Туды қорлау – мемлекетті қорлаумен бірдей

0
3896

Арты дауға ұласқан концерт 25 мамырда Алматы қаласындағы Балуан Шолақ атындағы Мәдениет және спорт сарайында өткен. Онда жастар арасында Shiza атымен танымал рэп-орындаушы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын қолына орап алып, балағат сөздерін қолданған. Ал, «Ирина Кайратовна» тобының мүшесі Азамат Маркленов белгісіз себеппен күліп, оны қолдағандай қылық көрсеткен. Көпшілік қос орындаушыны да сынның астына алды.

Мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин Мемлекеттік Туды умаждап, қалай болса солай ұстап тұрып, көрермендерге боқауыз сөздер жаудыртқан рэп-орындаушының жат қылықтарына қатысты пікір білдірді.

Ерлан Тынымбайұлының айтуынша, мұндай әрекетке концертте ішімдік ішілгендіктен жол берілген.

«Алматы қаласындағы концерт кезінде болған оқиға қазір қоғамда қызу талқыланып жатыр. Біздің білуімізше, концертті «NS Group» ЖШС ұйымдастырған. Shiza лақап атын иеленген азаматтың Мемлекеттік Туға қатысты әрекеті жіті тексеріліп, оқиғаның мән-жайы анықталуы қажет. Концертте ішімдік ішілгендіктен мұндай әрекетке жол берілген деп ойлаймын. Жастар осы бір келеңсіз оқиғадан сабақ алып, қарапайым мәдениет пен этикетті меңгеруі қажет. Сонымен қатар, мұндай ауқымды іс-шараларды ұйымдастырушылар да жауапкершілікті сезінуі керек. Олар концерт ұйымдастырған кезде ішімдік ішілуіне жол бермеуге, басқа да оқыс оқиғалардың алдын алуға тиіс. Біз мемлекеттілігіміздің, Тәуелсіздігіміздің символы саналатын Мемлекеттік Туға зор құрметпен қарауымыз қажет. Оны аяқасты етуге жол бермеуіміз керек. Туымызды немесе басқа да рәміздерімізді қорлаған әрекеттер құқықтық-нормативтік актілерге сәйкес жауапкершілікке тартылады. Өйткені, заң баршаға ортақ. Еліміздің әрбір азаматы Мемлекеттік Туды құрметтеп, қастер тұтуы қажет деп санаймын», – деп жазған өзінің Facebook парақшасында.

Содан Shiza лақап атымен танылған өнерпаз Асхат Долшиев BEU Fest жаңа қазақстандық музыка фестиваліне қатыстырылмайтын болды. Бұл туралы фестиваль өкілдері өздерінің Instagram парақшасында жазды.

«Ту – әрбіріміз үшін әр түрлі игі мағынаға келеді. Мен үшін көк Ту – қазақ елінің бейбіт пейілінің, еркіндікке құлшынған азаматтарының және бәрінен бұрын тәуелсіз халық пен елдің, мемлекетіміздің символы. Бұл екі топ үшін Мемлекеттік Ту – «тру мру» деп мағынасыз ән жазып, миллиардтаған ақша табудың құралы. Оны осы сұмдық әрекеттері арқылы дәлелдеп берді. Өз мемлекеттік рәміздеріне құрмет көрсететін ел бұл әрекетке қылмыс деп баға берер еді.  ҚР Бас прокуратурасы  бұл оқиға бойынша іс қозғайсыздар ма, әлде бұларды сотқа беруіміз керек пе?» – деп пікір білдірді медиа маман Молдияр Ергебеков.

Айта кетейік, «Ирина Кайратовна» тобының режиссері Қуаныш Бейсеков Президент жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің жаңа құрамына кірген болатын.

Бір атап өтерлігі, өнер жұлдыздары да аталған екі әншіні жазалауды талап етіп жатыр. Олардың қатарында Меруерт Түсіпбаева да бар. «Көк Ту – мемлекеттік рәміз! Оны қорлауға жол жоқ! Мына мақұлық (аспандағы жұлдыз болса да) жауапқа тартылуы керек! Видеомен кешірім сұрағандар кешірілмесін! Заң бойынша жазалансын!» – деп санайды әнші әрі актриса.

Ашуға мінген Нұрлан Албан да Shiza-ны аяусыз сынға алып, оны «хайуанға» теңеді. «Біз бала тәрбиелеп отырып, сол баланы қайтсек қазақыландырамыз, қайтсек ұлттық рухты сіңіреміз, қайтсек солардың тәрбиесімен айналысамыз деп жатқанда, олардың көрсетіп отырған тәрбиесі, үлгісі осы ма?» – деп күйінді әнші.

Оқиғаға қатысты топтың мүшесі Азамат Маркленов болған жағдайды толық мойындап, халықтан кешірім сұрады. «Қазақстандықтардан кешірім сұрағым келеді. Өзімді сахнада мәдениетсіз ұстағаным үшін, ішімдік ішкенім үшін. Мойындаймын менен кеткен үлкен қателік болды. Енді қайталанбайды», – деп сендірді халықты топ мүшесі. 

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Несіпбек Айтұлы айтқандай, Туды қорлау – мемлекетті қорлаумен тең!

Руслан ХАМЗА,
Мемлекеттік рәміздерді насихаттау жөніндегі Ұлттық орталығының атқарушы директоры,
Қазақстанның Журналистер одағының мүшесі

АТЫРАУ ҚАЛАСЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here