«Қазаққа» қайта ғұмыр сыйлаған қаламгер

0
1800

Мақаламыздың кейіпкері, қазақты тұтас сүйген, қазақ өмірін бір кісідей білген, білген үстіне білу мақсатында қазақ халқына қатысты үлкен еңбектер жазып қалдырған қабырғалы қаламгер – Қоғабай Сәрсекеев. Оның елдің кешегісі, бүгіні мен ертеңі туралы ойға құрылған «Қазақия», «Қазақ шаруасы», «Дешті Қыпшақ» роман-хроникалары сондай терең зерттеу жұмыстарының жемісі. Қазақ боп жүріп, қазақ тақырыбын біле бермейміз, білсек те жіті мән бермейміз. Жазушының осынау жазбалары сол олқы тұсымызды толықтыра түскендей болған.

Өткен ғасырдың басында жаңа өкімет тарапынан зорлықпен жабылған ұлт басылымы «Қазақ» және «Айқап» журналымен оқырмандарын қайта қауыштырып, өліп-тірілген «Қазақтың» жүз жылдық мүшелтойын республика деңгейінде аталып өтуіне бар ерік-күшін жұмсаған да ұлтжанды Қоғабай Сәтенұлы болатын.

Араға 88 жыл салып, 2006 жылдың  22 наурызында  266-санынан бастап «Қазақ» қайта шыққанда, Сәрсекеевтің «қазағым деп шырылдап жарғақ құлағы жастыққа тимей жүруінің» шын сырын замандастары ұққандай болды. «Қазақпен» бірге «Алаш» идеясы қайта жаңғырды.

«Қазақ» газеті дегенде, тіл ұшына алдымен Алаш сөзі және сол газеттің алғаш жарық көруіне аянбай атсалысқан, рухани қазына жасау мұратына ұмтылған алқалы топ: Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Әлихан Бөкейхан, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Халел Досмұхамедұлы, Ғұмар Қараш, Мағжан Жұмабаев, Жаһанша Сейдалин, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Мұхаметжан Тынышпаев, Мұстафа Шоқай, Жүсіпбек Аймауытов, Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы, Мұхтар Әуезов, Мұхамеджан Сералин, Нәзипа Құлжановалар оралады. Бұл зиялы қауым күрделі кезең мен шырғалаң шақта ұлтымызға сүрлеу көрсетіп, соқпағын кеңейтіп, өздері ашқан «Қазақ» басылымы арқылы қалың бұқараның санасын серпілтті. Өкініштісі, бар саналы ғұмырларын баянды бейнетке арнаған олар әп дегеннен-ақ тағдырдың талқысына ұшырады: қудаланды, түрмеге тоғытылды, артынан атылды…

Алайда, өрге ұмтылып, кеңге талпынған өміршең серпіліс түбі өз нәтижесін берді. Тәубә, Алаш жұрты өз тәуелсіздігін алды. Егемендікпен бірге Алаш қайраткерлерінің еңбектері «тіріліп» алдымызға қайыра оралды. Көмбеден асыл құндылықтарымыз аршылды. Мұндай іргелі істің сапында тағы да сол Сәрсекеев жүрді.

Қоғабай Сәтенұлы Алаш тұлғалары хақында өзі қайта қолға алған «Қазақ» газетіне дәйекті, тың материалдар жариялап, олардың көзі тірі тұяқтарымен сыр-сұхбаттар өрбітіп, оқырмандарымен қауыштырды. Бір сөзбен қайырғанда, Тәуелсіздік дәуіріндегі «Қазақтың» бас редакторы Алаш идеясы бойына да, ойына да әбден сіңгенін осылайша айқын танытты. Расында да, Қоғабай Сәтенұлы Ахмет пен Міржақып туған Торғай өңірінен. Және алаштықтар туралы ескі құлақ, көнекөз қариялардан үнемі естіп, есіне тоқып ержеткенін қаршадайынан әдебиеттің қара солдаты боп қалыптасқан ол туған нағашысының жазықсыз қалай атылғанын өмірбаян дерегінде былай деп өрбітеді: «…естуіміз бар, осы газеттерді таратып, тіпті, сақтағаны, ұстағаны үшін талай естиярларымыз бұрын «халық жауы» болып ұсталып кеткен. Бұл туралы үлкендер айтып отыратын. Міржақып Дулатовтың «Оян, қазағы» сандықта жатып, солардың өлеңдерін оқығаны үшін, әнге салып орындағаны үшін менің туған нағашым Жүсіпназар Байтұрсынов дейтін кісі ұсталып, атылған екен. Ол ешкімге қиянат жасамаған, өкіметке зияны жоқ, ішпеген, жемеген, тек әнші ғана болған адам. Алайда, үйін тінтігенде сандығынан Құран, Міржақыптың «Оян, қазақ» кітабы шыққасын жазықсыз айдалған, кейін атылыпты. Осының бәрі шер емей не?.. Осының бәрін мен шешемнің айтқандарынан білемін. Ол Ахаңдардың жазғандарын жатқа айтып отырушы еді. Бала кезден құлағымда қалды. Тәуелсіздіктен кейінгі жылдары жаппай түрлі басылымдар ашыла бастады. Сол кезде маған бір кездердегі «Қазақ» газетін қайта жаңғыртсақ қайтеді деген ой келді. Тірілткім келді. Үзілгенді жалғағым келді…»

Иә, қайталап айтсақ, Сәрсекеев Алаш арыстарының үзілгенін жалғады, аяқсыз қалған армандарын асқақ етті. Олардың әрқайсысының өмір жолы мен шығармашылық тағдырына тоқталды. Соның нәтижесінде «Ұлт ұстазы немесе Ахмет Байтұрсынов жайлы ой түйін», «Үш Арыс», «Үш таным» деп аталатын роман-эсселерін жазды. Ұлт ұстаздарын ұлықтады.

Осынау еңбектері және «Қазақ» газеті қайта жарыққа шыққанда академик Серік Қирабаев шексіз ризашылығын былай білдіріпті: «Бір кезде Ахаң «Қазақ» газетінде «Біз жоқ іздеген жолаушымыз» деп еді. Ол «жоқтар» – қазақтардың отаршыл өкімет тартып алған жері, уысынан шығарып алған ел билігі, жоғала бастаған халықтың қасиеттері – намысы, ары, батырлығы, ұлттың рухы, тілі, ділі, діні, жат елдің шаруасын істеуден қашқақтаған қазақтың жалқаулығы, ішкі алауыздығы сияқтылар болатын. Алаш арыстары кезінде осы «жоқтарды» іздеуге шығып, елін ұйқыдан оятуға, өнер-білім жолына түсуге бағыттады. Ал, Қоғаш сол «жоқтардың» бүгінгі іздеушісі. Бірақ, бүгінгі «жоқтар» заман ыңғайына сәйкес өзгерген, сәл басқашалау. Олар – кеңестік бодандық кездегі езгінің түрлерін іздеу, жерді бөлшектеу мен сатуға қарсылық, тәуелсіздік туғанда айырылып қалған қазақ шаруаларының өндірістік құрал-жабдықтарына сұрау салу, қазақ жастарының жұмыссыздығы, әлі де жаңаша дамуға түсе алмай отырған халықтың ескішіл сана-сезімін, намысын, рухын ояту, мемлекеттік тіл дәрежесіне көтеріле алмай отырған қазақ тілінің тағдыры…»

Рас, халықтық қасиет пен ұлттық игіліктерді ілгері дамытатын ғалымдар мен жазушылар. Академиктің қаламгер інісіне берген бұл бағасы өте орынды.

Алаш тақырыбына дейін өз буыны, алдындағы жазушы ағалары секілді Қоғабай Сәтенұлы да кеңестік дәуірде қадау-қадау тақырыптарды шығармаларына арқау етті. Оның «Қызыл жалау», «Ақырзаман», «Үш Арыс» романдары мен «Кілт», «Қараша қаздар», «Құс қанаты» атты кітаптарына кірген әңгіме-хикаялары, «Портреттер», «Төрттаған» жинақтары оқырман қауымға мәлім.

Осындағы «Қызыл жалау» – оқырмандардың ыстық ықыласына бөленген бірден бір туындысы. Тіпті, қаламгер шығармашылығындағы ерекшелікті тануда Ғабит Мүсіреповтің де пікірі жоғары болған.

«Қызыл жалау» деген атпен берілген бұл романның бірінші кітабын мен қадағалай, барлап оқып шықтым. Шығармаға мінез керек. Бұл жағынан алғанда, автордың қадамы құптарлық… Көркем дүниедегі әрбір әрекет өзіне лайық жағдайында шыншылдықпен бейнеленгенде ғана үйлесімділік табады. Типтік характерлер қай уақытта та типтілік тұрғыда жасалуға тиісті. Қоғабай Сәрсекеев романында осындай мінездің барлығы ішті жылытады».

Міне, ұлы суреткердің Сәрсекеевті «мінезді көркем шығарма жазған қарымды қаламгер» санағанына куә боламыз.

Жазушы проза жанрымен қатар драматургия саласында да қалам тартқан. «Қол мерген», «Кесте орамал», «Ыбырай Алтынсарин», «Мұңлық-Зарлық», «Фатима», «Ашудас», «Сарбаздар» сияқты пьессаларының театрларда қойылғанын біреу білсе, біреу білмес. Сондай-ақ, ол кей жағдайда ойларына өлең сөзді де қолданды. Мәселен, «Абайға шағым» атты ойын өлең түрінде Абайдың «Сегіз аяқ» ізімен:

«Ақыреттің азабын жеп,
«Қалың елім қазағым» деп.
Қапа болдың ұлы Абай.
Жүгініп ғибрат сөзіңе,
Шағым айтамын өзіңе!..» – дей отырып:
«Абай аға, лажсыздық, не еттік?!» – деп аяқтайды.
Сонымен қатар, «Ахаңа сыр ашу», «Өмірбаян» атты өлеңдері осыған дәлел.

«Өмірбаянында»:
«Жылым қоян,
Күнтізбем тоқты
Отыз тоғыздың бірінші әпірелі», – демекші, бұл мөлтек-сыр «Қазақты» қазағына қайтарған, «Қазаққа» қайта ғұмыр сыйлаған қайраткер-жазушы Қоғабай Сәрсекеевтің  туған күніне орай жазылып еді. Көзі тірі болғанда 1 сәуірде қаламгер 83 жасқа толар еді…

Қызжібек ӘБДІҒАНИҚЫЗЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here