Қазақ руханияты мен ғылымының дамуына өлшеусіз үлес қосып, Абайтану, Шәкәрімтану, Мұхтартану, Алаштану салаларында көлемді зерттеулер жүргізген көрнекті ғалым, жазушы әрі драматург Қайым Мұхамедханұлының туғанына 110 жыл толуына орай Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінде «Алаш арыстарының ізбасары» атты тағылымды дөңгелек үстел өтті.

Алаш арыстарының аманатын арқалап, ұлт мұрасын келер ұрпаққа аман-есен жеткізуде елеулі еңбек еткен ғалымның мерейтойы Ұлт ұстазының шаңырағында аталып өтуінің өзі, ұлылардың тағылым мен тәлімге толы өмір жолының үндестігін аңғартып тұрғандай.
Жиынды музе-үйі жетекшісі, ахметтанушы, филология ғылымдарының кандидаты Райхан Сахыбекқызы Имаханбет жүргізді. Р.Сахыбекқызы құттықтау әрі аңдату сөзінде Қайым Мұхамедхановтың Алаш арыстары салған соны жолды жалғастырудағы еңбегін атай келе, абайтану мен алаштанудың алтын көпіріне айналған ғалымның қайсарлығы мен ғылымға адалдығы бүгінгі ұрпаққа өнеге екенін тілге тиек етті.
Шараның арнайы қонағы, тарихи тұлғаның қызы, профессор, педагогика ғылымдарының докторы, белгілі қоғам қайраткері Дина Қайымқызы Мұхамедхан және қайымтанушы зерттеуші ғалымдар болды. Және дөңгелек үстелдің негізгі тыңдармандары әрі үйлестірушілері Ахмет Байтұрсынұлы «Тіл – құрал» оқу-әдістемелік, ғылыми-зерттеу орталығында өндірістік тәжірибеден өтуші Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Филология факультетінің «Қазақ тілі мен әдебиеті», «Қазақ филологиясы» мамандығының 2-курс магистранттары және музей-үйдің әлеуметтік парақшасынан құлағдар болған осы тақырыпқа қызығушылар қатысты.
Жиын барысында Дина Қайымқызы әкесінің өнегелі өмірі мен артында қалған бай мұрасы туралы салмақты да сырлы естеліктерімен бөліссе, шара қатысушылары тұлға ұрпағынан Қайым Мұхаммедханұлының көпшілік біле бермейтін қырлары жайлы айтуын сұрады. Д.Қайымқызы әкесінің ғалымдық қырымен қоса ақындығы да бір төбе екендігіне тоқталып, тұлғаның «Алдымда ақын Абай – Темірқазық» деген хәкім Абайдың ұлылығын айшықтайтын арнау өлеңінен үзінді оқыды.
Сонымен қатар, алғашқы әнұранның сөзін жазуы, тұлға-әкенің нағыз «Ер қазақ» ұғымына лайық болғанын мақтан тұтатынын, бұдан бөлек әкесінің алғашқы архившілерінің бірі екендігі, Алаш арыстарының биобиблиографиясын жасауы, оны газет-журнал беттерінде бірінші болып бастыруы да сол кезеңде тың жаңалық болғанын айтты. Ең қызығы, 1989 жылы жарық көрген «Сурет сыры» мақаласын кеңінен тарқатып, Алаш арыстары мен әкесі Қайымның байланысы сонау жиырмасыншы жылдары атасы Мұхамедхан Сейітқұловтың шаңырағынан басталғандығына басымдық беріп, Ахмет Байтұрсынұлының бала Қайымға бата бергендігі: «біздің өшкенімізді тірілтетін жас ұрпақ сен боласың» деп сенім артуы, дөңгелек үстелдің жан тебірентерлік шарықтау шегі іспетті әсер қалдырды.
Дина апайдың әке мұрасына деген адалдығы мен оны насихаттаудағы қажырлы еңбегі жиналған қауымның ыстық ықыласына бөленді.
Тағылымдамашы-магистранттар: Сахиба Шухратқызы «Қайым Мұхамедханов – Абай мұрасын зерттеуші ғалым, ұлт руханиятының жанашыры», Альбина Ақылбекқызы «Қайым Мұхамедхановтың Алаш мұрасын сақтаудағы тарихи еңбегі» тақырыбында баяндама жасады. Ал Назерке Сулейменова «Сағаттың шықылдағы емес ермек» атты өлең оқып, Гүлай Қалиханова «Келші айым» әнін әуелетіп, отырғандарды серпілтті.
Ісшара аясында ел назарына «Шежіре сурет сыр шертер» атты тарихи фотокөрме Алматы қаласы музейлер бірлестігінің қорынан ұсынылды. Көрмеге қойылған Қайым Мұхамедхановтың 60 жасына сыйға берілген домбырасы мен әр жылдар оқиғасын қамтыған сарғайған фотоларды тамашалаған жұртшылық өткеніміздің өткеліне саяхат жасағандай күй кешті.
Жиынға қатысқан жазушы Қалампыр Кенжеғалиқызы ғалым мұрасы туралы естігендерін ортаға салды, ол Қ.Мұхамедханұлының өзін көрмесе де, көзін көрген, алаштанушы ғалым Тұрсын Жұртбайдың: «Қайым Мұхамедханұлын билік саясаты сыртқы түрін жуасытса да, жүрегіндегі арыстанның айбарын өшіре алмаған» деген сөзі Ер Қазақ – Қайымның қайсарлығын паш еткен түйінсөз екеніне тәнті болғанын айтты.
Дөңгелек үстел ұлттық ғылымның абызы, Алаш арыстарының адал ізбасары Қайым Мұхамедхановтың рухына тағзым еткен, ұрпақтар сабақтастығын айшықтаған тағылымы мол рухани кеш болды. Жиын соңында Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінің кітапхана қорынан қонақтарға «Алматы қаласы музейлер бірлестігінің фотоальбом» жинағы сыйға тартылып, қатысушылар естелік суретке түсті.
Қосалы Әлихан,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Филология факультетінің
2-курс магистранты









