Жеті төлемнің салмағы немесе бір салыққа көшу мүмкін бе?

0
1560
Коллаж: Айнұр Қайратбекқызы

Қазақстанда жалақыдан алынатын түрлі алым-салықтың көптігі жұмыс берушіге де, жұмысшыға да оңай тиіп отырған жоқ. Қазір бір қызметкердің жалақысына жеті түрлі төлем салынады. Экономистер бұл жүйе тым күрделі әрі ауыр екенін, оның орнына бір ғана бірыңғай салық енгізген жөн деген пікір айтады. Мұндай өзгеріс көлеңкелі еңбекті азайтып, ресми жұмыс орындарын көбейте ала ма? «TALAP» қолданбалы зерттеулер орталығының директоры, белгілі экономист Асқар Қысықов осы түйінді мәселені көтеріп, жалақыдан ұсталатын жеті түрлі міндетті төлемнің орнына бір ғана бірыңғай 30 пайыздық салық енгізуді ұсынады. Алайда, сырт көзге қарапайым көрінетін бұл ұсыныстың ар жағында маңызды сұрақ тұр, ол сұрақ: әлеуметтік қорлар мұндай өзгерісті көтере ала ма?

«ЖАЛАҚЫ ҚОРЫНА ТҮСЕТІН ЖҮКТЕМЕ ТЫМ АУЫР»

Экономист ең алдымен ел экономикасының құрылымына назар аударды. Қазақстанда жалпы ішкі өнімдегі (ЖІӨ) жалақы қорының үлесі небәрі 31 пайызды құрайды. Ал, дамыған мемлекеттерде бұл көрсеткіш 50-60 пайызға дейін жетеді. Міне, соңғы жылдары жиі айтылып жүрген бір қайшылықтың сыры да осында жатыр.

– Біз жыл сайын «экономикамыз 5-6 пайызға өсіп келеді» деп мақтанамыз. Бірақ, халықтың нақты табысы айтарлықтай артпай отыр. Себебі, экономикадағы жалақының үлесі тым төмен. Экономикалық өсім азаматтардың табысына толық әсер етпейді. Сондықтан, халықтың әл-ауқатын арттыру саясаты ең алдымен жалақы қорын ұлғайтуға бағытталуы керек, – деді экономикалық сарапшы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының форумында.

Маманның айтуынша, тағы бір алаңдатарлық жайт – бейресми жұмыспен қамтудың кең етек алуы. Қазақстанда шамамен 9,3 миллион адам еңбек етеді. Бірақ, олардың барлығы бірдей әлеуметтік жүйеге қатысып отырған жоқ. Мысалы, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры жүйесіне 7,2 миллион адам ғана жарна төлейді. Алайда, оның ішінде тұрақты түрде төлейтіндері – шамамен 5 миллион. Демек, бұл еңбек етіп жүргендердің едәуір бөлігі жүйелі түрде аударым жасамайды деген сөз. Ал, медициналық сақтандыру көрсеткіші одан да төмен: жарна төлейтіндер 4,4 миллион шамасында, яғни жұмыспен қамтылғандардың тең жартысына да жетпейді.

– Тағы бір дерекке қарасақ, елдегі 9-10 миллион жалдамалы жұмысшының шамамен 4,5 миллионы мемлекеттік сектор мен ірі компанияларда еңбек етеді. Демек, түрлі салық пен әлеуметтік төлемдердің негізгі бөлігін дәл осы мемлекеттік сектор мен ірі бизнес орталықтары төлеп отырғанын көруге болады. Ал, шағын және орта бизнес, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, жеке кәсіпкерлердің едәуір бөлігі зейнетақы жүйесіне де, медициналық сақтандыруға да тұрақты жарна төлемейді. Салық төлеуден де жалтаратындары бар. Неліктен жұмысты заңдастырудың орнына керісінше көлеңке көбейіп барады? Себебі, жалақы қорына түсетін жүктеме тым ауыр әрі есептеу жүйесі өте күрделі, – дейді Асқар Қысықов.

Қазір жұмыс беруші әр қызметкер үшін жеті түрлі төлем жасайды. Олардың қатарында: жеке табыс салығы, қызметкердің зейнетақы жарнасы, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарнасы, әлеуметтік салық, әлеуметтік аударымдар, қызметкердің медициналық сақтандыру жарнасы, жұмыс берушінің медициналық сақтандыру аударымы бар.

Бір қарағанда бұл төлемдердің бәрі заңды, бәрі түсінікті сияқты көрінгенімен, есептеу тәртібі әр түрлі екен. Бірінің базасы бөлек, бірінің шекті мөлшері басқа дегендей.

Мәселен, жеке табыс салығын есептегенде салықтық шегерімдер қолданылады. Зейнетақы жарнасы бір негізбен есептелсе, әлеуметтік салық басқа тәртіппен алынады. Ал, медициналық сақтандыру бойынша қызметкер мен жұмыс берушінің шекті мөлшері де әр түрлі. Сөйтіп, бір ғана табысқа әртүрлі ережемен бірнеше төлем салынады. Соның салдарынан жүйе барған сайын күрделеніп, көп адамға түсініксіз болып кеткен.

Экономистің пікірінше, мұндай күрделі жүйе жұмыс беруші үшін ресми түрде қызметкер ұстауды қымбаттатып, көлеңкелі төлемге итермелейді.

«МҰНДАЙ АУЫРТПАЛЫҚ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУДЫҢ БАСҚА ТӘСІЛДЕРІН ІЗДЕУГЕ ИТЕРМЕЛЕЙДІ…»

«TALAP» орталығының есебіне сүйенсек, Қазақстанда жалақы қорына түсетін жалпы жүктеме 2024 жылы 36 пайызға жеткен. Ал, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарнасы енгізілгеннен кейін бұл көрсеткіш 39,5 пайызға дейін өскен.

Бұл – Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдеріндегі орташа көрсеткіштен де жоғары. Ол елдерде жалақыға түсетін орташа жүктеме 34,9 пайыз шамасында.

Мысалы, қызметкердің қолына 350 мың теңге таза жалақы тиюі үшін жұмыс беруші қосымша 150 мың теңгеге жуық міндетті төлем төлеуге мәжбүр. Мұндай ауыртпалық көп жағдайда компанияларды жалақыны конвертпен беруге немесе жұмыспен қамтудың басқа тәсілдерін іздеуге итермелейді…

– Әр түрлі табыс табу тәсілдерін салыстырсақ, ең көп салмақ штаттағы қызметкердің жалақысына түседі. Жалақыға түсетін жүктеме жеке кәсіпкерге қарағанда 2,5 есе, ал өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамға қарағанда 9 есе көп. Мұндай айырмашылық адамдарды дәстүрлі еңбек қатынасынан қашып, жеңілдетілген режимдерді таңдауға мәжбүр етеді. Алдағы уақытта мұндай мысалдар көбейе түседі деп ойлаймын, – дейді Асқар Қысықов.

Маманның ойынша, бұл түйінді тарқатудың бір жолы – жалақыдан алынатын бірыңғай төлем жүйесіне көшу. «TALAP» сарапшыларының есебі бойынша, ең қолайлы мөлшерлеме шамамен 30 пайыз шамасында болуы мүмкін. Бірақ, бұл 30 пайыз жалпы жалақыдан емес, қызметкердің қолына тиетін таза жалақыға есептеледі.

Мысалы, жұмыс беруші қызметкермен 200 мың теңге таза жалақы туралы келіссе, оның үстіне 30 пайыз – 60 мың теңге қосылады. Сонда жұмыс берушінің жалпы шығыны 260 мың теңге болады. Бұл тәсілдің артықшылығы – жұмыс беруші қызметкерді ұстаудың нақты құнын бірден біледі, ал есептеу тәртібі анық әрі түсінікті болады.

Экономистің айтуынша, мұндай өзгеріс кейбір төлемдерді, ең алдымен әлеуметтік салықты алып тастауды талап етеді.

Әрине, төлемдердің азаюы әлеуметтік қорларға түсетін қаржыны шамамен 2 триллион теңгеге қысқартуы мүмкін. Бірақ, бұл қаражаттың басым бөлігі бюджет саласының қызметкерлері мен ірі мемлекеттік компаниялардан түседі. Сондықтан, бюджет үшін нақты шығын бұдан әлдеқайда аз болуы мүмкін. Сонымен бірге, жалақыға түсетін жүктеме азайса, ресми жұмыспен қамту да кеңейеді.

Экономистің есебінше, реформаның ең қарапайым нұсқасы жүзеге асса да, кемінде 1 миллион адамды ресми еңбек жүйесіне тартуға болады. Бұл әлеуметтік салықтан түсетін кемісті белгілі бір деңгейде өтейді. Яғни, аз ғана адамға ауыр салмақ салғаннан гөрі, төлеушілер санын көбейтіп, мөлшерлемені азайту тиімдірек.

Бұған мысал ретінде Грузия тәжірибесі жиі айтылады. Бұл елде бір кезде жалақы қорына түсетін жүктеме 40 пайыздан 20 пайызға дейін төмендетілген. Соның нәтижесінде мемлекеттік кіріс азайған жоқ, керісінше көбейе түскен. Алайда, экономист мұндай бастамаға ең алдымен Үкіметтің әлеуметтік саласына жауапты мекемелер қарсылық танытуы мүмкін екенін де айтады.

– Негізгі қиындық та осында. Қарсылық Экономика немесе Қаржы министрлігінен емес, көбіне Денсаулық сақтау мен Еңбек министрліктерінен болуы ықтимал. Себебі, олар әлеуметтік қорлармен тығыз жұмыс істейді және түсімнің азаймағанын қалайды. Мысалы, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры өкілдерінен зейнетақы жүйесін қалай жақсартуға болады деп сұрасаңыз, олар көбіне жарнаны көбейтуді ұсынады. Бұл – табысты жоғалтпаудың ең оңай жолы, – дейді экономикалық сарапшы.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Қалай болғанда да, жалақыға салынған жеті түрлі төлем еңбек нарығына да, кәсіпкерге де жеңіл тиіп отырған жоқ. Оны жеңілдетудің бір жолы – алым-салықты ықшамдап, түсінікті әрі ашық жүйе қалыптастыру. Ал, сарапшылар ұсынған бірыңғай салық жүйесі жалақыға түсетін ауыртпалықты азайтып, көлеңкелі еңбекті қысқартуға жол ашуы әбден мүмкін. Алайда, мұндай өзгеріс әлеуметтік қорлардың тұрақтылығына да әсер етпей қоймайды. Сондықтан, бұл бастама жан-жақты сараланып, бір ғана тараптың емес, ел экономикасының тұтас мүддесін таразылай отырып шешілуі тиіс.

Қызжібек ӘБДІҒАНИҚЫЗЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here