2026 жылғы 5 қарашада Кенжеғали Сағадиев атындағы Халықаралық бизнес университетінде ұлт ұстазы, қазақ тіл білімінің негізін қалаушы Ахмет Байтұрсынұлының ғылыми-ағартушылық мұрасына арналған «Ұлттық рухтың ұлы тіні» атты Тіл апталығының салтанатты қорытынды кеші өтті.

Салтанатты шара аясында ұйымдастырылған «Ұлт ұстазы және заманауи Ахметтану» атты кездесу, рухани кешіне арнайы қонақ ретінде Алматы қаласы музейлер бірлестігі, Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінің жетекшісі, ахметтанушы ғалым Райхан Имаханбет және мен Әділет Ахмет құрметпен шақырылдық.
4-қараша Алаш арыстары ақталған, Алаш баласының айы оңынан туған күн. Сол күнмен тұспа-тұс келген тағылымды басқосуға қанша қарбалас болсақ та уақыт шығарып бардық. Қазақта «Шақырғанға бар, шаққаннан қаш» деген аталы сөз бар. Осыдан жарты ай бұрын аталған білім ордасының белді оқытушысы PhD доктор, менің құдайы бір құрдасым, әріптес досым Арайлым Ботанқызы осы ауқымды шараға қонақ болуымды өтінген еді. Тебінді ғалым, текті әулеттің қызы, білікті ұстаз Арайлым шақырған соң да өз басым әдеби шараға қонақ болудан бас тартпадым.
Шара жоспарланған уақытта басталып кетті. Егеменді Елдің Әнұранымен шымылдығы ашылған игілікті істің көңіл толқытар сәті көп болды. Қайран арыстар-ай, дедім ішімнен, осы бір еркін елінің Әнұранын есту ешқайсысына да бұйырмады-ау деп.
Бізді тәнті еткені кәсіпкерлікті негіз еткен білім мекемесіндегі студенттердің басым бөлігі өзге ұлт өкілдері және шетелдік білім алушылар бола тұра, Қазақстанның Мемлекеттік тілінің осы мекенжайдағы биік беделі болды. Бәрі де қазақ тілінде мінсіз жорғадай төгіліп тұрмаса да, әжептәуір меңгерген. Жүргізуші жастардың бірі Ясмина атты қыздың үндесімі мен тілдесімі көркем тілімізді айшықты сөйлеуі, тұнық дыбыстауы да Райхан Сахыбекқызы екеуімізді бір желпінтіп тастады.
Шара ұлттық дәстүрдің құндылығын көрсететін шашу биімен, күмбірлі күймен ашылды. Бишілердің қатарында да отандас өзге ұлт қыздары мың бұралып жүр. Қазақы кестелі көйлектің жарасуын-ай жалынды жастарға. Ұлт ұстазының өлеңдерін сүрінбей жатқа оқыды жастар. Арасында біздің де «Ааш арманы» атты толғауымызды мамырлатып жатқа соққан жалынды жастарға да дән риза болып, қуанып қалдым.
Кездесу барысында студенттер мен оқытушылар қауымы ұлт ұстазының өмірі мен өшпес мұрасы, ғылыми еңбектері, сондай-ақ заманауи Ахметтану бағытындағы жаңа зерттеулер туралы құнды мәліметтер алып, қонақтармен сұхбаттасу арқылы көкейлеріндегі сұрақтарына жауап алды.
Алаштану, ахметтану, Ұлт ұстазының қилы тағдыры, ғылыми мұрасы,бүгінгі зерттелуі, жасанды зерде заманындағы Алаш мұрасының жалғасымы туралы сауалдарға хал-қадарымызша жауап беріп, зал толған ұстаздар мен суденттердің ыстық ықыласына бөлендік. Төріне шығып, төредей болып отырған бізден де қонақ кәде сұралды. «Күн сөнсе де» атты А.Байтұрсынұлы ухына арнаған бір өлеңімді оқып бердім.
Шараның қорытынды бөлігінде аптаның алғашқы күні – 3 қарашада өткен эссе жазу байқауының қорытындысы шығарылып, жүлделі орын алған және белсенді қатысқан барлық студенттерге арнайы марапаттар, сертификаттар мен құнды сыйлықтар салтанатты түрде табысталды. Бұл бастама жастардың шығармашылық пен сыни ойлау қабілеттерін дамытып, жазбаша тіл мәдениетін жетілдіруге зор үлес қосты.
Басты қонақ Р. Имаханбет екеуімізге де алғыс хаттармен қоса, бағалы сыйлық ұсынды айрандай ұйыған берекелі ұжым. «Бергеніңді айтпа, алғаныңды айт» дейді ғой атам қазақ. Талай тағылымды кездесуге қонақ болып, шапан киіп, дәм татып жүрміз. Халықаралық бизнес университеті аталған басқосуда байқау жеңімпаздары мен белсенді қатысушыларға және қадірлі қонақ болған бізге «Меломан» кітап дүкенінің кітап сатып алу картасын сыйға берді. Байқауымша бұл бір тамаша заманауи бастама екен. «Кітап оқитын ұлт» бағдарламасы қарқынды жүріліп жатқан бүгінгі таңда осыдан артық құнды сыйлық болсын ба?! Отбасымызбен бірге барып армандаған кітабымызды алатын қаржылық демеу, есте қалар берекетті сияпат болды деп ойлаймын.
Аталған қорытынды шара университет қабырғасында апта бойы атқарылған жұмыстарды жүйелеп қана қоймай, жас ұрпақтың тарихи-мәдени танымын тереңдетуге, ұлттық өнерді дәріптеуге және Ахмет Байтұрсынұлының мол мұрасын кеңінен насихаттауға айтарлықтай маңызды үлес қосты.
К. Сағадиев атындағы Халықаралық бизнес университетіне (UIB) ағымыздан жарылып отырған тағы бір себебіміз – өткен апталарда аталған білімжайдың 400-ге жуық студенті Ұлт ұсазы үйіне таңнан кешке дейін кезекпен келіп, топ-тобымен тағылым алып қайтқан болатын.
Ахмет – сөзсіз ғаламдық деңгейдегі ғалым, Ахмет мұрасы мәңгілік һәм адамзаттық құбылыс. Сол үшін де Ұлы арысты ұлықтағанның жөні осы деп, әдебиетші, тарихшы қазақ тілді бір шоғыр ғана өзіміз ұлықтап, өзіміз еміреніп, өз ортамызда тебірене берумен ғалым мұрасы өркен жаяр ма? Ахметті қазақ халқы ғана емес, Қазақстанда жасап жатқан барша жұртымыз толық танып, ілімін игілікке жаратуы, күллі түркі дүниесі тағзым жасап, тағылым алуы керек. Сол тұрғыдан қарағанда да, сан алуан ұлттың ұрпағы жиналған бірегей университеттің студенттері ұстаздың ғұмыры соңында тұрған үйге келіп, зиярат етіп, зердесіне сәуле құюы қуана құптарлық жәйт.
Осылайша білікті басшылардың, білімді ұстаздардың, елгезек жастардың ұйымдастыруымен өткен «Ұлттық рухтың ұлы тіні» тақырыбындағы әдеби кештен әдемі әсер алып, Ата тіліміздің биіктеп келе жатқан белесін өргендей, көңіліміз тоқ қайттық.
Әділет Ахмет,
«Алматы қаласы музейлер бірлестігі» КМҚК
Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінің ғылыми қызметкері, докторант









