Қазақ әйелінің теңдігі: ғасырлық жол, ағартушылық арнаға айналған «Әйел теңдігі» журналына – 100 жыл

0
2300

XX ғасырдың басында қазақ баспасөзі қоғам санасындағы «еркіндік» пен «теңдік» ұғымдарының орнығуына ықпал еткен тарихи-мәдени құбылыс ретінде қалыптасты. Мерзімді басылымдарда жер мәселесі, өнер-білім тақырыптары кеңінен қозғалғанымен, өзекті мәселелердің бірі ретінде әйел теңдігі, қалың мал, қыз балаларды оқыту мәселелері көрініс тауып, қазақ әйелінің білім алу құқығын негіздеуге әрі оның әлеуметтік мәртебесін арттыруға бағытталған ағартушылық идеялардың кең таралуына жол ашылды. Аталған үдеріс «Айқап» (Троицк, 1911-1915), «Қазақ» (Орынбор, 1913-1918), «Сарыарқа» (Семей, 1917-1919), «Бірлік туы» (Ташкент, 1917-1918), «Абай» (Семей, 1918), «Жас азамат» (Орынбор, 1918-1919) басылымдарында әйелдің қоғамдағы рөлін жаңаша пайымдауға және оның мәдени-ағартушылық қызметін күшейтуге бағытталған көзқарастардың қалыптасуына негіз болды. Сақыпжамал Тілеубайқызы, Күлайым Өтегенқызы, Мағрипа Қойбағарқызы, Мариям Сейдалы, Мархаба Зәрібайқызы, Мәрзия Дәрібайқызы, Нәзипа Құлжанкеліні, Аққағаз Досжанқызы сынды қазақтың алғашқы тілші арулары ұлттық баспасөз кеңістігінде әйел үнінің қалыптасуына елеулі үлес қосты. Мәселен, «Айқап» журналының 1911 жылғы №7 санында жарияланған Сақыпжамал Тілеубайқызының «Қазақ қызының аталарына» атты мақаласында: «Қымбатты аталар! Бiз дағы сiздердiң ер балаларыңыз секілді балаларыңызбыз. Ер балаларыңыз қанша жақсы, білімді, үлгілі болса, соншама сіздерге абырой емес пе?! Сол сияқты біздер де білімді, үлгілі болып, надан болмай, тәрбиелі болсақ, сіздерге абыройлы болмас па едік? Шариғат бұйрығынша ер бала мен қыз бала тең болуға тиісті?» деп, қыз балалардың білім алу құқығын негіздеп, әйел теңдігі мәселесін батыл көтереді. Сонымен қатар, ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетінде жарық көрген «Гүлқашима» (Мұхамеджан Сералин, 1909), «Бақытсыз Жамал» (Міржақып Дулатұлы, 1910), «Қыз көрелік» (Тайыр Жомартбай, 1912), «Қалың мал» (Спандияр Көбеев, 1913), «Қамар сұлу» (Сұлтанмахмұт Торайғыров, 1914), «Мұңлы Мәриям» (Мұхамедсәлім Кәшімұлы, 1914), «Сылаң қыз» (Жүсіпбек Аймауытұлы, 1922), «Балқия» (Міржақып Дулатұлы, 1922), «Алтын сақина» (Қошке Кемеңгерұлы, 1926) сынды прозалық және драмалық туындыларда да әйел тағдыры, теңсіз неке, қалың мал, қыз еркіндігі мен білім алу мәселелері көркемдік тұрғыдан бейнеленеді. 1917 жылы «Сарыарқа» газетінің №12 санында жарияланған Мұхтар Әуездің «Адамдық негізі – әйел» атты мақаласында: «Ал, қазақ мешел болып қалам демесең, тағліміңді, бесігіңді түзе! Оны түзейім десең, әйелдің халін түзе!» деген ой айтылып, әйел мәселесінің ұлт болашағымен тікелей байланысы айқын көрсетіледі. 1917 жылы 21-26 шілде күні Орынбор қаласында өткен  сиезде де әйел мәселесі күн тәртібіне енгізіліп, талқылауға түседі. Сайып келгенде, әйел теңдігі мәселесі ХХ ғасырдың басында қазақ қоғамының әлеуметтік-саяси өміріндегі өзекті тақырыптардың біріне айналды. Бұл құбылыс Алаш қозғалысы қайраткерлерінің ұлттық мемлекеттілік құру, азаматтық құқықтарды кеңейту және қоғамды жаңғыртуға бағытталған бағдарламалық ұстанымдарымен тығыз сабақтастықта қарастырылды. Әйелдің қоғамдық рөлін арттыру, білім алу мүмкіндігін кеңейту және құқықтық мәртебесін айқындау мәселелері ұлттық жаңғыру идеясының құрамдас бөлігіне айналды. Міне, осындай тарихи-идеялық негізде 1926 жылдың қаңтар айынан бастап Қазақстан өлкелік әйелдер бөлімінің айына бір рет шығатын «Әйел теңдігі» журналы жарық көрді. Басылым қазақ әйелдерінің әлеуметтік белсенділігін арттыруға, сауаттылығын көтеруге және жаңа қоғамдық қатынастар жағдайында олардың құқықтық әрі мәдени санасын қалыптастыруға бағытталды. Журнал беттерінде ағартушылық, құқықтық, тәрбиелік мәселелермен қатар, қоғамдық-саяси тақырыптар да жүйелі түрде қозғалып отырды.

«Әйел теңдігі» журналы 1925 жылғы 5 мамырда өлкелік партия комитеті жанындағы әйелдер бөлімінің органы ретінде «Теңдік» атауымен Орынбор қаласында жарық көреді. Тек 1926 жылдың қаңтар айынан бастап қана басылым Қызылорда қаласында қайта ұйымдастырылып, газеттік форматтан журналдық үлгіге көшіп, «Әйел теңдігі» деген жаңа атаумен «Қазақстан» мемлекеттік баспасынан шыға бастады. Аталмыш өзгеріс оның мазмұндық аясын кеңейтіп, қазақ әйелдерінің құқықтық, мәдени және қоғамдық мәселелерін тереңірек әрі жүйелі түрде қамтуына мүмкіндік берді.

«Әйел теңдігі» журналының алғашқы саны
(1926 жыл, №1(26))

ҚР Ұлттық кітапханасы Сирек кітаптар мен қолжазбалар қызметіндегі деректерге сүйенсек, 1926-1934 жылдар аралығында жарық көрген 82 саны сақтаулы болса, ҚР Ұлттық кітапханасының «Қорды толықтыру» бөлімі тіркеу дәптеріндегі мәліметтер «Әйел теңдігі» журналының кітапхана қорына 1988 жылдың қаңтар айының 20-сы күні түскендігін көрсетеді.

«Әйел теңдігі» журналының алғашқы саны мазмұндық құрылымы жағынан сол дәуірдің қоғамдық-саяси тынысын айқын аңғартатын сипатта жарық көреді. Журнал редакторы Сара Есқызының «Ленинсіз екі жыл» атты мақаласымен ашылған журнал идеологиялық және ағартушылық бағытты қатар ұстанған басылым екендігін көрсетті. Алғашқы санда партиялық-саяси тақырыптармен қатар, әйелдер қозғалысының өзекті мәселелерін қамтыған бірқатар мақалалар жарияланды. Атап айтқанда, Иосиф Сталиннің «Партия тіршілігі», Нағима Арыққызының «Қазақстанның 5-ші партия тобы әйелдер жұмысы туралы не айтты?» атты мақалаларында қара жұмысшы әйелдер ісін партиялық саясат аясында талдауға арналды. Сонымен бірге, «Әйелдер жұртшылығына жол салынсын» (Балықшы – бүркеншік есім) мақаласында қоғамдық белсенділікті арттыру мәселесі көтерілсе, «Дені саудың – жаны сау» (Аққағаз Досжанқызы), «Ана мен баланың денсаулығын сақтау» және «Босанатын әйелдерге айтатын ақылымыз» (доктор Ермеккеліні Рақия) секілді материалдар әйел денсаулығы мен ана қорғау мәселелерін ғылыми-ағартушылық тұрғыдан түсіндіруге бағытталды. Басылым беттерінде әйелдерге арналған жергілікті ұйымдардың қызметі де назардан тыс қалмады. «Жергілікті әйелдер бөлімінің жұмысынан» және «Өкіл әйелдер жиналысы» (Е.С – бүркеншік есім), «Қызылорда уезінде әйелдер конференциясы қалай өтті?» (Нағима Арыққызы) мақалалары өңірлік әйелдер қозғалысының тәжірибесін сипаттаса, «Ел әйелдерінің тұрмысы» (Естілеу – бүркеншік есім ), «Сот ескерер» (Сергек – бүркеншік есім), «Тап беру жойылсын» (Тілші – бүркеншік есім) сынды жарияланымдар әлеуметтік теңсіздік, құқықтық сауаттылық және тұрмыстық мәселелерді көтерді. Сонымен қатар, журналда әдеби-танымдық, сын сипаттағы шығармалар да жарияланды: «Бүгінгі күн» (Шолпан – бүркеншік есім), «Қазақ әйеліне» (Рахым Малабайұлы), «Айым күл» (Малай – бүркеншік есім), «Іске сәт» (Қ.Ж. – бүркеншік есім), «Кітап сыны» (Шат – бүркеншік есім) мақалалары басылымның жанрлық аясын кеңейтіп, оны тек ресми орган емес, әйел қауымының рухани мінберіне айналдырды. Түйіндеп айтқанда, «Әйел теңдігі» журналының алғашқы саны мазмұндық әртүрлілігімен және қоғамдық-идеялық бағыттылығымен ерекшеленіп, қазақ әйелдерінің әлеуметтік, құқықтық және мәдени санасын қалыптастыруға бағытталған кешенді басылым болғанын көрсетеді.

«Әйел теңдігі» журналының алғашқы редакторы Сара Есқызы (Дереккөз: «Ақ жол» газеті, 1924 жыл, №472, 1-бет)

«Бостандық туы» газетінің 1928 жылғы санында «Әйел теңдігі» журналына қатысты жарнамалық сипаттағы ақпаратта «Әйел теңдігі» журналының ай сайын тұрақты түрде жарық көріп тұратыны көрсетіледі. Басылым беттерінде жалпы саясат, әдебиет, шаруашылық, денсаулық сақтау, оқу-ағарту, заң мәселелері, әйелдер тұрмысы және өзге де қоғамдық тақырыптар қамтылатыны айтылады. Сонымен қатар, журналда Қазақстандағы партия және кеңес басшыларының, қаламы қарымды авторлардың, ақын-жазушылардың мақалалары мен өлеңдері үздіксіз жарияланып тұратыны туралы мәлімет берілген.

Жарнама мәтінінде журналдың мақсатты аудиториясы да нақты айқындалады: әрбір партия және комсомол мүшелері, мұғалімдер, әйелдер арасында жұмыс жүргізетін қызметкерлер, өкіл әйелдер мен оқушылар «Әйел теңдігін» жаздырып алуы тиіс екендігі ескертіледі.

Журналдың жазылу құны төмендегідей белгіленген:

Бір жылға – 3 сом.

Алты айға – 1 сом 60 тиын.

Үш айға – 30 тиын.

1928 жылғы жарнамалық мәтін «Әйел теңдігі» журналының өлкелік әйелдер бөлімінің ресми басылымы ретінде ай сайын тұрақты шығып тұрғанын және мазмұны жағынан кең ауқымды қоғамдық мәселелерді қамтығанын көрсетеді. Журнал саясат, әдебиет, шаруашылық, денсаулық, оқу-ағарту, заң және әйелдер тұрмысы тақырыптарын жариялап, партия-кеңес қайраткерлері мен қаламгерлердің еңбектерін ұсынған. Сонымен қатар, ол партия, комсомол мүшелеріне, мұғалімдерге және әйелдер арасында жұмыс жүргізуші қызметкерлерге арналған идеологиялық-ағартушылық құрал ретінде насихатталған.

Берілген деректер «Әйел теңдігі» журналының 1926-1934 жылдар аралығындағы таралым динамикасын айқын көрсетеді. Жалпы 8 жыл ішінде 82 саны жарық көріп, тираж көлемі 1500 данадан 5500 данаға дейінгі аралықта өзгеріп отырған.

  1. Бастапқы кезең (1926-1928):

1926 жылы алғашқы 13 сан 2500 данамен шыққандығы жаңа басылым үшін айтарлықтай тұрақты көрсеткіш болса, 1927 жылы таралым бірде 3000 данаға дейін өссе, кей нөмірлерде 2000 данаға дейін төмендеген. 1928 жылы тираж 1500-1700 дана аралығында болып, салыстырмалы түрде азайғаны байқалады. Демек, бұл кезеңде журнал оқырман қауымын қалыптастыру үстінде болғанын аңғаруға болады.

  1. Тұрақтану және өсу кезеңі (1929-1932):

1929 жылы таралым қайтадан 2000-2500 данаға жетеді. 1931 жылы журналдың кей сандары 5000 данамен басылып, елеулі өсім байқалады. 1932 жылы тираж 5500 данаға дейін жетіп, ең жоғары көрсеткіш тіркеледі. Аталмыш деректер 1930 жылдардың басында журналдың идеологиялық және ағартушылық маңызы күшейгенін көрсетеді. Әйелдерді қоғамдық құрылысқа тарту саясатының белсенді жүргізілуі, партиялық насихат жұмыстарының күшеюі басылым таралымының артуына әсер еткен болуы ықтимал.

  1. Таралым санының кему кезеңі (1933-1934):

1933 жылдан бастап тираж қайтадан 1500-2800 дана аралығына түседі. 1934 жылы көрсеткіш 1800-2000 дана шамасында. Біздің ойымызша, аталған кезеңдегі төмендеу елдегі әлеуметтік-экономикалық қиындықтармен, ашаршылық салдарымен, сондай-ақ баспасөз саясатының қайта құрылуымен байланысты болуы мүмкін.

8 жыл ішінде 82 сан жарық көріп, таралым көлемі орта есеппен 1500-5000 дана аралығында өзгеріп отырған. Демек, журналдың таралым санының өсуі үш кезеңді айқын көрсетеді:

– Қалыптасу кезеңі;

– Идеологиялық күшею және таралымның артуы;

– Әлеуметтік-экономикалық себептерге байланысты төмендеу.

Жоғарыдағы мәліметтер «Әйел теңдігі» журналының тек ақпараттық емес, қоғамдағы әйелдер саясатының көрсеткіші әрі идеологиялық құрал болғанын дәлелдейді. Таралым көлемінің ауытқуы ел ішіндегі саяси және әлеуметтік процестермен тікелей сабақтасып отырған.

Берілген мәліметтер «Әйел теңдігі» журналының 1926-1934 жылдар аралығындағы құрылымдық өзгерісін көрсетеді. Бөлім атауларының өзгеруі журналдың мазмұндық бағыты мен идеологиялық жүктемесінің уақыт ағымына сай түрленіп отырғанын аңғартады.

«Әйел теңдігі» журналында: «Патша заманында» (Мадияр, 1926, №2–3), «Толғатқан әйелді күту және босанған әйелге жәрдем беру» (Доктор Досжанқызы Аққағаз. 1926, №2–3), «Неке-талақ» (С.Кәдірбайұлы, 1926, №4 (24), «Екі жасқа шықты» (Сара, 1926, №5–6), «Журналымызға ат салысыңдар» (Сара, 1926, №7–10), «Біздің елде әйелдер жайы» (Малдыбайұлы, 1926, №7–10), «Жедел-жәрдем» (Ілияс, 1926, №7–10), «Ана мен бала» (Қыр баласы, 1926, №7–10), «Сүт машинесіз күн қараң» (А.Т., 1926, №11), «Ерік құрбаны» (Бейімбет, 1926, №12–13), «Еңбекші әйелдер теңдікке құмар» (Абдолла, 1927, №3), «Қазақ әйелдері» (Қошке, 1927, №4), «Күлпәш» (Ысмағұл Ақымет, 1927, №4), «Балалы әйел не білу керек» (Сара, 1927, №4), «Емшек баласы» (Нәзипа, 1927, №5), «Дүрия» (Қошке, 1927, №5), «Ақ білек» (Жанақ, 1927, №5), «Шай дейтініміз не?» (Нәзипа, 1927, №5), «Ұршық» (Ілияс, 1927, №8–9), «Ел қыздарының жайы» (Ғайнижамал, 1927, №10–11), «Мерез» (Қапа келіні Сара, 1927, №10–11), «Мақпал» (Ілияс, 1927, №10–11), «Қазақ арасындағы қылмысқа жататын әдеттер туралы қосымша заң» (Қапа ұлы Сабыр, 1927, №10–11), «Азаттық күні» (Машақұлы Сәдуақас, 1928, №1), «Ауру астан» (Байтасұлы Әбділдә, 1928, №2), «Екі қабат әйелдерге кеңес» (Мамытұлы Ақымет, 1928, №4), «Ана болу оңай емес» (Абдолла, 1928, №4), «Назиқа» (Қошке, 1928, №4), «Загіске тіркеген неке мен тіркелмеген некенің бірдейлігі» (Сейдәзім, 1928, №9), «Күзем» (Уәлитұлы Жүсіпбек, 1928, №9), «Қазақ әйелін азаттыққа жеткізу жөнінде заң жүзіне не істелді?» ( Бабасұлы Досқайыр, 1928, №11), «Қазақ қызы» (Ілияс, 1928, №11), «Көк жөтел» (Байғораұлы Әлжан, 1929, №11–12), «Шума ауруы неден болады?» (Байғораұлы Әлжан, 1929, №11–12), «Раушан-комунист» (Бейімбет, 1932, №2) мақалалары жарияланған.

Біз зерттеуімізде «Әйел теңдігі» журналының 1926-1933 жылдардағы сандарында 75 бүркеншік есімді анықтадық.

 1934 жылдың қаңтар-ақпан айларында «Әйел теңдігі» журналының жабылуы кездейсоқ шешім емес, белгілі бір идеологиялық логиканың нәтижесі болғаны аңғарылады. №3 санда жарияланған түсіндірме мәтін журнал миссиясының «орындалғанын» ресми түрде жариялайды. Мәтінде қазақ еңбекші әйелдерінің социалистік құрылыс салаларының барлығында – өндірісте, колхоз-совхозда, мекемелерде, кооперативтерде, кеңестерде, партия мен комсомол ұйымдарында – ерлермен тең дәрежеде қызмет етіп отырғаны атап көрсетіледі. Әйелдердің жұмысшы, колхозшы, мұғалім, дәрігер, агроном, бригада басшысы, кеңес төрайымы секілді лауазымдарға көтерілгені арнайы мысалдармен дәлелденеді. Осы арқылы «сын теңдікке жету мәселесі шешілді» деген тұжырым жасалады. Журналдың жабылуын негіздейтін басты уәж – әйелдер мәселесі енді жеке, оқшау тақырып болудан қалғаны. Әйелдер «үй тұрмысымен шектелмей», басқару мен шаруашылық ісіне араласқандықтан, «Әйел теңдігі» журналының бұрынғы шеңбері тарлық етеді деп көрсетіледі. Яғни басылым өз тарихи міндетін орындады, енді арнайы әйел журналы емес, «құлаш кең» жалпы бағыттағы партиялық-кеңестік техникалық әдебиеттер қажет деген идея ұсынылады: «Әйел теңдігі» журналының бұрынғы шеңберінен асып кетіп отыр. «Әйел теңдігі» өзінің ардақты міндетін атқарып болып отыр. Енді «Әйел теңдігі» журналы емес, адам ана құлаш кең журнал керек. Және тек әйел теңдігі мәселесін ғана емес, социалды құрылыстың барлық тарауларында әйелдердің қатынасына басшылық, көмек беріп отыру керек. Бұл басшылық пен көмекті әйелдер арнаулы журналдан емес, жалпы партиялық, кеңестік техникелі әдебиеттерден таба алады» («Әйел теңдігі» журналы жабылды», 1934 жыл, №3). Міне, осы мәтіннен 1930 жылдардың ортасына қарай кеңестік саясатта әйел теңдігі мәселесі жеке күрес алаңы емес, «шешілген мәселе» ретінде қарастырыла бастағандығын және гендерлік бағыттағы арнайы басылымдарды қысқарту тенденциясы байқалады. Журналдың соңғы бетінде жарияланған «Құлақтандыру» ресми шешімнің мазмұнын нақтылай түседі және «Әйел теңдігі» басылымының жабылу механизмі мен одан кейінгі институционалдық өзгерісті айқындайды. Қаулыға сәйкес, 1934 жылдың сәуір айынан (№4 санынан) бастап «Әйел теңдігі» дербес журнал ретінде тоқтатылып, «Ауыл коммунисі» журналымен біріктіріледі. Бұдан былай басылым «Ауыл коммунисі» атауымен шығатыны хабарланады. Демек, «Әйел теңдігі» журналы 1934 жылы ресми түрде жабылғанымен, оның идеялық бағыты «Ауыл коммунисі» журналы құрамында жалғасқан.

Төменде «Әйел теңдігі» журналының жалғасы есебіндегі «Ауыл коммунисі» журналының ҚР Ұлттық кітапханасының Сирек қорында сақталған сипаттамасы берілген.

«АУЫЛ КОММУНИСІ»

Қала: Алматы.

Баспа: Қазпартиздат.

Редакторлар: А.Мұсаұлы, С.Сегізбайұлы.

Редакторлар алқасы: О.Жандосұлы, М.Жолдыбайұлы. Қ.Нұрмұқамбетұлы, Ә.Мұсаұлы, М.Төлепұлы, Ә.Ермағамбетұлы, Ә.Мұсаұлы, М.Атаниязұлы, Ж.Арыстанұлы, Е.Смайылұлы.

Сипаты: Қазақстан Өлкелік партия комитетінің партия-көпшілік журналы. Айына екі рет, латын қаріпте, 3500-10 000 таралым аралығымен жарық көрген.

***

2026 жыл – қазақ ағартушылығы мен баспасөзінің алтын қазығына айналған «Әйел теңдігі» журналының жарық көргеніне – 100 жыл! Журнал өз кезеңінде әйел теңдігі мәселесін көтерумен қатар, білім беру, отбасы тәрбиесі, қоғамдық сана, мәдениет пен әдебиет тақырыптарын жүйелі түрде қозғаған. Басылым беттерінде жарияланған мақалалар қазақ қоғамындағы әйел теңдігі, әлеуметтік және ағартушылық идеялардың қалыптасуына ықпал етті. Осы орайда бірқатар ұсыныстар білдіруге болады:

Біріншіден, бүгінгі күнге дейін «Әйел теңдігі» журналының толық мәтіні араб графикалы төте жазудан, кейінгі латын графикасынан қазіргі кирилл қарпіне жүйелі түрде түсіріліп, тұтас жинақ ретінде жарияланған жоқ. Тек 2022 жылы «Әйел теңдігі» атауымен хрестоматиялық көмекші құрал жарық көрді. Алайда бұл еңбек журналдың толық мәтінін қамтымайды. Сондықтан, алаш қайраткерлерінің мұрасы жарияланған аталмыш басылымды қазіргі қаріпке толық көшіру, ғылыми түсініктемелермен қамтамасыз ету және факсимилелік нұсқасымен қатар қайта басып шығару – қазақ баспасөз тарихы үшін аса маңызды қадам болар еді.

Екіншіден, «Әйел теңдігі» журналында жарияланған әйел денсаулығына қатысты мақалаларды арнайы топтастырып, тақырыптық жинақ ретінде қарастыру – ұлттық медициналық-ағартушылық ойдың қалыптасу кезеңдерін айқындауда ерекше мәнге ие. Журнал беттерінде санитарлық-гигиеналық мәдениет, ана мен бала денсаулығы, отбасылық тәрбие және қоғамдық жауапкершілік мәселелері жүйелі түрде қозғалды. Бұл материалдарды ғылыми сараптап, тарихи-медициналық, педагогикалық және әлеуметтік тұрғыдан талдау – ХХ ғасыр басындағы қазақ қоғамындағы денсаулық мәдениетінің дискурсын қалпына келтіруге мүмкіндік береді.

Үшіншіден, «Әйел теңдігі» журналы бойынша толыққанды библиографиялық көрсеткіш әзірлеу және басылымда еңбек еткен редакторлар мен авторлар туралы мәліметтерді, қосымша архивтік деректерді қамтитын арнайы энциклопедиялық жинақ құрастыру – ғылыми тұрғыдан аса өзекті міндет.

 Ғасырлық жол, ағартушылық арна, қазақ әйелінің асқақ үніне айналған – «Әйел теңдігі» журналының 100 жылдығы құтты болсын!

Ертай БІЛӘЛ,
ҚР Ұлттық кітапханасы, Сирек кітаптар мен қолжазбалар қызметінің маманы,
Абай атындағы ҚазҰПУ PhD докторанты

Гүлжайна МЫРЗАКЕРІМОВА,
ҚР Ұлттық кітапханасы, Сирек кітаптар мен қолжазбалар қызметінің маманы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here