Ғылым ордасында Құрбанғали Халидидің ғылыми мұрасы таныстырылды

0
34

2026 жылғы 5 қазанда «Ғылым ордасында» көрнекті тарихшы әрі этнограф Құрбанғали Халидидің ғылыми мұрасына арналған салтанатты тұсаукесер іс-шарасы өтті. Жиын барысында ғалымның «Тауарих-и хамса-и шарқи» («Шығыстың бес елінің тарихы») атты еңбегінің бес кітаптан тұратын академиялық басылымы, қазақ тілінде жеке кітап болып жарық көрген аудармасы және «Құрбанғали Халидұлы: дерек, тарих, таным» атты ғылыми жинақ таныстырылды.

Ауқымды шараны «Ғылым ордасы» РМК Орталық ғылыми кітапханасы мен Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығы бірлесіп ұйымдастырды. Іс-шараға «Ғылым ордасы» РМК бас директоры Нұрлан Сейдін, ғалымның шөбересі Сафария Теңізбаева, сондай-ақ Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің, Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының, Astana IT University, Abai University, Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының өкілдері, белгілі тарихшылар, түркітанушылар мен архив мамандары қатысты.

Іс-шараның ашылуында «Ғылым ордасы» РМК бас директоры Нұрлан Сейдін жазба деректерді зерттеудің отандық тарих ғылымы үшін маңыздылығына тоқталды.

«Отандық тарихты терең зерттеуде жазба деректердің маңызы ерекше. Қолжазбалар мен тарихи еңбектерде сақталған тың мәліметтерді ғылыми тұрғыдан зерделеу тарихымызға қатысты жаңа деректерді ғылыми айналымға енгізуге мүмкіндік береді. Сондықтан жазба мұраларды зерттеуге бағытталған іргелі жұмыстардың алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табатынына сенемін», – деді Нұрлан Сейдін.

Іс-шара барысында Құрбанғали Халидидің ғылыми мұрасын зерделеудің өзекті мәселелері, академиялық басылымның дайындалу тарихы, қолжазбаның деректанулық және мәтінтанулық ерекшеліктері, сондай-ақ жүргізілген ғылыми зерттеулердің нәтижелері кеңінен талқыланды. Ғалым еңбектерінің Қазақстан мен түркі халықтарының тарихын зерттеудегі маңызына ерекше назар аударылып, тақырып аясында мазмұнды баяндамалар жасалып, ғылыми пікірлер мен тұжырымдар ортаға салынды.

Құрбанғали Халидидің «Тауарих-и хамса-и шарқи» («Шығыстың бес елінің тарихы») академиялық басылымы Орталық ғылыми кітапхананың Сирек кітаптар мен қолжазбалар қорында сақталған түпнұсқа қолжазба және 1910 жылы Қазан қаласында жарық көрген кітаби нұсқа негізінде дайындалған. Басылымға қолжазбаның факсимилесі, ғылыми транскрипциясы, қазақ тіліндегі аудармасы, мәтіндік түсініктемелер мен ғылыми анықтамалар енгізілген.

«Тауарих-и хамса-и шарқи» – Қазақстан мен Орталық Азия халықтарының тарихын, этнографиясын, рухани мәдениеті мен қоғамдық өмірін зерттеудегі маңызды жазба мұралардың бірі. Шағатай жазба тілінде жазылған шығармада араб-парсы ғылыми терминдері мен тарихи атаулардың мол қолданылуы мәтіннің құрылымын күрделендіреді. Осыған байланысты бұған дейінгі аудармалар мен басылымдарда шығарманың жекелеген бөліктері қысқартылып немесе мазмұндалып берілген.

Академиялық басылымды әзірлеу барысында түпнұсқа қолжазба Қазан, Алматы және Бейжің басылымдарымен салыстырылып, мәтіндік айырмашылықтар мен түзетулер анықталды. Алдыңғы басылымдардағы олқылықтар қайта қаралып, түпнұсқа қолжазбадағы тың деректермен толықтырылды.

Жарық көрген іргелі еңбектер Құрбанғали Халидидің бай мұрасын жаңа деңгейде зерделеуге мүмкіндік беріп, отандық тарих ғылымы мен шығыстану саласының дамуына елеулі ықпал етті.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here