Фараби форумы мәресіне жетті

0
1800

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде I Халықаралық Фараби форумының жабылу рәсімі өтті. Онда форум жұмысы қорытындыланып, «ҚазҰУ-дың Үздік жас ғалымы» байқауы мен Студенттік бизнес-инкубаторлар инновациялық жобаларының жеңімпаздары марапатталды.

I Халықаралық Фараби форумы аясында еліміздің жетекші университетінде үш халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция, екі дөңгелек үстел, дәстүрге айналған «Фараби әлемі» атты студенттер мен жас ғалымдардың халықаралық конференциясы, сондай-ақ «ҚазҰУ-дың Үздік жас ғалымы» мен Студенттік бизнес-инкубаторлардың инновациялық жобалар байқауы өтті.

Форум ғалымдар мен студент жастардың ғылыми шығармашылығының түрлі бағыттарын біріктірді. Конференциялар мен байқауларға 6000-нан астам ғалымдар, студенттер, магистранттар мен жас ғалымдар қатысты. Көрнекті ғалымдар, саясаткерлер және құқықтанушылармен кездесулер, зияткерлік ойындар, презентациялар, дөңгелек үстелдер, ғылыми дебаттар, шеберлік сыныптары, байқаулар, көрмелер мен зияткерлік ойындар ұйымдастырылды.

Салтанатты рәсімге қатысушылар алдымен Студенттік бизнес-инкубаторлардың инновациялық жобалары көрмесімен танысты.

ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев форумға белсенді атсалысқаны үшін барлық қатысушыларға алғыс айтып, үздіксіз шығармашылық табыс, озық ғылыми нәтижелер мен жаңалықтар тіледі.

«I Халықаралық Фараби форумы Қазақстанның игілігі үшін одан әрі даму жолындағы біздің қара шаңырақтың үздік дәстүрлерін сақтап, дамыта отырып, университет ғылымының өзіндік символына айналды. Біз студенттік ғылымды қолдау және дамыту саясатын одан әрі жалғастыратын боламыз. Университетте біз іргелі және қолданбалы зерттеулер мен технологияларды коммерцияландыру шеңберінде жас ғалымдар мен студенттердің халықаралық ғылыми-техникалық ықпалдастығын дамытамыз», – деп атап өтті ректор.

Білім ордасында жас ғалымдардың ғылыми әлеуетін арттыруға көп көңіл бөлінеді. ЖОО басшысы Жансейіт Қансейітұлының ұсынысы бойынша университеттің ғылыми-зерттеу жұмыстарын жалпы гранттық қаржыландырудың 10%-ы студенттерді ғылыми-зерттеу қызметіне тартуға бөлінеді.

Салтанатты шарада университет басшысы «ҚазҰУ-дың Үздік жас ғалымы» байқауы мен Студенттік бизнес-инкубаторлардың инновациялық жобалары жеңімпаздарына дипломдар мен қаржылай сыйлықтарды табыс етті.

Сонымен қатар жиынға Қырғыз Республикасы мен Қазақстан Республикасы арасындағы достық-сенімді қарым-қатынастарды дамытуға қосқан зор үлесі үшін Түркітілдес мемлекеттер интеграциялық Кеңесі Бас хатшысының орынбасары Адахан Мадумаров қатысып, «Бірлік» алтын медалімен марапатталды.

Мемлекеттік қайраткер: «Әлемнің 200 университеті қатарына енген Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ұжымымен кездескеніме қуаныштымын. ҚазҰУ-да көптеген талантты жастар өсіп келеді.  Бүгін жас ғалымдардың үздік жұмыстарын тамашалау барысында болашағы зор ғылыми зерттеулерге куә болдық. Мәселен, «Ақылды күнхана» жобасының Қазақстан үшін де, Қырғызстан үшін де өзектілігі жоғары. Ешкі сүтінен жасалған ірімшік жобасы да халық денсаулығы үшін аса қажет. 

Жаһандану дәуірінде біз шаң қауып, өркениеттің шетінде қаламыз ба, әлде көштің бел ортасында жүреміз бе – жастарға байланысты. Сіздерге орасан зор жоспарларыңызды іске асыруды тілеймін!» деді.

Форум аясында өткен халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциялар жайлы философия және саясаттану факультетінің деканы Бекжан Мейірбаев, медицина және денсаулық сақтау факультетінің деканы Жанна Қалматаева, тарих факультетінің деканы Меңдігүл Ноғайбаева, география және табиғатты пайдалану факультетінің деканы Виталий Сальников қорытынды баяндама жасады.

Сондай-ақ шара барысында білім ордасының бірқатар  жетекші ғалымдарына Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың «Ерен еңбегі үшін» медалі табысталды.

Үздік инновациялық студенттік жобаның авторлары – ҚазҰУ-дың физика-техникалық факультетінің студенттері Динара Жұмалина мен Қалдыгүл Кәрібаева Ι-дәрежелі диплом мен 150 мың теңге қаржылай сыйлыққа ие болды. Олардың жобасы мүмкіндігі шектеулі жандар үшін арнайы сурдоаударманы HandDetector қосымшасы көмегімен дайындауға бағытталған.

«Әлемде 2 миллион адам ымдау тілімен сөйлеседі. Бағдарлама осындай мүмкіндігі шектеулі жандардың іс-қимылдарын басқа адамдарға түсіндіруге көмектеседі. Барлық адамдарға қолдау және достық қажет. Мақсатымызды жүзеге асыруға қолдау білдірген университет басшылығына және жетекшілерімізге алғысымыз шексіз. Жас өнертапқыштар үшін ҚазҰУ-да барлық жағдай жасалуда», – дейді жоба авторлары.

Іс-шара форум жеңімпаздары мен жүлдегерлерінің естелік суретке түсуімен аяқталды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here