Никол Пашинянға сырттағы 9 млн армян неге керек болмай қалды?

0
2237

Армения билігіне Никол Пашинян бастаған кілең жастар келгенін «Qazaq» газетінде жазғанымызды көзі қарақты оқырмандар жақсы біледі (Қараңыз: «Балабақшаға айналған Парламент», №03 (950), 22.01.2019). Армения Республикасының 43 жастағы премьер-министрі бүгінде жаңа реформаларды бастап та кетті. Дегенмен, су жаңа үкімет басшысының кейбір реформалары әлемге тарыдай шашыраған сырттағы 9 млн армянның наразылығын тудырды.

СЫРТТАҒЫ АРМЯННЫҢ КӨМЕКТЕРІ ЖАҚСЫ, АЛ ӨЗДЕРІ ЖАМАН БА?!

Иә, Никол Пашинянның жаңа реформасы басы артық шығындарды қысқартудан басталды. Бұл онсыз да экономикасы әлсіз Армения үшін құптарлық бастама саналады. Өйткені, Қазақстанның бір ғана Қарағанды облысынан жері 14 есе аз Кавказдағы бұл кішкентай елде шешімін таппаған үлкен мәселелер бар. Мұның барлығы қыруар қаржыға келіп тіреледі.
Осыны басшылыққа алған бұрынғы журналист, қазіргі премьер елдегі 22 министрліктің санын 12-ге дейін қысқартты. Енді керек болмай қалған сол 10 министрліктің ішінде Армения Республикасының Диаспора министрлігінің болғаны сырттағы миллиондаған армян-ның ашу-ызасына тиді. Неге десеңіз, әлемде 12 миллионға жуық армян болса, соның тек 25 пайызы ғана (3,0 млн) Арменияның өзінде тұрады, ал қалған 75 пайызы (9,0 млн) сыртта жүр. Айталық, Ресейде 1,2 млн, Францияда 800 мың, АҚШ-та 483 мың, Түркияда 450 мың, Ливанда 300 мың, Грузияда 248 мың, Сирияда 190 мың, Таулы Қарабақта (Әзербайжан мен Армения арасындағы даулы аймақ) 137 мың, Аргентинада 130 мың, Иранда 102 мың, Украинада 100 мың, Канадада 100 мың, Польшада 100 мың армян бар. Бұған Аустралия, Өзбекстан, Германия, Бразилия, Испания, Грекия, Түркіменстан, Израиль, Ирак, Уругвай, Ұлыбритания, Қазақстан (25 мың), Болгария, Беларусь елдеріндегі мыңдаған армян өкілдерін және Ресейдегі 1,3 млн, АҚШ-тағы 1,1 млн еңбек мигранттарын қосыңыз. Олар әлемнің түкпір-түкпірінде тарыдай шашылып, тағдыр теперішімен тарихи Отанынан жырақта өмір сүрсе де, Арменияға, ондағы туыстарына қаржылай қарайласып жүреді.
Сөзіміз дәлелді болуы үшін екі ғана мысал келтірейік. Біріншіден, өзге елде тұратын қалталы армяндар Армения Республикасы мен әлемдік қауымдастық мойындамаған Таулы Қарабақ Республикасы халқының әл-ауқатын арттыруға, тұрмысын түзетуге материалдық қолдау көрсетеді. Екіншіден, Ресей мен АҚШ-тағы еңбек мигранттары Армения бюджетіндегі «тесіктерді» бітейді. Сенбесеңіз, мына ресми мәліметке құлақ түріңіз, соңғы бес жылда банк арқылы еңбек мигранттары Арменияға 9,3 млрд АҚШ долларын аударыпты. Бұл ақша аударымдарының 67 пайызы Ресейге, 9 па-йызы АҚШ-қа тиесілі. Оның сыртында үйіне қолма-қол ақша әкеліп жатқан армяндар тағы бар. Сонда сырттағы 9 млн армянның ақшасы жақсы, ал өздері жаман болғаны ма?!
Міне, іштегі 3 млн мен сырттағы 9 млн армянның арасында «алтын көпір» болған министрліктің жабылғанына халықтың басым бөлігі наразылық танытып отыр.

ДИАСПОРА МИНИСТРЛІГІ НЕГЕ ҚҰРЫЛҒАН ЕДІ?

2018 жылы Армения Республикасында барлығы 22 министрліктің болғанын жоғарыда айттық. Ал, 2007-2008 жылы Серж Саргсян Үкіметінде 16 министрлік болған-ды. Тигран Саргсян (2008-2014), Овик Абраамян (2014-2016), Карен Карапетян (2016-2018) Үкімет басқарған жылдары министрліктің саны 8-ге артты.
Айналдырған 8 жылдың ішінде министр-ліктердің көбейгенін сарапшылар әр премьер-министрдің өз командасына жұмыс тауып бергенімен түсіндіреді. Яғни, жаңа үкімет басшылары бұрыннан билік тізгінін қолына ұстап келе жатқан тісқаққан министрлер мен оның орынбасарларын саясат сахнасынан ығыстыра алмаған. Сөйтіп, жаңа министрлік құру арқылы өзіне билік басына келуге көмектескен адамдарын министр, министрдің орынбасары, министрдің кеңесшісі сынды қызметтерге тағайындап келген.
Әр министрлікке бөлінген қаржы да ел бюджетіне ауыр салмақ түсіргенін түсіну қиын емес. Оның үстіне кішкентай елге осыншама министрліктің қажеті де шамалы еді. Осы тұрғыдан алып қарағанда Никол Пашинянның жаңа реформасын құптамасқа болмайды. Дегенмен, жаңа премьер 2008 жылы құрылған Диаспора министрлігін қысқарту арқылы үлкен қателік жасады. Арменияға қолдау көрсетіп жүрген сырттағы миллиондаған армянның пікірімен санаспау – ағысқа қарсы жүзумен бірдей. Ал, бұл «жеті рет өлшеп, бір рет кесіп» барып қана қабылданатын шешім еді. Өйткені, осы 10 жылда Диаспора министрлігі сырттағы армяндардың мәселесін шешіп бермесе де, этникалық армяндар үшін арнайы министрліктің болғанының өзі оларға демеу болды. Тіпті, бұл министрлік құрылғанда Серж Саргсян Үкіметі моральдық, материалдық тұрғыда сырттағы армяндардың жаппай қолдауын иеленді. Үлкен күштің осындай қолдауын көрген Серж Саргсян артынан 10 жыл бойы (2008-2018) елді басқарды. Әйтпесе, сырттағы белді диаспора өкілдері, атап айтқанда, АҚШ-тағы қалталы армяндар сайлау алды науқанында Серж Саргсян кандидатурасына қарсылық танытты, қаржылай көмектің болмайтынын мәлімдеді. Ал, мұндай сырттың қолдауынсыз Арменияның күні қараң болатыны ешкімге жасырын емес. Демек, Серж Саргсян билік басында ұзақ отыра алмайтын-ды. Сөйтіп, жаңадан президент болып сайланған Серж Саргсян уақыт оздырмай Диаспора министрлігін құрып, сырттағы ағайынның бетін өзіне қаратты.
«Атанға туған күн ботаға да туатыны» рас. Мұны Никол Пашинян кеш те болса түсінді. Дегенмен, енді артқа шегінерге жол жоқ. Шешім қабылданып қойды. «Сасқан үйрек артымен сүңгиді» дегендей, премьер-министрдің ақталудан басқа амалы да қалмады. Үкімет басшысы арнайы министрліктің болмағанымен, шетелдегі кез келген этникалық армянның елдің экономикалық-саяси өміріне араласуына құқығы сақталатынын айтты.
Әлбетте, Никол Пашинянның бұл пікіріне сырттағы диаспора өкілдері қарсы уәж айта алмайды. Бірақ, олар премьердің сөзіне сенуге де болмайтынын жақсы біледі. Өйткені, су жаңа премьердің сөзі мен ісі бір-біріне қайшы келеді. Мәселен, күні кеше сайланған Армения Парламентіндегі 132 депутаттың арасында шетелдік диаспора өкілдерінен құралған байырғы «Гнчакян» (Швейцария, 1887), «Дашнакцутюн» (Ресей империясы, 1890) және «Рамкавар Азатакан Кусакцутюн» (Осман империясы, 1921) партияларының бірде-бір өкілі жоқ.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Енді Никол Пашинян қайтеді? Күні кеше өз қолымен қысқартқан Диаспора министрлігін қайта құра ма, әлде ұстанған бағытынан таймай ма? Диаспора министрлігін қайта құрса, өзінің беделі мен имиджіне нұқсан келтіреді, әлсіздік танытқандай болады. Ал, қабылданған шешімінің қайта қаралмайтынын айтса, онда сырттағы беделді диаспора өкілдерінің қолдауынсыз қалады. Олардың қолдауынсыз Никол Пашинян Үкімет басында ұзақ отыра алмайды. Міне, премьер-министр қандай шешім қабылдаса да, енді «арба да сынады, өгіз де өледі»…

Жасұлан МӘУЛЕНҰЛЫ, «Qazaq» газеті

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here