Ұстаздар ұстаханасында Жолдау талқыланды

0
1035

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде Мемлекет басшысының Жолдауын талқылау бойынша кездесу өтті. Талқылау жиынына қалалық мәслихаттан, медицина саласынан, Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясынан спикерлер және республикалық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Университеттің Басқарма Төрайымы – Ректор Гүлмира Қанай жиынның алғы сөзін ашып, Жолдауда көтерілген білім саласына, оның ішінде педагог мамандардың мәртебесіне қатысты өз ойымен бөлісті.

«Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті 1944 жылдан бері педагог мамандарын дайындап келе жатқан бірден-бір университет ретінде, ұстаздармен етене тығыз байланыста жұмыс жасағандықтан, реформаларда орын алып жатқан мәселелер бізге тікелей ықпал етеді. 2019 жылы ұстаздардың беделі жөніндегі үлкен заңнама қабылданған болатын. Ол ерекше тарихи жағдай болды. Көптеген елдерде мұндай заңнамалар жоқ. Біріншіден, мектеп дәрежесіндегі ұстаздардың құқықтарын қорғау, екіншіден, олардың әлеуметтік жағдайын көтеру. Сол себептен елімізде үлкен адымды қадамдар жасалды. Сол қадамды Мемлекет басшысы ары қарай жалғастырып жатқанына куәгерміз», – деп атап өтті Гүлмира Әмірханқызы.

Алматы қаласы мәслихатының депутаты, қалалық кардиология орталығының директоры Алмат Қодасбаев та Жолдауға қатысты өз ойымен бөлісті.

«Соңғы Жолдаудың осыған дейінгі Жолдаулардан ерекшелігі – халықтың көкейінде жүрген сұрақтарға жауап беріліп, оның шешу жолдары көрсетілді. Халықтың жиі сұрайтыны: «Мемлекеттік қорға мұнайдан түсіп жатқан қаржы қайда кетіп жатыр?» болатын. Енді Мемлекет басшысының қадағалауымен қаржы керекті жерге бөлінетін болды. Білімді ұрпақ тәрбиелеуге, олардың әлеуметтік қажеттіліктеріне жұмсалады», – деді Алмат Тұрысбекұлы.

Кездесу барысында Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар және өнер институтының доценті Ақмарал Қожабекова отбасындағы зорлық-зомбылыққа жол бермеу мәселесі жайлы, оның алдын-алу жолында арнайы халықаралық жобаларды іске асыруда Қыздар университеті де атсалысып жатқанын жеткізді.

Алматы қаласы бойынша ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының штаттан тыс маманы Асқар Жақыпов Жолдаудағы жастарға жасалып жатқан жеңілдіктер, жатақханамен қамтамасыз ету, зейнеткерлердің жағдайы туралы қысқа да нақты түсіндіріп айтып кетті.

Әр спикердің сөзінен кейін кездесуге қатысушылар арасында туындаған сұрақтарға толық жауап беріліп, бұқаралық ақпарат құралдарына сұхбат алынды.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here