Ел тағдыры таразыға түсетін маңызды сәтте әр азаматтың таңдауының салмағы бар. Елдің ертеңіне деген көзқарасты білдіретін, азаматтық жауапкершілікті айқындайтын маңызды кезең. Бүгін Кеген ауданында да тұрғындар өз таңдауын жасауға белсенді түрде атсалысты.
Таң атқаннан-ақ аудан орталығындағы сайлау учаскелеріне ағылған жұрттың қарасы қалың болды. Ел өміріндегі маңызды саяси науқаннан Кегеннің белсенді азаматтары мен танымал тұлғалары да шет қалған жоқ.
Солардың қатарында Бейжің-2008 Олимпиадасының күміс жүлдегері, Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Теңізбаев бар. Аудан әкімі Ө.Жаңабаев атындағы орта мектепте орналасқан №558 сайлау учаскесіне келіп, өз таңдауын жасады.
Нұрбақыт Молдахметұлы бұл күннің ел болашағы үшін айрықша мәні бар екенін атап өтті.
«Бүгін – ел өміріндегі жауапты әрі маңызды күн. Әр азаматтың өз таңдауын жасауы – мемлекет тағдырына деген жауапкершіліктің көрінісі. Сайлау – халықтың өз ұстанымын білдіретін үлкен мүмкіндік. Сондықтан әрбір тұрғын ел ертеңіне бейжай қарамай, азаматтық міндетін орындауы маңызды деп санаймын.
Біздің бүгінгі таңдауымыз – ертеңгі күннің бағдары. Елдің дамуы мен қоғамның тұрақтылығы бір адамның емес, барша азаматтың ортақ жауапкершілігінен қалыптасады. Сондықтан халықтың белсенділігі мен бірлігі – ел болашағының берік негізі», – деді аудан әкімі.
Кегендегі бүгінгі қарбалас – елдік іске деген жауапкершіліктің айғағы. Өйткені мемлекет болашағы биік мінберлерде ғана емес, әр азаматтың саналы таңдауынан басталады. Ал ел ертеңіне бейжай қарамаған халықтың таңдауы – тәуелсіз елдің тұғырын бекемдей түсетін күш.
Индира Біржансал









