Жобалау-құрылыс саласы үшін орны толмас ауыр қаза орын алды. 2026 жылдың 31 шілдесінде 81 жасқа қараған шағында белгілі сәулетші, Қазақстанның еңбек сіңірген сәулетшісі, Шығыс елдері сәулет өнерінің халықаралық академиясының, Еуразия халықаралық экономикалық академиясының, ҚР Ұлттық инженерлік академиясының академигі, профессор, Астана қаласының алғашқы бас сәулетшісі, «KAZGOR» жобалау академиясының бас сәулетшісі Ералиев Тоқтар Ералыұлы дүниеден өтті.
Тоқтар Ералиев 1946 жылы 13 маусымда Түркістан облысында дүниеге келді. 1970 жылы В.И. Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтын «сәулетші» мамандығы бойынша бітірді. Еңбек жолын «Казгорстройпроект» Бас мемлекеттік жобалау институтында (қазіргі – «KAZGOR» жобалау академиясы) бастап, сәулетшіден академияның бірінші вице-президенті, бас сәулетшісіне дейінгі лауазымдарды атқарды.
Тоқтар Ералыұлы жоғарғы білікті маман әрі тәжірибелі басшы болды. Кәсіби қызметі барысында көптеген маңызды өнеркәсіптік және әлеуметтік нысандарды әзірлеуге және жобалауға қатысты. Еліміздің бас қаласы Астананың жаңа сәулеттік келбетін жасауда белсенді шығармашылық қызметімен үлкен еңбек сіңірді.
Тоқтар Ералиев белсенді қоғамдық жұмыстарды да атқарды. Қазақстанның Сәулетшілер одағының белсенді мүшесі, төрағасы (1988-1991), президенті (1992-1993) болды, КСРО Жоғарғы Кеңесінің І шақырылымында Халық депутаты болып сайланды (1989), КСРО Жоғарғы Кеңесінің Сәулет және құрылыс мәселелері комитетінің мүшесі және КСРО Жоғарғы Кеңесінің Халықаралық істер жөніндегі комитетінің мүшесі (1991-1992) болды.
Тоқтар Ералиев халықаралық ғылыми-техникалық байланыстарды дамытуға және нығайтуға, сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы қазақстандық мамандардың әлем сахнасында беделінің артуына айтарлықтай үлес қосты. Т. Ералиевтің кәсібилігі оның жеке қасиеттерінен бастау алады. Ол тәжірибелі, білімді адам болды, өз елінің патриоты, ісіне адал, ұйымға абыройлы басшы, отбасының ұйытқысы болды.
Т.Е. Ералиевтің еңбегі көптеген мемлекеттік марапаттармен – «Парасат», «Барыс» (І, ІІ дәрежелі), «Астана», «ҚР Тәуелсіздігіне 30 жыл» және басқа медальдармен аталып өтті.
Жоғары кәсіби маман, қамқор әріптес, дарынды сәулетші Ералиев Тоқтар Ералыұлының жарқын бейнесі оның әріптестері мен достарының жадында мәңгілікке қалады.
«KAZGOR» жобалау академиясының ұжымы









