Көшпелілер мәдениетінде ер азаматтың айбынын, әлеуметтік мәртебесін және жауынгерлік рухын айқындайтын ең маңызды сәндік әрі тұрмыстық бұйымның бірі – белбеу. Халқымыз белбеуді жай ғана киімді жинақы ұстау құралы емес, иесінің қоғамдағы орнынан хабар беретін, ішкі мәдениеті мен беделін көрсететін бағалы бұйым деп санаған. «Кемер белбеу белге сән, кемелді жігіт елге сән» деген мақалдың астарында осы бір атрибутқа деген терең құрмет жатыр.
Белбеудің пайда болу тарихы қола дәуірі мен сақ, ғұн, түркі кезеңдерінен бастау алады. Ежелгі көшпелі жауынгерлері үшін белді бекем буу – әскери тұрғыдан өмірлік қажеттілік болды. Ат үстінде шауып бара жатып қылыш, қанжар, садақ қорамсағы сияқты қару-жарақты ыңғайлы алып жүру және денені тік ұстау үшін мықты белдік керек еді.
Археологиялық қазба жұмыстары, соның ішінде Берел мен Есік қорғандарынан табылған «Алтын адамдардың» киімдері бұл бұйымның көнелігін дәлелдейді. Олардың белдіктері аң стиліндегі алтын жапсырмалармен безендірілген. Бұл еліміздің аумағында белбеудің тек әскери мақсатта емес, сонымен бірге билік пен жоғары лауазымның символы ретінде ертеден қалыптасқанын көрсетеді.
Дәстүрлі қазақ белбеуін жасау үлкен шеберлікті қажет еткен. Оның дүниеге келуіне өрімшілер, етікшілер және зергерлер бірлесе үлес қосқан. Ең алдымен, белбеудің негізі (қайысы) дайындалады. Ол үшін малдың қалың терісі немесе бұлан, бұғы терісі арнайы әдіспен өңделеді. Мұндай терілер өте төзімді келеді, уақыт өте келе созылмайды және пішінін жоғалтпайды.
Белбеудің негізі дайын болған соң, зергерлер оны көркемдеуге кіріседі. Олар аптау және бедерлеу, сіркелеу және қарала жүргізу, асыл тастар орнату сияқты күрделі техникаларды қолданған.
Сонымен қатар, белбеулер атқаратын қызметі мен сәніне қарай бірнеше үлкен топқа бөлінген.
Ең көп таралған түрі – кісе белбеу. Бұл аңшылар мен жауынгерлердің таптырмас құралы болды. Кісенің бетіне оқшантай, дәрі-дәрмек қалтасы, кездік қыны және шақпақ тас пен оттық салатын «салпыншақтар» бекітілетін. Ал кемер белбеу – хандар, билер, байлар мен батырлар сән-салтанатқа, жиын-тойларға таққан жалпақ, өте бағалы белдік. Оның беті толықтай күміс құймалармен қапталып, көрген көздің жауын алатын. Тұрмыста ешқандай әшекейсіз, тек тоғасы бар, жұмысқа арналған қарапайым былғары белдіктер де кеңінен қолданылды.
Белбеу – тек өткен күннің еншісінде қалған бұйым емес. Бүгінде оның қолданыс аясы заман талабына сай өзгеріп, жаңа сипатқа ие болды.
Кеген аудандық тарихи-өлкетану музейінің қорындағы кемер белбеу ХIХ ғасырдың І жартысымен мерзімделеді. Былғары мен күмістен, оймалау әдісі арқылы жасалған. Өлшемі: жалпы ұзындығы – 115 см, ені – 7 см. Бұл ерлерге арналған кемер белбеу болып табылады. Кемер белбеудің екі ұшына жалпақ топсалы қапсырма орнатылған, қоңыр түсті былғарыдан тігілген. Оны тон, шапан тәрізді сыртқы киімнің сыртынан, бел тұсынан буынған. Белдіктің бетіне ақ металлдан жасалған 29 дана шытыралар қойылған. Тоғасы төртбұрышты, тоғаның бетіне екі қызыл көз орнатылған. Музей қорына 1987 жылы өткізілген.
Музей экспозициясындағы көздің жауын алатын белбеу келуші қонақтардың назарын өзіне аударып, ұлттық қолөнеріміздің әсемдігі мен шеберлігін танытатын құнды тарихи мұра.
Кеген аудандық тарихи-өлкетану музейінің
экскурсия жетекшісі
Рамазанова Индира Нұрәділқызы








