Оңай олжа оңдырмайды

0
1577

Қазақстанда соңғы сегіз жылда 7 539 адам жемқорлық фактісі бойынша істі болып, жазаға тартылған. Сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігінің мәліметінше, жыл өткен сайын оңай олжаға дәндеп, құрыққа іліккендердің көрсеткіші артып келеді. Мысалы, 2015-2023 жылдары аралығында 19 778 жемқорлық қылмыс тіркеліп, 14 мыңнан астам іс сотқа жолданған. Қалтаның қамын күйттеп, артынан тұтылғандардың қатарында Үкімет басшысы, министрлер, облыс, аудан, қала әкімдері, вице-министрлер, басқарма басшылары мен өзге де лауазымды азаматтар бар. Антикордың ақпараты бойынша, бір ғана 2023 жылы жемқорлыққа қатысты 1 692 қылмыс тіркеліп, 1 324 адам ұсталған. Оның 161-і түрлі деңгейдегі басшылар.

Соңғы он жылдықтағы Қазақстандағы атышулы жемқорлық дауларының қатарында «ЭКСПО-2017» төңірегіндегі былықтар, «Қорғас» кеден бекетіндегі қаржы жымқыру схемалары, Қызылордадағы әйнек зауытына бөлінген қомақты ақшаның қолды болуы, «Астана LRT» жобасындағы дау-дамайлар, «СК-Фармация» компаниясындағы әккі әрекеттер, денсаулық сақтау саласын цифрландыру мақсатында бөлінген қаражаттың талан-таражға түсуі сынды фактілер бар.

Мемлекет басшысы мемлекет дамуын тежеп, ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретін сыбайлас жемқорлықпен күресті үздіксіз жүргізуге ерекше назар аударып отыр.

«Сыбайлас жемқорлық жалпы экономиканы дамытуға тосқауыл болатын фактор. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаппай күресу қажет. Мен бұл туралы үнемі айтып жүрмін. Осы бағытта біраз жұмыс жасалды, нәтиже де бар. Бірақ, солай екен деп, босаңсуға болмайды. Жұмысты жалғастыру қажет. Әсіресе, цифрландыруды белсенді түрде қолдану керек. Осындай тәсілдер арқылы бөлінген қаражаттың мақсатқа сай жұмсалуын қамтамасыз ету қажет, яғни барынша ашық және қатаң бақылау болуға тиіс», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігінің ұйытқы болуымен мемлекеттік сатып алу жүйесіне бірқатар өзгеріс енгізіліп, Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің картасы әзірленді. Бұл құжат жегі құртқа айналған дертті одан әрмен өршітпей, мәселені тиімді шешуге серпін береді. Мемлекеттік сатып алу порталына да бақылау күшейтілді. Бұл тәсіл бюджеттің қыруар қаражатының мақсатсыз жұмсалуының алдын алуға септеспек.

Бұдан бөлек, денсаулық сақтау, білім беру сынды маңызды салаларға жүйелі түрде талдау жүргізіліп, кемшіліктерді анықтау механизмі іске қосылды. Бюджеттік өтінімдер, есеп-қисап жүргізу, еңбекақы төлеу жүйесі сынды коррупциялық тәуекелдер жоғары салалар толығымен автоматтандырылды. Спортты қаржыландыру саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне де мониторинг жүргізіліп, Ұлттық банктің «Цифрлық теңге» жобасы арқылы «ақшаны бояу» тетігі іске қосылды.

Тақырыпқа тұздық боларлық тағы бір дерек, Transparency International ұйымы жыл басында Жемқорлықты қабылдау индексін жариялады. Түсінікті тілмен тәпсірлегенде, бұл рейтингте жаһан мемлекеттерінің жемқорлықпен күрес деңгейі таразыланады. Шығыс Еуропа мен Орталық Азия елдері бойынша түзілген тізімде Қазақстан 180 мемлекеттің ішінде 92 орынға көтерілді. Биыл Қазақстан былтырғы жылмен салыстырғанда үш сатыға жоғарылап, оң көрсеткішке ие болыпты.

Жандар ТҰРАРҰЛЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here