ҚазҰУ Наурыз мейрамын кең көлемде атап өтті

0
1915

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Наурыз мейрамын сән-салтанатпен атап өтті. ҚазҰУ қалашығындағы көктем мерекесі Әл-Фараби кітапханасы алаңында шырша отырғызудан басталды. Универсиет  ректоры Жансейіт Түймебаев шетелдік оқытушы-профессорлармен және факультет декандарымен бірлесіп қалашық аумағына 100-ге жуық шырша отырғызды.

Ұлыстың Ұлы мерекесіне арнайы шақырылған меймандар университет аумағында құрылған 20 киіз үйді аралап, наурыз дастарханынан дәм татты. Аға буын өкілдері жастарға баталарын беріп, шежіреден біраз сыр шертті.

Мерекелік шара концерттік бағдарламамен жалғасты. ҚазҰУ-дағы наурыз мейрамына келген қонақтардың қатарында Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев, ҚР ҰҒА Президенті Мұрат Жұрынов, ҚР Жоғары сотының экс Төрағасы Мұсабек Әлімбеков, мемлекет және қоғам қайраткерлері   Амандық Баталов пен Бағытжан Сағынтаев және ЖОО ректорлары, белгілі ғалымдар, қаламгерлер мен БАҚ өкілдері болды. 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы-Ректоры Жансейіт Түймебаев жиналғандарды Наурыз мерекесімен құттықтап, ыстық лебізін білдірді. Өз сөзінде білім ордасының басшысы Наурыз ынтымық пен бірліктің мерекесі екенін жеткізді.

«Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мерекесі құтты болсын! Бұл күні Жер-Ана қайта түлеп, дүние ерекше күйге енеді. Халқымыздың ұғымында әз-Наурыз жаңару мен жаңғырудың, үміт пен сенімнің символы. Көктемгі мерекеде достық пен татулық, қазақы қонақжайлық дәріптеледі. Ұрпақтар сабақтастығы салтанат құрады. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіледі. Берекесі ұйыған егемен еліміздің болашағы жарқын болсын», – деді университет ректоры.

Мерекелік концерт арнайы дайындалған театрландырылған қойылыммен жалғасты. Көпшілік назарына тұсаукесер, қыз ұзату, беташар сынды қазақтың салт-дәстүрлері көрсетілді. Сондай-ақ, қазақ эстрадасының жұлдыздары мен университеттің өнерлі жастары ән айтып, би билеп, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Сонымен қатар, наурыз мейрамы аясында қазақтың ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өткізіліп,  зергерлік бұйымда мен кітап көрмесі ұйымдастырылды.

ҚазҰУ-дағы Наурыз мейрамына қатысқан мемлекет және қоғам қайраткері Амандық Баталов «ҚазҰУ қалашығындағы наурыз мейрамына бірінші рет қатысуым. Ерекше көңіл-күйдемін. Барлығы жоғары деңгейде өтіп жатыр. ҚазҰУ жалынды және білімді жастардың ордасы. Наурыз әр шаңыраққа шаттық пен қуаныш әкелсін! Еліміздің іргесі берік болсын», деп ақжарма тілегін білдірді.

Айта кетейік, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Ұлыстың Ұлы күнін тойлау 14  наурыз – «Көрісу күнінен» бастау алған болатын. Апталық аясында «Жайлау күні», «Шежіре күні», «Тарихқа тағзым күні», «Игі істер күні», «Шымырлық пен шеберлік күні», «Зияткерлік күні», «Ұлттық тағамдар күні», «Ұлыстың ұлы күні», «Жоралғы күні» өткізілді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here