Дыбыссыз әлем немесе Сабинаның сұлу әлемі

0
9856

Алматылық Сабина Сұлтанбаева тыныштық әлемінде өмір сүреді. Бойжеткеннің есту қабілеті нашар, алайда бұл оның арманын аласартпаған. Бала кезінен сурет салуға құмартқан ол жасөспірім шағында «көркем шығармашылық мамандығым болуы керек» деген шешім шығарған. Сабина алдымен көркемсурет мектебін бітіріп, кейін колледжді аяқтайды. Білімін ары қарай жоғары оқу орнында жалғастыруды армандаған, бірақ университетке грантқа түсу оңай болмаған. Ал, ақылы түрде білім алуға әзірге мүмкіндігі жоқ. Бұл суретші болам деген арманы асқақ бойжеткенге кедергі келтірмеген. Бүгінде «Ұлар» галереясында Сабина Сұлтанбаеваның алтыншы жеке көрмесі өтіп жатыр. Өткен жылы суретші кітаптарға иллюстрациялар жасауды армандайтынын айтқан, қазіргі таңда бұл көрменің тақырыбына айналған.

– Мен иллюстрацияны Әбілхан Қастеев атындағы өнер және дизайн мектебінде оқып жүрген кезімде бастадым. Өзіме осы жұмыс ұнайды. Маған Герберт Уэллстің әңгімесімен аттас Николай Рерихтің «Соқырлар елі» графикалық картинасы қатты әсер етті. Сол себепті иллюстрациялар көрмесін жасауды көптен армандап едім, – дейді қылқалам шебері.

СУРЕТТЕРМЕН ЕРЕКШЕЛЕНГЕН ЕРТЕГІЛЕР

Галереяда қазақ ертегілеріне арналған туындылар ұсынылған. Онда автор өз халқының мәдениетін, тұрмыс-тіршілігін, салт-дәстүрін сурет сызбалары арқылы сөйлетеді. Қылқалам шебері «Айсұлу мен Күнсұлу» ертегісіне ғажайып иллюстрациялар салған.

«Балалар да, ересектер де менің иллюстрацияларыма қарап қазақ ертегілерінің кейіпкерлері мен оқиғаларын елестетіп қана қоймай, қыздарымыздың сұлулығы мен ұлттық киімдеріне тамсанып, әдет-ғұрып, салт-дәстүріміздің сырын ұғынғанын қалаймын. Ертегілерге иллюстрациялар салу арқылы қазақ мәдениетін әлемге танытуды армандаймын», – деп ой бөлісті суретші.

Қылқалам шебері басқа халықтардың дәстүрлеріне де қызығушылықпен қарайды. Мәселен, ол белгілі орыс жазушысы Павел Бажовтың ертегілеріне иллюстрациялар салуды армандайды.

Жалпы суретшінің қызығушылығы тек ертегілермен шектелмейді. Оны көрмедегі туындылардан байқауға болады, мұнда туған өлкенің табиғатын бейнелейтін картиналар қойылған. Оның арасында «Көкнәр», «Бақбақ», «Қызғалдақ», «Алма гүлі» және т.б. жұмыстары бар.

«Мені біздің табиғатымыз, жалпы өзім барып үлгерген барлық орындардың сұлулығы таңғалдырады. Адамдардың бәрі сол таңғажайып әдемілік әлеміне еніп, оны қорғап, күтсе, сақтаса екен деймін. Менің суреттерім соған ықпал етеді деп сенемін, – дейді қылқалам шебері.

Кейіпкеріміздің қолынан шыққан жұмыстар көрмесі – қайырымдылық ретінде өтуде. Мұндай жобалар – ҚР Суретшілер одағы жанындағы «Ұлар» галереялар жұмысының маңызды бөлігі.

«Біз ерекше қажеттіліктері бар талантты адамдарды қолдап, олардың шығармашылық жолындағы алғашқы қадамдарын жасауға көмек беруге қуаныштымыз. Сабина Сұлтанбаева өз жұмыстарын бізге бірінші рет қойып тұрған жоқ. 2021 жылы біздің кеңістікте оның «Әлем бояулары» атты жеке көрмесі өткен болатын. Дарынды адамдардың қалай дамып жатқанын бақылауға және соған біздің де үлесіміздің тигені көңілге қуаныш ұялатады», – дейді «Ұлар» галереясының директоры Юрий Маркович.

МҮМКІНДІКТЕР ЕМЕС, ТАҢДАУ ШЕКТЕЛГЕНДЕ…

Қазақстанда құлағының мүкісі бар адамдар үшін кәсіп таңдау шектеулі сияқты, әсіресе, аяқ киім тігуші, шаштараз, тігінші секілді кәсіптер ғана бар. Олардың тізімі осындай қысқа, алайда шын мәнінде олай емес. Құлағының мүкісі бар суретшілердің тарихы біздің елімізде тыныштықта өмір сүретін адамдар шығармашылығын дамыта алатынын көрсетеді. Ал, олардың өз мақсаттарына жету жолында анағұрлым көбірек күш жұмсауына тура келеді.

Құлағы естімейтін суретшілердің көбі басқа да құлағында мүкісі бар адамдар сияқты өз жолын Алматыдағы жалғыз саңыраулар мен нашар еститіндер мектебінде бастайды. Мұнда балаларды тек ым тіліне ғана емес, сонымен бірге сөйлеуді ерінге қарап оқуға үйретеді. Қарапайым білім беру мекемелеріне естімейтін балаларды әрең алады. Мұндай балалар басқа еститін балалармен бірдей бағдарламаны меңгеріп кетеріне күмәнданады. Осылайша суретші Анар Әбжанованы да кезінде Т. Жүргенов атындағы өнер академиясы жанындағы колледжге қабылдағысы келмеген екен. Алайда, оның анасы сол кезде табандылық танытып, ақыры алдырған. Анар Әбжанова тек сол колледжді ғана емес, артынан Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын да бітіріп шығады. Бірақ, ата-аналардың бәрінде бірдей ерекше балаларының құқығын қорғайтындай мұндай күш пен табандылық бола бермейді.

ӘБІЛМАҚЫЖАН УӘЛИХАНОВТАН АЛЕКСЕЙ УТКИНГЕ ДЕЙІН

Қазіргі таңда Қазақстандағы құлағы естімейтін ең танымал суретші – Алексей Уткин. Құлағының естімеуі оның кезінде кәсіби білім алып, жетістікке жетуіне және дыбыссыз әлемде өмір сүретін басқа суретшілер үшін тәлімгер болуына кедергі келтіре алмады. Олардың жоғарыда аты аталған Анар Әбжанова, негізінен ГаБо шығармашалық дуэті ретінде танымал әпкелі-сіңлілі Ғалия мен Балқия Құсайыновалар да бар. Ал, Сабина Сұлтанбаеваға Серік Ілиясов, Нұрғалым Исабаев, Ғани Уморбеков, Мәлік Дүйсенбаев және қазақтың басқа да танымал суретшілері бағыт-бағдар берген. 

Еске сала кетсек, Алексей Федоровичтің өзі ГаБо әпкелі-сіңлілілер және өскемендік Марат Смайылов секілді кезінде Ленинградтағы құлағы естімейтіндерге арналған Бүкілодақтық сурет училищесінде білім алған.

Тура осы қалада (ол кезде Санкт-Петербург) 1855-1864 жылдар аралығында саңырауларға арналған мектепте Әбілмақыжан Уәлихановтың да, яғни Шоқан Уәлихановтың ағасының да оқығанын көбі біле бермейді. Мектепте оқи жүріп Әбілмақыжан Уәлиханов бала кезінен сурет пен мүсіндеуге қабілеті байқалғандықтан Императорлық Суретшілер академиясына барып тұрған. 2015 жылы ҚР Орталық мемлекеттік музейінде даңқты ғалымның 180 жылдығына арналған «Шоқан асулары» атты көрме ашылды. Экспонаттар ішінде Уәлихановтардың әпкесі Әлияның жібек көйлегі ерекше назарға ілікті. Көйлектегі ғажайып кесте Әбілмақыжан Уәлихановтың эскизі бойынша тігілген. Ол кәсіби суретшіге айналып, өзін қолданбалы өнерде айқын көрсете алды, оның құпия жәшіктері бар сәнді, ағаштан жасалған қобдишалары туралы ел ішінде аңыздар тарап кеткен болатын.

«ӨЗІМ СИЯҚТЫ ЖАНДАРҒА КӨМЕКТЕСЕМІН»

Сабина Сұлтанбаеваға оралсақ, суретші әйел құлағы естімейтіндер мен нашар еститіндерді қолдау үшін ұйымдастыруды ойластырған келесі көрмесін өткізуді жоспарлауда.

«Осылайша, мен сияқты өз арманына сенетін жандарға көмек қолын созғым келеді. Мүмкіндіктері шектеулі жандар үшін де бәрі мүмкін екенін, олар да сұранысқа ие бола алатынын көрсеткім келеді. Бұл көрменің тағы бір мақсаты – ерекше балалардың ата-аналарын қолдау, оларға бұл диагноз маңдайға жазылған тағдыр екенін мойындап, қол қусырып отыра бермеу керектігін көрсету. Әрине, бұл оңай жол емес, дегенмен бәрін де еңсеруге болады», – дейді қылқалам шебері.

Кәсіби суретші Сабина Сұлтанбаева түрлі байқауларға қатысып, жүлдегер атанған. Осы уақытқа дейін әртүрлі тақырыпта 5 көрме өткізген. Пейзаж, натюрморт, портрет бағытын да жақсы дамытып жүрген қылқалам шебері.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Негізінде өнерге құштар жанның табиғаты таза келеді. Өнер әлеміне өз қолтаңбасымен келген Сабина Сұлтанбаеваның туындыларының сыры да осыда жатса керек. Көп адам көре де бермейтін әдемілік пен әсемдікті іздесеңіз, Сабинаның сұлу әлеміне үңіліңіз…

Жансая ШЫҢҒЫСХАН

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here