Күрес – қазақтың мінезі немесе 44 жылдан кейінгі қайталанған тарих

0
2774

Біртуар Жақсылық ағамыз спорт әлемінде қазаққа үлкен жақсылық жасады. Бойындағы тектілігі, мінезі, жігері мен отбасынан алған үлкен тәрбиесі таудай азамат болуға жеткізді. Халқы алақанына салып, көтеріп, өзі де сол қазаққа өле-өлгенше қызмет етіп, сүйіп кетті. Біртуардың азаматтық лебі, Отанға деген сүйіспеншілік сезімі, «Қайтсем де, алтын аламын» деген мақсаты Сәуле Досжан апамыздың «Біртуар» кітабында әдемі суреттеледі. Бұл кітап – мақсатқа жету үшін әрқайсымыз оқуға тиіс кітап.

Жақсылықтың күреске деген қабілеті бала кезден байқала бастайды. Бұл қабілеті анасы Күнтөреден тараса керек. Себебі, Күнтөре ел-жұрт ауызын ашып таң қалатын кесекті әйел болған деседі. Былай да екі қолтығына екі қап бидайды қысып алып, таситын жеріне тасып, арбасын жұрттан бұрын босатып тастайтын, орта бойлы тығыршық денелі бойжеткен қара күш жағынан небір жігіттерді бойына тең келтірмейтін нар күшке ие әйел болған. Жақсылықтың атасы Әмірәлінің айтуынша, туған ағасы Бизаққа да Жақсылық ұқсайтын көрінеді. Ол да кезінде жауырыны жерге тимеген палуан болған. Міне, тектілік арқылы өрбіген күреске деген қабілет Жақсылықты күндердің бір күні Олимп шыңына жеткізетінін Жақсылық білген бе?!

Талас өзеніне жүзіп үйренгені, ауылдағы достарымен күресетіні болашақта Жақсылық үшін үлкен артықшылықтар берді. Ол оқуда жүргенде бокспен айналысып көреді. Аңдаусыз болған жарақаттан кейін боксты тастап, еркін күреске қатысады. Оған аз уақыт дайындалып, институтаралық жарыста алғаш рет жеңеді. Осыдан кейін-ақ қаруы күшейіп, алдағы жарыстарда жеңіске деген сенімі ұлғаяды.

Жақсылық ағамыздың есімін естігенде кейбір адамдар оның тек 1980 жылғы Мәскеу Олимпиадасында алтын алып, чемпион болғанын біледі. Ал, оның сол жылдағы Еуропа чемпионатының күміс жүлдегері болғанын және оған дейінгі қаншама жарыста топ жарғанын біле ме?! Ол КСРО халықтарының жазғы спартакиадасында үш мәрте бақ сынаған. Алғашқыда жүлдегер болды. Кейін 1975 жылы чемпион атанды. «Кіші әлем чемпионаты» деген аты бүкіл әлемге мәшһүр И.Поддубный атындағы халықаралық турнир кілемінде сегіз рет белдесті. Нәтижесінде төрт рет 4-орын, бір күміс, екі қола және 1981 жылы алтын медальге ие болды. Екі дүркін КСРО чемпионатында 1975, 1980 жылдары топ жарды. Алты рет жүлдегер атанды. Бүкілодақтық ауыл спортшылары біріншілігінің алтын тұғырына қатарынан тоғыз жыл табан тіреп, тоғыз дүркін чемпион атанды. Қазақстан чемпионатында да бірнеше рет жеңісті қолдан бермеді.

Дәл осы уақыт аралығында Жақсылық Үшкемпіров ел сыртына шыққан кездері қаншама?! Оның «қазақты бүкіл әлемге танытамын» деген арманы ақыл-ой және дене сергектігіне дем болған шығар деп ойлаймын. Кішкентай Жақсылығын емізіп отырып, Күнтөре ананың бір кезде айтқаны бар еді:

– Кісі көп жүретін есік алдындағы табалдырықта туған жарығым-ау, бабаларымыздың «табалдырықтан биік тау жоқ» деуі тегін дейсің бе? Сол биік тауды туа сала аттаған менің ұлым ертең өскенде тегін адам болмас. Жерден көтеріп алған атаң, сол жолы жолаушылап келе жатқан еді, өмірің сапарда, жол үстінде өтер ме екенсің, құлыным! Талабың таудай болсын! – деп іштей тілек тілеуші еді.

Сол айтқандай, біздің Жақай Чехословакия, Франция, Германия, Югославия, Дания, Австрия, Сирия, Норвегия, Румынияда наркесті палуандармен белдесіп қайтқан. Болгария мен Польшаға үш қайтара, Венгрия мен Финляндияға төрт қайтара сапар шеккен. Ал, Швецияда бес мәрте бағын сынап, әрқашан мерейі өсіп отырған.

Иә, «жау жоқ деме, жар астында» дегендей, Жақсылықты күндейтіндер де әп-сәтте табылып отырды. Оның алтын тұғырдан көрініп, жарқ ете қалуына өз бапкерлерінен де чемпионаттарға жібермей қалғандары болған. Мәселен, Украинаға бара алмай «өкпелі болған Үшкемпіров Киевке кеткелі жатыр екен» деген әңгіме елге тарап кетеді. Жұрттан мына сөзді естіген жанашыр ағасы «Қайрат» ерікті спорт қоғамының басшысы Қабыш Омаров іздеп келген. Жақсылық ол кезде жаттығу залында жүрген еді. Қабырғада кісі бойындай үлкен айна ілулі тұр екен. Қабыш ағасы келе сала:

– Айналайын Жақай, бері келші, – деп қапсыра кұшақтап айнаның алдына әкеледі. Толқығаннан жүзі қызарып кеткен. Екеуі айнаға қарсы қарап тұр.

– Қарашы, сен кімге ұқсайсың? – дейді ағасы.

Жақсылық түсінбей:

– Кімге ұқсағаны қалай, аға? Мен әжемнің баласымын ғой, әрине әжеме ұқсаймын, – дейді өзімсіне еркелеп. Ағасы:

– Жоқ, сен анықтап қара, былай, дұрыстап. Сенің түрің қандай ұлтқа ұқсайды, – деп қайталап сұрайды.

– Е.., қазақпын ғой, аға. Оны неге сұрадыңыз?

– Қазақ болсаң, онда Киевте атаңның басы бар ма? – дегенде барып Жақай мән-жайды түсінеді. Ағасының алдында ұяттан кірерге тесік таппайды. Басы салбырап, тіл қата алмай қалады.

Қажымұқанның ізбасары саналатын Әбілсейіт Айхановқа шәкірт болғысы кеп барады. Бірақ, ол Жақсылықты қабылдамай, біздің Біртуар грек-рим күресінен бағын сынайды. Республикаға еңбегі сіңген Ром Хасанұлы Ильматов Жақсылықтың күреске деген қабілетін байқап, осылайша үлкен-үлкен мақсаттарға жетуіне жолын ашады.

Бапкерінің мықтылығы сол, Жақсылық ағамыз үшін 4-5 жылға арнайы дайындық жоспарын жазады. Тіпті, нешеде ұйықтап, нешеде ояну керек. Салмақты сақтау үшін не жеп, не ішу керек, жаттығулары қарай болатынын, жаттығудан кейін не істейтінін бәрін бекітеді.

«Балуанға ең бірінші жүрек керек. Күштің де, жылдамдықтың да, шеберліктің де тоғысатын жері жүрек! Жүрегің мықты болсын!» – деп талап қояды Жақсылықтың бапкері Ром Хасанұлы Ильматов. Сондай-ақ, жеңіске күтудің қажеттілігін де айтады.

Вадим Александрович Псарев есімді Жақсылықтың бапкері де мықты психолог. Темірдей тәртіп пен үлкен еңбектің чемпиондық шыңына жеткізетінін ұқтырған бапкерлердің бірі.

Жақсылық ағамыз Ром мен Владимирдің еңбегін бағалап былай дейді: «Дегенмен, Вадим Александрович Псаревтің орны бөлек. Ол мен күрескен ірі жарыстардың бәрінде жанымда болды. «Артыңда халқың қарап тұр! Өз қазағың қарап тұр, күрес! Саған жеңілуге болмайды», – деп қайрайтын дейді.

Ресми бекітілген жоспар кестесімен жұмыс істеумен қатар балуандарға міндетті түрде күнделік жазып отыру керек деп талап қояды. Жылдың 365 күнінде не істедің, қанша тамақ жедің, моншадан кейінгі салмағын қанша болды деген секілді нәрселерді жазу керек. Демалыс деген атымен жоқ. Қаншама ізденіс, қатал талап, күшті жаттығу, төгілген тер, ауыр еңбектен кейін Олимп шыңын бағындыруға сәл қалған еді.

1980 жылы Мәскеу Олимпиадасында күші бабында тұрғанда Жақсылық ең алдымен өзінен 15 см-ге биік Константин Александрумен шығып, одан 6:2 есебімен басым түсті. Кейін Александрудың қандай мықты қарсылас екенін жасырмайды. Оның шойындай мықты екенін айтады. Сұмдық жекпе-жектен енді есін жиған балуанның бөлмесіне Қазақстан Министрлер кеңесінің төрағасы Бәйкен Әшімов бір құшақ гүлмен құттықтап келіп, ризашылық білдіріп:

– Қалай, Жақсылық, алтын ала аласың ба? – деп сұрады.

– Міндетті түрде, аға. Жеңілуге хақым жоқ! – деп сенімді түрде жауап береді Жақсылық.

– Жарайсың! Сені миллиондаған қазақстандықтар қарап отыр. Үкіметтен өзіңе қандай көмек керек? – деді үлкен кісі.

– Рахмет, мен ауылда өскем. Елді сағындым. Қазір бір кесе қымыз болса… – деген жауабына күле қараған Төраға балуанның өтінішін орындау үшін көмекшілерін сусын алып келуге жібереді.

Кезек Жақсылыққа келгенде Роман Керпачты 13:10, Ференц Шерешті 17:6, ал ақтық сында Павел Христовты 12:7 есебімен жеңіп, ақырында алтын алып, Олимпиада чемпионы атанады. Жақсылық Үшкемпіров бір сұхбатында былай деген еді: «Олимпиададағы әрбір күрес оңайға соқпайды. Кезекті қарсыластың бірін басында жеңіп келе жатқаныммен, артынша әдістерім өтпей, ол басым бола бастады. Іштей істің қиынға айналып бара жатқанын сезіп тұрмын. Айнала шу, айғайлаған адам. Бұндайда бапкеріңді де есту қиын. Бір кезде Шәмілдің дауысын естідім. «Түйе құсап шайқа, түйе құсап шайқа» деген қазақша сөз бен Шәмілдің дауысын жазбай таныдым. Және оның не айтып жатқанын да түсіндім. Сонша айғайдың арасынан қазақтың сөзі, қазақтың дауысы құлағыма анық жетті. Қарсыласымды екі қолынан алып шайқадым. Кері шегінгенде екі-үш әдісті қатар жасап, ұпайымды арттырып алдым. Ары қарай күресіп жүріп кеп берді. Шәміл хас талант қой. Күресті сыртынан бақылап тұрып, ең керек сәтте, ең керек кеңесті берді. Егер сол сөзі болмағанда, менің олимпиада чемпионы болмай қалуым да әбден мүмкін еді», – деп досы туралы жүрекжарды пікір айтыпты. 1980 жылдары Қазақстан атынан қатысқан Жақсылық Үшкемпіровпен қатар, досы Шәміл Серіков алтын алса, Анатолий Быков күміс медальді иеленеді. Тарих жаңарып, есімдері алтын әріппен жазылған күн болды.

Біздің Жақсылықтың бүгінгі бейнесі Елдос Сметовке қатты келеді. Күні кеше өткен бәсеке, 44 жылдан кейінгі қайталанған тарих Париж – 2024 Олимпиадасындағы жарыста айқын көрінді. Артында қолдап отырған қазағын сезген Елдос аға да Жақсылық ағасындай қазаққа үлкен жақсылық жасап, тұтас елді қуантты. Тарих жаңарып, үш деңгейлі медальдардың иесі атанды. Қола, күміс, алтын медальдар Елдос ағамыздың есімін алтын әріппен жазуға жетерліктей үлкен жетістік. Себебі, оның да артында қаншама жылғы еңбек жатыр еді.

Сонымен қатар, Елдос Сметов ата-анасының, халықтың батасы мен бүкіл қазақ елінің қолдауының арқасында Францияның қақ төрінде, Макронның дәл алдында француз батырын сұлатып, Қазақ елінің рухын, әсіресе қазақ жігіттерінің намысын қоздап, рухын көтеріп жіберді. Тәуелсіз ел тарихында дзюдодан Көк Туымыз тұңғыш рет көкке көтеріліп, әнұранымыз шырқалғанда көзіне жас алмаған қазақ болмаған шығар, сірә?!

«Бұл – бір қазақтың өмірі» дегендей, Елдос ағамыз Жақсылық ағамыздың аңсаған арманына жетіп, қазақтың намысын, мінезін көрсетті. Байрағымыз бен даңқымызды бүкіл әлемге паш етті…

Сұлтан МҰРАТҰЛЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here