Токио-2020: Боксшылар, палуандар, ауыр атлеттер… әлі бабында емес

0
7761

Былтыр қыркүйекте Қазақстан үшін спорттың медаль көп әкелетін үш түрі – бокс, күрес және ауыр атлетика бойынша әлем чемпионаттары өтті. Оның алдында әлем біріншілігінің марапатын дзюдошылар сарапқа салды. Сондықтан кейбір қорытындыларды шығарып, басталуына жеті айдан аз уақыт қалған Токио Олимпиадасына дайындықты саралай беруге болады. Сонымен…

АУЫР АТЛЕТИКАНЫҢ АУЫР ЖАҒДАЙЫ

Өткен үш Олимпиадада Қазақстан қоржынын медальмен толтырғандар негізінен зілтеміршілер болды. Мәселен, 2012 жылы Лондонда күміс, қола жүлделерді айтпағанда төрт қазақстандық ауыр атлет Олимпиада чемпионы атанды. Дегенмен, допинг дауына байланысты Ильин де, Подобедова да, Чиншанло мен Манеза да алтын медальдарын Халықаралық олимпиада комитетіне (ХОК) қайтарып берді. Сөйтіп, соңғы үшеуінің 2012 жылғы Олимпиадада, алғашқысының қос бірдей Олимпиадада (2008, 2012) көрсеткен жетістіктері жоққа шығарылса, біздің ауыр атлеттердің Рио-де-Жанейрода (2016) жеңіп алған марапаттары әзірге өздерінде қалды. «Әзірге» сөзі бұл жағдайда артықтау болмас, себебі сол кезде алынған допинг-сынамалардың сақталу мерзімі тек 2026 жылы бітеді, ал оған дейін көп нәрсе өзгеруі мүмкін. Яғни, тыйым салынған заттарды анықтау әдісі ұдайы жетілдіріліп отырады.

Сонымен, соңғы Жазғы Олимпиадада қазақстандық ауыр атлеттер бір алтын, бір күміс және үш қола медальді жеңіп алды. Сәл кейінірек олардың қатарына тағы бір «қола» қосылды, ол жүлде «ізін суытпай» допинг қолданғандығы ашылып қалған румындық спортшыдан біздің Денис Улановқа өтті. Айтпақшы, ол кезде әлгі екеуі бірдей ұпай жинаған, ал румындық спортшы жеке салмағы төмен болғаны үшін ғана жоғары орынға көтерілген еді. Содан ауыр атлеттердің қоржынына барлығы 6 медаль (1+1+4) түсті.

Ауыр атлетиканың қазіргі жағдайы расымен ауыр. Биыл Токиода өтетін Жазғы Олимпиадада қазақстандық ауыр атлеттер мүлдем медальсіз қалатын түрі бар. Біріншіден, біздің ұлттық құрама допингке қарсы ережелерді өрескел бұзушы ел ретінде екі олимпиадалық лицензияға ғана үміткер бола алады (бір ер және бір әйел), оның өзін жеңіп алу керек. Екіншіден, былтыр Таиландта аяқталған әлем чемпионатының қорытындысы шындығында құрамада үлкен сенім артар ешкімнің қалмағанын көрсетті.

Біз үшін сәтсіз аяқталған 2018 жылғы Ашхабадтағы әлем чемпионатынан кейін ҚР құрамасының жаттықтырушы штабы ақталу үшін Халықаралық ауыр атлетика федерациясының (IWF) шектеуінен біздің спортшылар жыл бойына халықаралық жарыстарға шықпағанын алға тартты. Жақсы, бұл уәжбен де келісейік. Бірақ, олардың көбі 2019 жылы да нашар көрсеткіштер көрсетті.

Көбіміз әлі де болса біртуар спортшы санап жүрген Илья Ильиннің өзі (96 келіге дейін) екі жаттығуды қосқанда Қытайдан шыққан жеңімпаздан көпке қалып қойды. Жарты центнер! Бұл дегеніңіз өте үлкен алшақтық, яғни отандық ауыр атлет қос жаттығуда бар болғаны 363 келі жинап, 13-ші орынды қанағат тұтты. Сөйтіп, кезінде барлық медальдарын қайтарып алған Халықаралық ауыр атлетика федерациясына өз күшімен екі дүркін Олимпиада чемпионы болғанын дәлелдей алмады. Тіпті, мұндай көрсеткішпен Токио Олимпиадасында үздік ондыққа кіру былай тұрсын, Олимпиадаға барудың өзі мүмкін емес.

Қазіргі Олимпиада чемпионы Ниджат Рахимов (81 келіге дейін) соңғы біріншілікте тек 17-ші орынға тұрақтады, бұған қоса жүлдегерлер одан қырық келіге артық көтерді. Бұл да айтарлықтай көп көрсеткіштер. Жеті айдың ішінде одан жоғары нәтижені күтудің өзі артық болар.

Бәсекелестік деңгейі анағұрлым төмен болған олимпиадалық емес санатта жарысқа шыққанның өзінде Денис Уланов (87 келіге дейін) әрең дегенде 10-шы орынға ілікті.

Иә, Ильин де, Рахимов пен Уланов та ерлер құрамасының бүгінгі көшбасшылары саналады. Өкінішке қарай, мұндай көрсеткішпен медальдің ауылы тым алыста…

Зульфия Чиншанло да әбден көңіл қалдырды. Ашхабадтағы 5-ші орынды 4-ке ауыстырып, жүлдегерлер қатарынан көріне алмады. Әрі бұл біріншілікте Ашхабадта топ жарған таиландтық ауыр атлет пен Зульфияның алдына шығып кеткен румын қызы болған жоқ. Яғни, сипаттай суреттер болсақ, оның алдынан тек «жасыл түс» жанып тұрды, алайда ол қос қытайлық қыздан да (айтарлықтай көп көлемде), Филиппин қызынан да жеңіліп қалды. Сөйтіп, өз мүмкіндігін жіберіп алды.

Қазақстанға жалғыз медаль – күміс жүлдені жас спортшы Юрий Сон әкелді. Бірақ, 20 жасар зілтемірші олимпиадалық емес санатта шықты (55 келіге дейін). Ол анағұрлым ауыр салмақ түріне өте алады (61 келіге дейін). Ол үшін қос жаттығуда 300 келіден артық көтере алу керек. Ал, оның көрсеткіші 266 келіге тең, бұл сол ӘЧ-да қойылған ұлттық рекорд. «Қалған жеті айда Юрий қазіргі көрсеткішіне тағы отыздан астам келі қоса алады» дегенге үміттену – асыра оптимистік көзқарас болар еді.

МЕДАЛЬ КӨП, ЧЕМПИОН ЖАЛҒЫЗ

Спорт сүйер қауымға ерлер боксында салмақ дәрежесінің саны 10-нан 8-ге түсіп кеткені мәлім және Екатеринбургтегі әлем чемпионаты жаңа форматта өткен бірінші ірі халықаралық турнир болды. Қазақстан құрамасы бұдан аса зардап шеге қойған жоқ, себебі қысқартулар жеңіл салмақтағыларға ғана қатысты болды, ал ол салмақтар бойынша біздің боксшылар соңғы жылдары жарқырап жүрген жоқ.

Отандық боксшылардың әлем чемпионатында көрсеткен өнері екі түрлі әсер қалдырды. Бір жағынан қарағанда сегіз қазақстандықтың ішінен алтауы жартылай финалға жетіп, сол арқылы жүлделі орындарды алды. Ал, Өзбекстаннан бұл кезеңге бес, Ресейден төрт, Кубадан үш спортшы ғана жетті. Екінші жағынан алғанда турнир кестесі қазақстандықтарға оң ықпал еткенін айтпасқа болмайды: жартылай финалға барар жолда тек олардың екеуіне ғана жетекші құрама өкілдерімен шаршы алаңға шығуға тура келді және олардың екеуі де жеңіліп қалды: Қайрат Ералиев (57 келіге дейін) – өзбектен, Закир Сафиуллин (63 келіге дейін) – кубалықтан.

Жартылай финалда біздің төрт боксшы бірден артта қалды. Жарайды, Василий Левит (91 келіге дейін) мүмкін астыртын әрекеттердің құрбаны болған шығар – оның эквадорлықпен жекпе-жегінің нәтижесі қатты күмән туғызған еді. Алайда, Сәкен Бибосынов (52 келіге дейін) және Тұрсынбай Құлахмет (75 келіге дейін) сәйкесінше үндіс және филиппиндіктен сөзсіз жеңіліп қалды. Әрі соңғылары артынан алтын медаль үшін болған жекпе-жектерде қарсыластарына жол берді. Ашығын айтқанда, үлкен үміт күттірген Абылайхан Жүсіпов те (69 келіге дейін) таңқалдыра алмады, ол осы салмақта соңғы екі Олимпиадада алтын медаль иеленген Серік Сәпиев пен Данияр Елеусіновтің орнын басады деген жорамал болған еді.  Айтпақшы, Левит жекпе-жегі бұрмаланып кетсе де, ол сырт көзге сенімсіздеу көрінді.

Осылайша, жартылай финал кезеңін тек екі қазақстандық қана бағындырды. Олардың бірі Қамшыбек Қонқабаев (91 келіден жоғары) жүлдесі үшін тіпті «күрескен» де жоқ, себебі оның қарсыласы рингке шықпай қалды. Ал, Бекзат Нұрдәулетов болса (81 келіге дейін) шындығында бәрін таңқалдырды. Иә, оған қарсы тұрған олимпиадалық «алтынның» иегері және өткен төрт ӘЧ-ның жеңімпазы, кубалық Хулио ла Крус өз-өзіне деген шектен тыс сенімділігі мен кербездігін көрсетті, сол үшін сыбағасын да алды. Алайда, бұл біздің боксшының еңбегін мүлде кемітпейді. Оның үстіне келесі күні, финалда ол өзбекті еш күмәнсіз жеңді.

Турнирді тағы бір қазақ-өзбек жекпе-жегі аяқтады. 91 келіден жоғары салмақта жұдырықтасатын жерлесіміз Қамшыбек Қонқабаев финалдық бәсекеде өзбекстандық Баходир Джалоловпен күш сынасты. Екінші рет. Егер 2017 жылғы біріншілікте олардың арасындағы жекпе-жек жалпы алғанда теңдей болса, ол кезде қазылар төменгі есеппен Қамшыбекке жеңісті берген еді, ал бұл жолы өзбек біздің боксшыдан әлдеқайда оқ бойы озық екені көрініп тұрды.

Джалолов жеңіп алған алтын медаль Өзбекстан үшін осы чемпионаттағы үшінші жүлде болды. Ресей активінде де дәл соншама жүлде бар. Ал, Қазақстанда Куба секілді жоғары үлгідегі жалғыз наградадан ғана бар. Осы төрт құрама әлемдік біріншіліктің барлық «алтынын» өзара бөлісті.

Екатеринбургтегі турнирде екі ел арасындағы ұзаққа созылған қиын қарым-қатынастың салдарынан мықты саналатын украиндық боксшылар болмағанын да айта кету керек. Сары-көк тудың астында өз қаражаты есебімен келген жастар ғана ел намысын қорғады.

Қорытындылай келе бір айта кетерлігі, біздің боксшылардың ішінен тек Нұрдәулетов қана Олимпиада «алтынын» алуға тұрарлық бокс көрсете алды. Алайда, оған Токиода топты жару оңайға соқпайды. Хулио ла Крус осыдан сабақ алуы мүмкін. Оның жоғары деңгейіне еш күмән келтіре алмайсыз.

Рио-де-Жанейродағы Жазғы Олимпиададан қазақстандық боксшылар бір алтын, екі күміс және бір қола медаль әкелді. Токиода осы нәтиженің қайталануы, турасын айтқанда, ел құрамасы үшін жақсы жетістік деуге болатын да шығар. Ал, одан да зор нәтижеге үміттенудің өзі артықтау.

АҚЫРЫН ЖҮРІП, АНЫҚ БАС

2018 жылы күрес бойынша әлем чемпионатында қазақстандықтар үш медаль жеңіп алды, ал Нұр-Сұлтанда өткен соңғы жарыста жеті жүлдеге ие болды. Былай қарасаңыз, өрлеу көзге ұрып тұрған секілді. Алайда, тек олимпиадалық салмақ дәрежесі есебімен алғанда мақтануға тұрарлық ештеңе жоқ: бұрынғысында біздің палуандар активінде 1 күміс және 2 қола жүлде болса, қазір сәйкесінше 1 және 3. Дегенмен, сол біріншілікте олимпиадалық салмақтағы ТОП-6 құрамына сегіз қазақстандықтың өткені үміт сыйлайды, ал 2018 жылы мұндай жетістік екі есе кем болған еді.

Бір өкініштісі, соңғы жиырма жылда бұл спорт түрлерінен бізден чемпион шықпады. Осындай жағымсыз дәстүр биылғы Олимпиада ойындарында да жалғасатын тәрізді.

Абзалы, әлі де сенім артуға болатын жалғыз спортшы – Тываның тумасы Артас Санаа болар, ол алты жыл бұрын Қазақстан азаматтығын алған еді және қазіргі таңда Нұрислам Санаев есімімен таныс (57 келіге дейін). Сол Артас Санааның қалай Нұрислам Санаевқа айналғанын былтыр «Qazaq» газетінде жазғанымызды көзі қарақты оқырман біледі.

Иә, соңғы ӘЧ-да ол ресейлік Заур Угуевпен болатын финалдық жекпе-жекке жетпей, «қоланы» қанағат тұтты. 2018 жылғы чемпионатта ол «алтын» үшін «таласта» сол ресейлікке жол берді. Сөйтіп, Заур Угуев Нұр-Сұлтанда чемпион атанған еді. Дегенмен, Нұрислам Санаевтың әлеуеті еркін күрестегі медаль иегері Дәулет Ниязбековке қарағанда зор.

Соңғысы «күміс» жүлдені жеңіп алғанымен, жартылай финалда теңдей есепті тек бір тосын таңғажайыптың арқасында ғана өз пайдасына жаратты, ал финалда қарсыласына төтеп бере алмады. Ойсырай ұтылды. Жалпы, оның элиталық деңгейдегі қарсыластармен жекпе-жекте бәсекеге қабілетсіз екені көрініп тұрады.

Алтын медаль үшін жекпе-жекке дейін жетіп, финалда Нұрқожа Қайпанов та қатты жеңіліске ұшырады (олимпиадалық емес санатта – 70 келіге дейінгі салмақта шықты, бірақ олимпиадалық түріне ауыса алады). Оны тағы да кавказдық қарсыласы жеңді. Солай бола тұра, ардагер Ниязбековке қарағанда ол жасөспірімдер қатарынан енді  шығуда, демек әлі де қарқын қоса алады. Жас Әлішер Ерғалиға (97 келіге дейін) қатысты да дәл солай айтуға болады, ол «қолаға» сәл-пәл жетпей қалды. Бірақ, олар Токиоға дейін тәжірибе жинауға үлгере алмайды, олардың пісіп-жетілу кезеңі келесі олимпиадалық ойындарда келеді.

Грек-рим күресі бойынша құрамада жағдай бұдан да нашар. Әрине, жазғы Ойындардың бір-екі медалін жеңуге олар қауқарлы, бірақ «алтын» алатындай мықтыны қарастыру қиындау. Ал, 2016 жылғы Олимпиадада бір күміс жүлдені қоса алғанда, үш медальге қол жеткізген, сол арқылы осы спорт түрінен Қазақстанның беделін сақтап қалған әйелдер командасының деңгейі соңғы жылдары айтарлықтай төмендеп кетті. 2017 және 2018 жылғы әлем чемпионаттарында бірде бір жүлделі орындарды алмады, жалғыз қола медальді соңғы ӘЧ-да ел азаматтығын алған ресейлік Валентина Исламова алды (50 келіге дейін). Мұндай өнермен Токиодағы ойындарда үлкен жетістіктерге сенім арту қиын.

Енді дзюдошыларға қысқаша тоқталсақ. Қазақстандықтар соңғы ӘЧ-да тек бір награда – қола жүлдеге ие болды (Елдос Сметов), ал бұл ретте 2016 жылғы Жазғы Ойындарда және 2018 жылғы ӘЧ-да «қоладан» бөлек (Отгонцецег Галбадрах), тағы бір-бірден «күміс» алды (сол Сметов пен Ерлан Серікжанов).

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Сонымен өткен жылғы ауыр атлетикадан, ерлер арасындағы бокстан, күрестен және дзюдодан әлем чемпионаттарында біздің спортшылар олимпиадалық ойындарда 11 медаль иеленді, бұл Риодағыдан кем көрсеткіш.

Енді осыны Қазақстанмен бәсекелесуі принципшілдік сипат алған көрші өзбекстандық спортшылардың нәтижелерімен салыстырсақ. Жиынтығында өзбектер ӘЧ-да қарастырылған спорт түрлері бойынша бір медальге кем жеңіске жетті (10/11), алайда алтын саны жағынан бізді үш есе басып озды (3/ 1) және күміс саны жағынан да бізге жол бермеді (2/2). Соған қоса ауыр атлетикадан көршілеріміз әлемдік біріншілікте жүлдесіз қалса да, ОО-ның әлеуетті жүлдегерлері болып танылады. 67 және 109 келіге дейінгі олимпиадалық салмақ дәрежесінде Ахмаджон Эргашев пен Акбар Джураев жаман көрсеткіш көрсетпеді. Әрі олардың жасы не бары 20-да. Ал, әйелдер арасында  Муаттар Набиева (55 келіге дейін) біздің зілтеміршілер арасында ерлерді қоса алғанда олимпиадалық салмақта ӘЧ медаліне үміткер болған жалғыз әйел Чиншанломен шамамен бір деңгейде көрініп, 6-шы орынды иеленді.

2016 жылғы ОО-да Қазақстанға бір-бір медальден (соның ішінде алтын) әкелген суда жүзу мен жеңіл атлетикаға келсек, мұндай табыстың Токиода қайталанарына мүмкіндік төмен. Дмитрий Баландин жалпы спорттың су түрлері бойынша ӘЧ-да жаман көрсеткіш көрсеткен жоқ, ол қос біріншілікте 7-ші орынға шықты. Алайда, соңғы жылдағы өзі үшін ең жақсы уақыт мерзімінде жүзгеннің өзінде ол жеңімпаздардан біршама қалыс қалды. Ал, бұған дейін қатысқан үш Олимпиадасында жүлдегер атанған (ішінде алтын медаль да бар) атақты Ольга Рыпакованың ең үздік жылдары артта қалған секілді…

ЖАНСАЯ ШЫҢҒЫСХАН«QAZAQ»-ТЫҢ НҰР-СҰЛТАНДАҒЫ МЕНШІКТІ ТІЛШІСІ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here