Аққағаз!
Не деген әдемі есім!
Осы бір аяулы жанның ғұмыры да атына сай кіршіксіз таза, мөлдір де сұлу өткен екен. Ұстаздарымның осы Алаш аруы турасында тебіреніп айтқан әр сөзі мені ынтықтыра түскеннен бе, әлде зерттеушісі жоқ, атаусыз қалған жанның рухани шырақшысы болсам деген үлкен сүйіспеншіліктен бе, әйтеуір ізденіп, тануға деген құлшынысым сәт сайын артып, ескі құжат ақтаруға тура келді.
Аққағаз бүкіл Күншығыста жоғары оқуды сарқа бітірген тұңғыш әйел. «Аққағаз Досжанқызы – қазақтың ішінен шыққан атақты қыздардың бірі. Аққағаз Батыс Алашорда әскерінің барлаушысы болған. Ол тұңғыш рет қазақ қыздары арасында толық дәрігерлік курсты бітіріп, дәрігер, ғалым-зерттеуші деген атақ алған», – деп жазады алаштанушы, филология ғылымдарының докторы Тұрсын Жұртбай. Ұстазымыз айтып отырған тұлға – қазақ журналистикасының тарихындағы тұңғыш дәрігер-журналист – Аққағаз Досжанқызы.
Сонымен, Аққағаз Досжанқызының кім болғаны туралы баяндайық:
Аққағаз Досжанқызы – 1892 жылы 25 мамырда Орынбор губерниясы, Торғай облысы, Ақтөбе уезі, Бөрлі болысының №5 ауылында туған. Бұл – қазіргі Ақтөбе облысының Мәртөк ауданына қарасты Бөрте ауылы.
Ата-анасынан ерте айырылып, бірге туған ағасы Сағындықтың тәрбиесінде болған Аққағаз білімге құштар болып өскен. Ағасы бар ғұмырын ұстаздыққа арнаған, Ыбырай Алтынсариннен тәлім-тәрбие алған, өз заманының көзі ашық адамы еді. Орынбор қаласындағы мұғалімдер семинариясын бітіріп, оқытушылық қызмет атқарған.
Аққағаздың білімге құштарлығын байқаған ағасы алдымен өз мектебінде орысша, татарша білім береді. Кейіннен Аққағаздың әрі қарай оқуын жалғастыруы үшін барын салады. Алғашқыда Орынбордағы қыздар гимназиясын оқып аяқтаған Аққағаз білімін жалғастыру үшін Мәскеудегі жоғары әйелдер курсының дәрігерлік факультетіне қабылданады. Бұл оқу орнына түсу үшін ағасы 1912 жылы 15 маусымда Торғай облысының губернаторына өтініш жазып, болыстың стипендиясы есебінен қарындасын оқуға жіберуді сұрайды. Аққағаз бұл оқу орнынан «Қайырымды медбике» куәлігін алып шығады. Үнемі оқудың соңына түсіп, ашқұрсақ жүре берген Аққағаздың денсаулығы сыр беріп, дәрігерлік факультетті ерте аяқтауына тура келеді. Бірақ, қайсар қыз бір орында тұрақтап қалмай, елге келген соң бір жылдай демалып, сауығып оқуына қайта оралады. Аққағаздың Томск университетінің медицина факультетінде оқып жүрген кезі Қазан революциясымен тұспа-тұс келді. Медбике болғандықтан госпитальмен Польшаға дейін барып, жаралы солдаттарға көмек көрсетеді. Сөйтіп, дәрігер қыз Томскіге барады. Соғыстың кесірінен бұл жердегі медициналық университетте студенттер азайып қалған. Осыны естіген Аққағаз ойланбастан құжатын тапсырып, оқу орнының екінші курсына қабылданады. 1921 жылы Ташкенттегі Түркістан халық медицина факультетіне ауысады.
1922 жылы Аққағаз Ташкентте университетті ойдағыдай аяқтап шығады. Бұл туралы Түркістан республикасының Халық комиссарлары кеңесі 1922 жылы 14 желтоқсанда қаулы қабылдап, Шығыс қыздарына арнап Халық комиссариатының қаржысынан Аққағаз Досжанова атындағы стипендия тағайындайтыны жөнінде жария етеді.
Аққағаздың САГУ-ді бітіріп келуіне үкімет тарапынан айырықша мән беріліп, Түркістан Орталық атқару комитеті үлкен той өткізеді. Бұл той туралы Сәйділ Талжановтың «Адам туралы толғау» («Жазушы» баспасы, 1965 жыл) кітабындағы «Телқара» әңгімесінің мынандай тұсы бар. «Аққағаз Досжанованың тойы Сұлтанбек Қожановтың үйінде өтті. Жоғары басқыш мектепті САГУ-дің медицина факультетін бітірген бүкіл Шығыстың тұңғыш қызының күні деп тойланды. Осы мәжілісте заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов құттықтау сөз айтты». Өкінішке қарай, жазушының сөзі жазылып, сақталмапты. Тойға Тұрар Рысқұл, Әшім Омар, Санжар Асфендияр, Біләл Сүлей, Сегізбай Айзунов, Нәзір Төреқұл, Мұхаметжан Тынышбай, Мұхтар Әуезов, Мағжан Жұмабаев, Халел Досмұхамедов секілді сол кездегі қазақтың аяулы азаматтарының барлығы түгел қатысады. Тойдан кейін зиялы қауым суретке түседі. Сол сурет қазір тарихи құжат болып сақталып тұр. Той үстінде Аққағазға 100 мың сом сыйлық беріліп, 10 мың сомдық хирургиялық жабдықтарымен бірге пәтер кілті де қоса тапсырылған. Аққағаз Досжанованың бұлай құрметке бөленуінен оның қазақ зиялыларының арасындағы абыройының қаншалықты биік екенін көруге болады.
Аққағаздың алаш зиялыларының арасындағы орны туралы күйеуі Әлімгерей Ершин: «Аққағаздың алдында артық сөз айтуға Мағжан Жұмабаев, Мұхтар Әуезов, Жүсіпбек Аймауытов секілді ақын-жазушылардың батылы бармады», – деп өз естелігінде жазып қалдырған.
Аққағаздың туған жылы туралы газет беттеріндегі мақалаларда әртүрлі жыл жазылып жүр. Бірі – «1893 жыл» десе, бірінде – «1892 жыл» деп жазылған. Былтыр Qyr Balasy ҚҚ ұйымдастыруымен «Алаш ізімен» халықаралық экспедициясы аясында Мәскеу Орталық Мемлекеттік архивінде жұмыс істеп, Аққағаздың жеке іс-қағазын таптым. Оның аттестатында «1892 жылы 25 мамырда дүниеге келген» деп жазылған. Міне, нақты өз қолымен жазған құжат – осы. Ендеше, оның туған жылы мен күні туралы ендігіде талас тудырар дау тумаса керек-ті. Сонымен қатар, кейбір дереккөздерде «Аққағаздың суреті» деп Мариям Жансұлтанқызы Сейдалинаның суреті берілген. Бұл – қазіргі таңда алаш аруларын жарнамаға айналдырып, контент үшін ақпарат таратып, мақала жазып жүргендердің қателігі. Яғни, деректің анық-қанығына жетпей, тұлғаны толық зерттемей, ешқандай құжаттармен таныспай атақ үшін мақала жазу үлкен қателік деп білемін. (Жоғарыда көрсетілген сурет еш жерде жарияланбаған, біздің зерттеуіміз нәтижесінде Аққағаздың жеке іс-қағазынан табылған сурет).
Аққағаз – тек дәрігер емес, журналист-ғалым болған. Оның қоғамдық мәселелер, халық арасында таралған ауру, әсіресе балалар мен әйелдердің жұқпалы аурулардан қалай қорғануы керек екендігі жөнінде жазылған әртүрлі тақырыптағы мақалалары бар. Белгілі мақалаларынан бөлек соңғы бір жылдың ішінде 6 мақаласы табылды. Оның үшеуін Ресейдің Химки қаласындағы газет, журналдар және сирек қолжазбалар бөлімінен «Теңдікшіл» газетін тауып, аударған болсақ, ал қалған үшеуін ҚР Ұлттық кітапханасының сирек кітаптар мен қолжазбалар қорынан таптық. Мақала 1926-1934 жылдары шығып тұрған «Әйел теңдігі» журналының 1926 жылғы санынан табылды. Бұл мақалалары медицина тақырыбында жазылған. Олар: «Теңге қотыр-самал», «Халық денсаулығын сақтау тақырыбы», «Жүкті әйелдерге кеңес», «Емшек баласын қалай бағу керек?», «Толғатқан әйелді күту және босанған әйелге жәрдем беру». Бұл мақалалары медицинадан хабары аз халықтың көзін ашуға қалай ашқан ықпалын тигізген болса, қазіргі күннің өзінде дәл солай маңызын жоғалтпаған тақырыптар. «Әйел теңдігінің» 1926-жылғы №5 санында «Аққағаз – қазақ арасынан шыққан тұңғыш әйел дәрігер. «Әйел теңдігі» журналында денсаулық туралы Аққағаз апайдың талай мақалалары басылады, мұнан кейін де басылмақ», – деп жазылған. Мақалалары туралы алдағы уақытта тарқатып тағы деректер жариялаймын.
Медицина тақырыбынан бөлек «Әйел теңдігі», «Жас азамат», «Абай» журналдарында қазақ әйелдерінің білім алу мәселесі, елдегі әлеуметтік мәселелер туралы жазбалары жиі жарияланып тұрды.
Аққағаз оқып жүрген кезінің өзінде-ақ қалалық ауруханада акушер-гинеколог болып жұмыс жасайды. Дамыл таппай халыққа қызмет етіп, қаншама адамды өлім аузынан құтқарып қалады. Сонымен қатар, аштықтан даладағы тышқан, өлімтікті жеп, азып-тозып кеткен халықтың жағдайын өз көзімен көріп, жеңілдетуге бар күшін салады. Әке-шешеден жетім қалып, аш-жалаңаш жүрген қазақ балаларын интернатқа орналастыруда да көп күш-жігерін жұмсайды. Бұл туралы Аққағаздың жалғыз ұлы Шахбаздың әйелі Айнагүл Ершина «Денсаулық» журналына жариялаған «Тұңғыш түлектің бірі» мақаласында келтіреді. Мақалада мынадай естеліктер де бар: «ҚР еңбек сіңірген дәрігері Исаак Иванович Бучацкий бір кездері өзімен қоян-қолтық еңбек еткен әріптесі жайлы «Аққағаздың сөзі ісіне қайшы келмейтін. Мен қалайда туберкулезді емдеудің ұтымды жолдарын табуға тиіспін дейтін. Сол үшін де уақытпен санаспай еңбектенетін. Ол осы мәселе туралы Тұрар Рысқұловтың өзіне барып, өкпе сырқатына қарсы күресу, оларды туғызатын себептерді жою жөнінде нақты ұсыныстарын айтты. Ал, Сұлтанбек Қожановтан туберкулезбен ауыратын интернат балаларын сапалы тамақпен қамтамасыз етуді талап ететін» деп тебірене еске алады».
Аққағаз Мәскеу, Томск университеттерінде оқып жүрген кездің өзінде орыс тіліне жетік болған. Өз ойын ашық айтатын қайсар қыз халық алдына шығып, сол кездегі шығыс әйелдерінің атынан сөз сөйлеуден де тартынбаған. Оған 1917 жылы 1-8 мамырда Мәскеуде өткен Бүкілресейлік мұсылмандар сиезіне қатысып, мұсылман әйелдерінің мұң-мұқтажын жоқтап сөз сөйлегені дәлел бола алады.
Аққағаз Орта Азия мемлекеттік университетінде қатар оқыған, Ташкент қалалық білім бөлімі жанындағы балалар мен интернат үйлерінің меңгерушісі болған Әлімгерей Ершин атты азаматпен бас қосып, Шахбаз есімді ұлын өмірге әкелді. Өз баласымен бірге ағасы Сағындықтың, қайын жұртының да балаларын қанатының астына алған.
1930 жылы күйеуімен бірге Алматы қаласына көшіп келіп, №1 ауруханада гинеколог болып жұмыс істейді. 1932 жылы денсаулығы сыр беріп, Шымкент қаласына барып тұрақтап, ем алады. Қаншама тағдырды ажалдан арашалаймын деп жүріп, өзі ауру жұқтырып, сол жылдың 29 қаңтарында Шымкент қаласында өкпе туберкулезінен қайтыс болады.
Аққағаз небәрі қырық жыл ғана ғұмыр кешті. Бірақ, сол ғұмырында ешқашан ұмытылмайтын із қалдырып кетті. Өжет те қайсар, ақылды һәм дара туған қазақтың рухты қызы еді!
Сөзімізді жинақтай айтсақ, әрине, Аққағаз туралы бұған дейін де азды-көпті мақалалар жазылып, жарияланып келеді. Мақсатым – мақала жазып, атымды қалдыру емес, осы тұлғаны бір жылдан бері жүйелі зерттеп, еш жерде жарияланбаған мәліметтерін жинап келе жатқандықтан, білімім мен қабілет-қарымымның жеткенінше Аққағаз апам туралы бар білгенімді нақтылап жазғым келді. Ендігі ісіміз – жастарға осы әдемі ғұмыр иесін қолымыздан келгенше насихаттап, таныту ғана. Саналы ғұмырын туған халқына арнаған батыр қыздың рухына Фатиха!
Таңнұр ЖЕҢІСҚЫЗЫ,
жас алаштанушы,
Qyr Balasy ҚҚ Орталық аппарат мүшесі