла Бердіұлы, Мұхамбет Бақыткереев, Иманғали Тоқбердиев, Халел Досмұхамедұлы, Елеусін Бұйраұлы, Ахметқали Мәмбетұлы, Ғабдолғазиз Мұсағалиұлы, Шәңгерей Бөкейұлы, Барлыбек Сырттанұлы, Мұхит Мералыұлы, Сәлімгерей Нұрлыханұлы, Ишанғали Меңдіханұлы, күйші Сейтек, Мұстафа Көкебайұлы, қажы Зейнелғабиден Тағиев, Нариман Нариманов, Ғалымардан Топшыбасов, Маман әулеті асыл ұлдарының, т.б. көркем бейнесі көкейге қонымды шыққан. Өмірде болған, бірақ кейін жер бетінен көшкен елтұтқаларды тірілту – оңай жұмыс емес. Сол кісі боп сөйлеу, сол кісі боп тебірену, кейіпкердің дәп сол мезеттегі күйін бастан кешу – қиынның қиыны. Бұл – жүйкеге жүк боларлық ұзақ толғанысты, еңбекті, қажыр-қайратты қажет ететін, әбден діңкелететін процесс. Сюжеттік желі жеңіл, емін-еркін өріліп, оқиға бірде Оралда, бірде Жетісу жерінде, бірде Бақыда (Баку) дамып, туынды динамикасына дем беріп тұрады. Қаламгердің қиналмай-тыраштанбай жазатыны, кең-молынан көсілетіні қуантты. Бастапқыда, оқиғалар тізбегі баян дамып, бірсыдырғы, іркес-тіркес жылжып отырғандай көрінгенімен де, сюжет барған сайын шиеленісіп-ширығып, ішкі қайшылық үдейді. Автор бәрін тегіс ақтарып тастағысы жоқ, отқа шет-шетінен, аз-маздан отын тастаған адамша асығар емес, Елдос ыммен-жыммен, айтқансығанси бұра жөнеліп, қапталға қарата ығысып, ишарамен, астармен жеткізгіш. Қазақ жұрты, түркілер, я тұтас мұсылман қауымы болған нәрсеге болаттай берік боп, өткенге өкінбей, қайта шүкіршілік етіп, тәубе қылып, алға жылжып, жай ғана: «Әр істің қайыры бар…», – дей салатыны бар. Аталған романдағы тарихи кейіпкерлер де өмірге құштар, мұратшыл, жігерлі…
Көркем мәтін – құрылымы бөлекше семиотикалық құбылыс. Соған орай, мәтіндегі тілдік таңбалар, кодтар жүйесі ‒ таным жемісі. Сол себепті, оқырман санасында көркем мәтіндегі тілдік кодты аша алатындай, талдап-тәпсірлей алатындай білім-білік болуы шарт. Өйткені, автордың айтпақ ойын lingvo-бірліктер және көркемдік-эстетикалық жүйе арқылы ғана ұғына алмақпыз. Әдебиет – дүниетану ғылымының ең биігі, төресі. Бұл – адам өмірін, қоғамды және болмысты көркемдік тұрғыдан пайымдау, зерттеп-зерделеу деген сөз. Қазіргі қазақ прозасы тақырып аясының кеңдігімен, образдар жүйесінің нақтылығымен, уақиғалар желісінің шымырлығымен, кейіпкерлер мінез‑қасиеттерінің даралығымен, қаламгерлер концепциясының айқындығымен, жанр трансформациясымен ерекшеленеді. «Не істелді? Ендігі атқарар шаруа қандай? Не жоғалттық, не таптық? Келешекте қалай дамимыз?» деген сауалдар мазаны қашырды. Өйткені, бұл шығармада көп дүние астарлап айтылған, «ей, елім, есіңді жи, етегіңді жап…» деген үндеу-ұран бардай сезіледі. Ойымызды қорыта келе айтарымыз, жазушы, ғалым Елдос Тоқтарбайдың «Арғы жағы Хазардың, бергі жағы…» ‒ кешегі мен бүгінгі, көне мен жаңа арасын жалғаған, тарихи жадыға үңілген, секем алған көңілді серпілткен роман.
Әлібек БАЙБОЛ, жазушы, драматург,
әдебиеттанушы-ғалым, алаштанушы









