«АДАМДАРДЫҢ БӘРІН СҮЙЕМ, БӘРІН ДЕ, ӘРБІР АДАМ ЖҮРЕГІ БАР, ӘНІМДЕ» немесе «САҒЫНДЫМ САҒЫМ ЖЫЛДАР ӨТТІҢ-АУ АҒЫП, ЖЫЛДАР»

0
623

Шөмішбай Нағашыбайұлы Сариевтің Қызылорда облысы, Арал ауданы, Шөміш станциясында дүниеге келгеніне биыл 80 жыл толды.

Қамбаш станциясындағы Әлия Молдағұлова атындағы мектептің жетінші сыныбын бітіргеннен кейін Арал қаласында кеме жасау қолөнер училищесіне оқуға түсіп, мотористік білім алғаннан кейін Арал теңізінде төрт айдай Уклея, Окун атты кемелерді жүргізді. Одан Қызылорда қаласының дәрігерлер училищесінің фельдшер факультетінде екі жылдай оқыған соң, жоғары оқу орындарына оқуға түсуді мақсат етіп, өзінің бұрынғы оқыған Қамбаш орта мектебін бітірді. С.М.Киров атындағы Қазақтың мемлекеттік университетіне бірінші жылы конкурстан өтпеген соң, әуелі Қазалы аудандық «Ленин туы» газетінде алты ай, кейін жаңадан ашылған Арал ауданының «Толқын» газетінде қызмет атқарып, Қазақтың мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне жолдама алды. Аудандық, облыстық газеттерде топтамалары басылып, оқырманға танылып қалған жас ақын аталған университетке оқуға түсіп, 1974 жылы бітіріп шықты.

Бірінші курста оқып жүрген Шөмішбайдың өлеңдерін бір топ классиктердің қатарында тікелей эфирден радиодан бергені үшін ақын Р.Ниязбек басшылардан сөгіс алғаны өз алдына ұзақ әңгіме…

Университеттің төртінші курсынан бастап, республикалық «Қазақстан» саяси баспасының Марксизм-ленинизм классиктері бөліміне редактор болып орналасты. Еңбек жолын журналистикадан бастаған оның «Қазақстан» саяси баспасында жүргенде екі кітабы шықты. «Балдәурен» (1974) атты тұңғыш жинағы қазақтың көрнекті ақыны Әбділда Тәжібаевтың алғы сөзімен жарық көрді. «Арайлы көктем» (1974) атты екінші кітабына өнер адамдары туралы шығармашылық портреттері жинақталды.

1974-1989 жылдары «Жұлдыз» журналының Сын және библиография Өнер және ғылым, Поэзия бөлімдерін басқарды. Бұл жылдары ақынның «Теңізден соққан жел», өлеңдер мен поэма (1975), «Тағдыр», өлеңдер және балладалар (1979), «Өң мен түс», өлеңдер мен толғаулар (1980), «Үш өлшем», өлеңдер (1982), «Тағдыр жыры», өлеңдер (1984), «Біздің ғасыр», өлеңдер мен поэма, балладалар (1984) тағы басқа кітаптары жарық көрді. Алғашқы таңдамалы жинағы 1994 жылы «Сағынышым – теңіз» («Морская тоска», ситхи, поэмы) деген атпен басылып шықты. Содан соң «Қос қанат» (2004) атты таңдамалысы, екі томдық шығармалар жинағының таңдамалысы (2006) оқырман қолына жетті.

Кеңестік дәуірде Ш. Сариев Ташкент, Ереван, Кутаиси, Дилижан, Тбилиси, Мәскеу, Ленинград қалаларында ұйымдастырылған Бүкілодақтық ақындар фестивальдері мен әдеби декадаларға қатысып, қазақ поэзиясын кеңестік әдеби-мәдени кеңістікте танытуға үлес қосты. Ақын шығармаларының «Литературная газета» басылымында бірнеше рет жарияланып, сол кезеңдегі орыс әдебиетінің көрнекті ақындарының шығармаларымен қатар ұсынылуы оның поэзиясының одақтық деңгейдегі әдеби айналымға енгенін көрсетеді.

Сонымен бірге ол Р.Тагор, М.Эминеску, Л.Камоэнс, Г.Гулиа, О.Берггольц, И.Абашидзе, С.Викулов, Р.Рождественский, А. Дементьев, Ф.Алиева және де басқа дүниежүзінің ақындарын қазақ тіліне тәржімалады. Ол қазақ тілінде сөйлеткен Португалия ақыны Л.Камоэнстің «Камоэнс: сонеттер» кітабының тұсаукесері 2009 жылы Астана қаласында өтті. Португалияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Жозе Атаиде Амарал жыл сайын атап өтетін Португалияның тәуелсіздік күніне орай өтетін шараға ақынның отбасын шақырып отырады. Бұл – ақынға, оның шығармашылығына деген халықаралық дәрежедегі құрмет.

Оның жырлары қазақ ақындары ішінен алғашқыларының бірі болып бұрынғы одақтық поэзия тұсында «Литературная газетаға» жарияланды. Мәскеулік ақындар Владимир Шлëнский, Станислав Золотцев, Марина Тарасова, Валерий Краснопольский, Александр Князев, қазақстандық ақындар Олег Постников, Надежда Чернова тәрізді ақын шығармаларын орыс тілінде сөйлетсе, сол арқылы украина, чех, қырғыз, тәжік, румын, үнді, француз және басқа тілдерге аударылып, әлемге танылды.

Осы тұста өзіміз куә болған бір оқиға еске оралып отыр. 2000 жылдардың басында бір күні Шөмішбай ағамыз қуаныштан бал-бұл жанып бөлімге келді. Сөйтсек, Абайдан кейін өлеңдері үнді тіліне аударылған ақын Үндістанға жол жүріп барады екен. Ол кезде қалта телефон деген жоқ. Институттың фотографы келе қалып, академик С.Қирабаев пен Шөмішбай ағамызда ортаға алып суретке түскен болатынбыз. Сол сурет бүгінде тарих қойнауына енді.

* * *

Қазақ поэзиясында өзіндік орны бар Шөмішбай Сариев қазақ халқына ән-өлеңдерімен кеңінен танымал. Сондықтан келесі әңгіме «Адамдардың бәрін сүйем, бәрін де, Әрбір адам жүрегі бар, әнімде» деп, қазақ үшін жаратылған ақынның «Айналдым сенен, Атамекен-ай» атты ән-өлеңдері қамтылған жыр жинағы туралы болмақ. Жинаққа ақынның таңдаулы ән-өлеңдері ғана енгенін музыкатанушылар ерекше атайды. Академик Серік Қирабаев Шөмішбай Сариевті өз қатарларынан оза шапқан ақын ретінде бағалап, әдебиетке ХХ ғасырдың жетпісінші жылдары келген топтың ішінен оның оқ бойы озық тұрғанын баса айтса, өнертану ғылымының докторы, музыкатанушы Сара Күзембаева ақын өлеңдерінің 300-ден астамына ән жазылғанын, сол әндердің көпшілігі үлкен байқаулардан жүлде алғанына көңіл аударды.

 «Айналдым сенен, Атамекен-ай» атты ән-өлеңдері жинағында: «Ән-өлең – үштік одақтың, яғни ақынның, композитордың және әншінің талант-дарынынан дүниеге келетін туынды. Ән-өлеңнің кәсіпқой поэзиядан тіпті өзгеше екендігін, композиторлармен бірге жұмыс істеу барысында сезіндім», – дейді автор. Ақынның осы пікіріне сүйенетін болсақ, үштік одақтың қатаң сыны мен сарабынан өткен туындылардың барлығы да ғұмырлы болатынын уақыт көрсетіп келеді. Ақынмен бірге ұзақ жылдар бірлесе ән жазған композитор Кеңес Дүйсекеев: «Басқа ақындарға қарағанда Шөмішбаймен жұмыс жасау оңай. Ол халық мұрасын қанып ішкендіктен, кез келген уақытта буын мен ырғаққа қатысты қажет сөздердің синонимін жылдам таба қояды», – дейді. Осындай жоғары талғамнан туған ақын туындыларының барлығы – халықтың, тыңдарманның жүрегінен орын алған, көпшіліктің ықылас қоя сүйіп тыңдайтын әндеріне айналды.

Ғафу Қайырбековтың Шөмішбай Сариевті «Қос қанатты ақын» деп атауы да тегін емес. Оның екінші қанаты – ән-өлеңдері. Оның жиырмаға тарта өлеңдер кітабына енген үш жүзден астам ән-өлеңдерін Е.Хасанғалиев, С.Тыныштығұлова, Р.Рымбаева, Н.Есқалиева, М.Жүнісова, т.б. сынды қазақтың майталман әншілері орындап, ән сүйер қауымға кеңінен танытып келеді. «Атамекен», «Қазағымның күйлері-ай», «Домбыра», «Туған жер», «Айналдым сенен, Атамекен-ай», «Сәлем саған, туған ел», «Аралдан ұшқан аққулар», «Сарыарқа», «Қазақстан», «Бозжорға» тәрізді ән-өлеңдері ақынның атын асқақтатып жіберді. Отанға, туған жерге, сүйген жарға деген ыстық сезім ақынның ән-өлеңдерінде бірінен-бірі туындап, біріне-бірі жалғасып жатады.

Ақынның ән-өлеңдерін тақырыбы мен мазмұнына қарай бірнеше топқа бөліп сөз етуге болады. Олардың қатарында бірінші көзге түсетіні – Отан, ел, жер, ұлт, халық жөніндегі патриоттық әндер. Мұндай әндер тәуелсіз елдің өскелең ұрпағын Отанды, ұлтты сүюге баулитыны анық. Осы мақсатта жоғары пафоспен жазылған әндердің қатарында жинақтың беташары ретінде берілген Қазақстанның халық әртисі, Қазақстан мемлекеттік сыйлығының лауреаты Роза Рымбаеваның орындауындағы «Айналдым сенен, Атамекен-ай» ән-өлеңді атауға болады.

Туған жер туралы үлкен сезім елі мен жерін шынайы сүйген отаншыл азаматынан ғана туса керек. Осы әнді шетелдегі қандастарымыздың егіліп отырып қабылдағанының, көп ұзамай «Атамекен қайдасың?» деп елге қарай көштің басын бұрғанының куәсі болған Р.Рымбаева өзі көрген оқиғаларды тебірене айтады. Ал, шетелде білім алған қазақ жастары елді сағынғанда осы әнді тыңдап сағыныштарын басқанын айтып келеді.

Кешегі бүкіл әлемді алаңдатқан Арал тағдыры да ақын назарынан тыс қалған жоқ. Ол жөнінде кезінде белгілі ақын Сағи Жиенбаев: «Шөмішбай ақынның қазақ жырының жасыл жайлауына тіккен өз отауы бар. Ол отауда көрген адамның көкірек көзін ашатын, көңіліне сәуле түсіретін көркем кесте, нақыш-өрнектер бар… Мен Шөмішбайдың туған топырағы – Арал өңірі жайлы сыр толғауларын әрдайым сүйсініп оқимын. Бұлар адамға аяныш туғызады, пенде екендігіңді еске салады», – деген болатын. ХХ ғасырдың соңғы ширегіндегі ел өмірінен үлкен орын алған бұл өзекті мәселені сол жердің суын ішіп, ауасын жұтқан ақын жүрек қабырғасы қайыса отырып жырлады:

Құстардың қайда базары,
Тарқаған, түсіп ажары.
Жаралы жүрек жандардай,
Төмендеп теңіз назары.

Айдынды теңізбен қоштасқан қайғылы да мұңды жаға, аққұмда шарқ ұрып айнала ұшқан шағала, ақшағыл құмның ортасында шөгерілген түйедей болып қайырылған кеме, ұясыз қалған аққу, айдынына қона алмай жанары мөлтілдеген құс бейнелері – тыңдарманның көзіне жас ұялатар жанды суреттер.

Осындай патриоттық әндердің бірі – «Сарыарқа». Кенді аймаққа айналған Сарыарқаны шұрайлы жер болғандықтан бал-қаймаққа теңесе, туған елін ән-күйдің тәңірісіне, көзінің қарасына балайды. Нұрлан Өнербаев пен Жеңіс Ысқақованың орындауындағы «Жусан исі» өлеңін тыңдап отырған жанның көз алдына балалық шағы өткен туған жері елестеп, мұрнына аңқыған жұпар исі келетіні белгілі. Тыңдарманның жүрегінен орын алған, оңынан туған осындай әндер ақынның ғана емес, үштік одақтың да бағын ашқаны белгілі. Осы тұрғыда музыкасын Кеңес Дүйсекеев жазған «Сәлем, саған туған ел» атты патриоттық әнін Стамбулда Халықаралық конкурста орындап, Қазақстанның халық әртісі, Қазақстан мемлекеттік сыйлығының лауреаты Роза Рымбаева «Алтын микрофон» сыйлығының лауреаты атанса, «Менің жолым» ән-өлеңді орындаған Қазақстанның халық әртісі, актер Тұңғышбай Жаманқұлов – Әл-Тарази. Кейін «осы әнді Қазақстан радиосының конкурсында орындап, композитор Владимир Питерцев, ақын Шөмішбай Сариев, әнші Тұңғышбай Жаманқұлов үшеуі де Бас жүлде иеленді» деген мәліметтер бұл жинаққа үлкен бәйгелерден оза шауып бәйге алған жүзден тұлпар, мыңнан жүйрік шыққан ән-өлеңдердің топтастырылғанын байқатады.

«Жұмақ ананың аяғының астында» деген қағидаға сүйенетін болсақ, кез келген бала анасын Меккеге үш рет көтеріп алып барса да оның қарызынан құтылмайды екен. Сондықтан да бар бала анаға қарыздар. Мұны жадында ұстаған ақынның бірсыпыра өлеңдері анасына арналды.

Ақын өлеңдерінен тағы бір көзге түсетін ерекшелік – ұлттық бояудың қанықтығы. Осы қатарда «Сүйінші», «Домбыра», «Үкілі домбыра», «Қазағымның күйлері-ай», «Боз жорға» әндерін атауға болады. Тоғыз ай, тоғыз күн көтерген баланың дүниеге келуі өмір жалғастығын байқатса, мұндай қуанышты адам біткеннің ерекше көңілмен қабылдайтыны белгілі. «Өмірге келді тұңғышың, Әке де болдың сен бүгін!» деп сүйінші сұраған ол «Сүйінші әнін салайық, Ортаңа келді бір адам» деп жар салып, «Балалы үй – базар» дегендей, бар ошақтың балалы болуын тілейді. Бұл – төңірегіндегінің бәріне болсын деп тілейтін ақпейіл жанның тілегі еді. Мұндай қуаныш үстінде ең жақын адамдарынан сүйінші сұрайтын қазақ «Қуанышты бөліссе көбейеді, қайғыны бөліссе азаяды» деп түсінеді. Ақынның баршаға жар салған сүйіншісі сондықтан да көптің көңілінен шығады. Музыкасын Мұрат Құсайынов жазған «Сүйінші» ән-өлеңі Халықаралық конкурстардың лауреаты «Дос-Мұқасан» ансамблінің орындауымен таныс.

«Қазағымның жаныменен жыр жаздым, қазағымның арыменен сөз алдым» дейтін ақынның «Домбыра», «Үкілі домбыра», «Қазағымның күйлері-ай» ән-өлеңдері – қазақ халқының ұлттық аспабы домбыра мен қос ішектен төгілген күй құдіретіне берген жоғары баға. Ұлттық аспаптарды ғана емес, ұлттығымызды жоюды көздеген кеңестік идеологияға қарсы бой көтерген бұл ән-өлеңдер ХХ ғасырдағы қазақ поэзиясы мен музыкасының табысы еді.

Академик Мұхамеджан Қаратаев: «Шөмішбай Сариевтің өлеңдері табиғат, өмір суреттерін эстетикалық талғамда қабылдауымен, лирикалық кейіпкерлерінің әрі шынайылығымен, әрі қарапайымдылығымен баурайды», – деген болатын. Осы пікірге сүйенетін болсақ, «Ғашықтық қуаныш боп сезілгенмен, Махаббат ешқашан да мұңсыз болмас» дейтін ақын махаббаттың жолы даңғыл емесін, оның да ойы мен қыры, сан соқпағы бар екенін «Аяулым», «Сен мені сағындың ба?..», «Өкінбе сен» т.б. өлеңдерінде жеткізе жырлады. «Сүйгенінің қасын қарақатқа, күлкісін шарапат сезімге, сөзін балға, пәк сезімін ақ ұлпа қарға, көңілін жаңа жауған қарға» теңейтін ақын көпшілік сүйіп тыңдайтын ғашықтар жырымен «Елім менің» атты ән-өлең байқауының екі дүркін жеңімпазы атанды.

Атақты ақын Ғафу Қайырбековтің: «Қоғамдық-әлеуметтік маңызды оқиғаларға, өз тұсындағы саясатқа үн қатып отыру – әрбір тұлғалы ақынның борышы. Тарих тереңіне бойлау, оның ағыстары мен толқындарын аңдау – үлкен ойдың, мәдениеттіліктің, білімділіктің белгісі. Шөмішбай ақындығында осы нышандар анық байқалып отырады», – дегенін жадымызда ұстайтын болсақ, Шөмішбай Сариев – ел өміріндегі жаңалықтарға дер шағында үн қосып отыратын ізденімпаз ақын. «Төрлет елге, кел, ғасыр!» өлеңінде үшінші мыңжылдықты қазақ елі тәуелсіз елдердің қатарында қарсы алғанын мақтан еткен ол «Бақытыңды бер Ғасыр, Төрлет Елге, кел, Ғасыр» деп, ХХІ ғасырдан мол үміт күтеді. «Туған елім», «Қолыңды бер Астана», «Әнұраным – Азиада» өлеңдері қазіргі тәуелсіз елдің күйінен сыр шертеді. Қазақ деген ұлтты күллі әлемге танытқан тәуелсіз қазақ елі мен оның Елордасы Астананың көз алдымызда ғарыштап дамып жатқаны әмбеге аян. Қазақстанда тұңғыш рет өткен 7-ші қысқы Азия ойындарына да алғашқылардың бірі болып үн қосқан ол «Әнұраным – Азиада» өлеңін жазды. Алау эстафетасының әнұраны Кувейт пен Астанадан бастап барлық облыс орталығында Азиада алау отын жаққанда орындалды. Тәуелсіздігін ұлықтайтын, егемен елдің өскелең ұрпағын Отанын, елін сүюге, патриотизмге баулитын кітаптың ұлтымыздың болашағына берері мол.

 Сонымен қатар, ақынның әлеуметтік мазмұны кең толғаулары мен сыршыл лирикалық шығармаларындағы азаматтық үн, қоғамдық ой және ұлттық дүниетаным ерекшеліктері қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері Ғафу Қайырбеков, Әбділда Тәжібаев, Әнуар Әлімжанов және Сағи Жиенбаевтардың назарын аударды. Олардың ақын шығармашылығына берген бағалары Ш. Сариев поэзиясының әдеби үдерістегі өзіндік сипатын айқындауға мүмкіндік береді.

1991 жылы еліміз егемендік алған соң, қоғамның барлық саласында өткенімізге сын көзбен қарауға тура келді. Сондай саланың бірі – әдебиет пен әдебиеттану ғылымы болатын. Қоғамдағы өзгеріс әдебиетшілерге әдебиеттің тарихын қайта қарауды міндеттеді. Себебі, ұлт әдебиетінің тарихы кеңестік дәуір тұсында көп ұлтты Кеңес одағының құрамында қаралатын. Бұл кезде М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтын академик С.Қирабаев басқарса, қазіргі қазақ әдебиеті бөліміне филология ғылымдарының докторы, профессор М.Базарбаев жетекшілік ететін. Бұл бөлім кеңестік дәуір әдебиетін зерттейтіндіктен, ХХ ғасыр басынан бастап, 1990 жылдарға дейінгі аралықты жаңаша бажайлауға тура келді. Бөлім меңгерушісі жаңадан ақталып жатқан Алаш арыстарының мұрасын және кеңестік дәуір әдебиетін зерттеуде жаңа қызметкерлер қарастыра бастады. Бір күні Мүсілім Базарбайұлы Шөмішбаймен кездесе кетіп, әдеби сында сыналған, ұзақ жылдар «Жұлдыз» журналында тәжірибе жинақтаған ақынды өзі жақсы білетін 1960-1980 жылдар әдебиетін зерттеуге шақырды.

Шөмішбай Мүсілім ағасының сөзін екі етпей, ғылыми зерттеу институтына қызметке келді. Келген бойда ғалымдармен қатарласып бөлімнің жоспарлы жұмыстарына кірісті. Ал, біз Шөмішбай ағамызбен сол күндерден өмірінің соңына дейін бірге қызмет жасадық. Ол Алаш қайраткерлерінен Мағжан Жұмабайұлының шығармалар жинағын құрастыруға қатысты. Кеңестік дәуір әдебиетін зерттеуге ден қойылып, М. Базарбайұлының жетекшілігімен көп ұзамай «20-30-жылдардағы қазақ әдебиеті» (1996), «40-50-60 жылдардағы қазақ әдебиеті» (1997) атты ұжымдық зерттеу еңбектер жарық көрді, «70-90 жылдардағы қазақ әдебиеті» атты үшінші кітап қаражаттың жоқтығынан бітпей қалды. Ш. Сариевке үшінші кітаптың «Жетпісінші-сексенінші жылдардағы лирикасын» зерттеу жүктелді. Бұл жылдардың поэмасын зерттеу белгілі ғалым Ә. Нарымбетовке тапсырылды.

Жүктеме анықталған соң, әр ғалым өз тақырыбы аясында зерттеу жүргізді, нәтижесінде Шөмішбай ағамыз М. Базарбаевтың жетекшілігімен «60-70 жылдардағы қазақ лирикасы. Көркемдік ізденістер» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғап, қазақ лирикасының көркемдік табиғаты мен даму бағыттарын ғылыми тұрғыдан саралады.

Шөмішбай ағамыз әдебиеттің қара шаңырағына келгеннен кейін, ұзақ уақыт сарыла отырып жазған зерттеулері мен ғылыми мақалалары «Қазақ лирикасы: көркемдік ізденістер және ұлт тәуелсіздігі» деген атпен жарық көрді. Жиырмашақты жыл ішінде шыққан 300-ден аса поэзиялық жинақтарды іріктей келіп, сол дәуірдегі қазақ лирикасына қомақты үлес қосқан Т.Молдағалиев, С.Жиенбаев, Қ.Мырзалиев, М.Мақатаев, Ж.Нәжімеденов, Т.Айбергенов, М.Шаханов тәрізді ақындардың лирикасындағы көркемдік ізденістерді ғылыми саралау арқылы сол тұстағы қазақ поэзиясының жетістіктері сараланған. 1960-1970 жылдары қоғамдық өмірде «тоқырау» болғанмен, әдебиет пен өнерде тоқырау болмағанын ақындар поэзиясындағы көркемдік ізденістермен көрсетті.

Институттың құрылымы әр жылдары қаражаттың тапшылығына байланысты іштей ірілендіріп, оңтайландырылып отыратыны болады. Осындай сәттердің бірінде Ж.Ысмағұлов жетекшілік ететін Абайтану бөліміне ауысып, Абай дәстүрінің қазақ поэзиясындағы сабақтастығы және тәуелсіздік кезеңіндегі қазақ лирикасының көркемдік-эстетикалық ізденістері ғалымның зерттеу нысанына айналды. Осылайша белгілі ақын ғалымдармен бірлесе жүріп әдебиеттану ғылымына біртіндеп ене берді.

Ғалым зерттеулерінен бірінші көзге түсетін – Абай мен Махамбет поэзиясы жөніндегі ізденістер. «Абай дәстүрі және тәуелсіздік кезеңдегі қазақ лирикасы» атты зерттеуінде қазіргі қазақ лирикасындағы қалыптасқан дәстүрді Абай поэзиясымен ұштастырса, «Махамбет Өтемісов шығармашылығы және тәуелсіздік идеясы», «Махамбет – ұлт тәуелсіздігінің жаршысы» атты еңбектерінде Махамбет ақынның поэзиясына тәуелсіздік тұғырынан қарайды.

Автор жастар шығармашылығынан қазақ поэзиясындағы Абай салған дәстүрдің жалғасын іздейді. Жиырма мен отыз үштің арасын қамтитын жас ақындар қатарында Ақсұңқар Ақын-Бабақызы, Батырболат Айтболатұлы, Әшімжан Жанарбек, Бауыржан Бабажанұлы, Маржан Ершутегі, Талғат Ешенұлы, Нұрлан Қалқа, Алмат Исәділов, Жарас Сәрсек, Ақеділ Тойшанұлы, Маралтай Райымбек, Есенгүл Кәпқызы сынды он бес ақынның өлеңдерін талдауда қазіргі қазақ поэзиясының беталысын бағамдайды.

Осылайша ол тәуелсіздік кезеңіндегі ұлттық әдебиеттану ғылымының дамуына да өзіндік үлес қосты. Оның А. Тоқмағамбетов, Ә. Тәжібаев, Ғ. Қайырбеков сияқты ақындардың, сондай-ақ М. Қаратаевтың өмірі мен шығармашылық мұрасын зерттеуге арналған еңбектері қазақ әдебиетінің жекелеген өкілдерінің шығармашылық болмысын жүйелі зерделеуге бағытталды.

Аталған бөлімді С.Қорабай басқарған жылдарда бөлім қызметкерлері «Шетелдегі қазақ әдебиетін» зерттеуге ден қойды. Ғалымның Қытайдағы Таңжарық Жолдыұлы мен Моңғолиядағы Қуанған Жұмаханұлы сынды қазақ ақындарының шығармалары туралы зерттеулері аталған ұжымдық еңбекте жарық көрді.

Сонымен бірге ақынның шығармашылығы әр жылдары түрлі деңгейде насихатталып жатты. 2008 жылы «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының кітап сериялары Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы бойынша шығарылған, Қорқыт ата кітабы бастаған 100 томдыққа Шөмішбай Сариевтың екі томдық шығармалар жинағы енді.

Әдебиет және өнер институты ғалымдары шығарған «Қазақ көркем сөзінің шеберлері» (2010), «ХХІ ғасыр әдебиеті» (2011) атты ұжымдық зерттеу еңбектерге ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы портреттік тараулар академик С. Қирабаевтың авторлығымен ұсынылды. Осы еңбектерге қатысты және бір естелік есімізге оралып отыр.

2010 жылы С.Қирабаевтың басшылығымен орындалған «Қазақ көркем сөзінің 100 қайраткері» деген ұжымдық еңбекті институттың Ғылыми кеңесіне ұсындық. Қызу талқылау жүріп жатқанда Шөмішбай ағамыз: «Қаламгерлер қандай критериймен іріктелді?», – деп бүйірден сұрақ қойды.

Жазба әдебиетті Бұқар жыраудан бастап Мұқағали, Тұманбай, Жұмекен, Қадырларға дейінгі аралықтан 100 қаламгер шыққан соң, сол жерден тоқтатқан болатынбыз. Сөйтсек әдебиетке жетпісінші жылдары келгендер де аға буынның қатарына қосылып қалған екен. С.Қирабаев, Ш.Елеукенов, Ж.Ысмағұлов, С.Қасқабасов тәрізді ағаларының қасында бала көрінгенмен, жетпісінші жылдары әдебиетке келген буын өкілдері әдебиеттің негізгі жүгін көтеріп жүрген болатын. Ұсыныс қабылданып, Ұ.Есдәулет пен Е.Раушановқа дейінгі аралықтан және жиырмашақты авторды қосуға тура келді. Бұл – Шөмішбай інілерінің уәжді ұсынысын академиктердің жоққа шығармауы.

2016 жылы Шөмішбай Сариевтің 70 жасқа толған мерейтойы қарсаңында ұзақ жылдар қызмет атқарған М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында сол кездегі институт директоры, ҚР ҰҒА академигі У.Қалижановтың басшылығымен «Ақындық мұрат, ғалымдық парасат» атты республикалық ғылыми-теориялық конференция өтті. Қаламгер туралы ілгерінді-кейінді жазылған мақалалар мен конференция материалдары жинақталып әдебиет сүйер қауымның қолына жетті.

Поэзияда Ә.Тәжібаев, З.Шүкіров, Ә.Сәрсенбаев, Ғ.Қайырбеков тәрізді ақын ағаларының, ғылымда ұстазы, филология ғылымдарының докторы, профессор М.Базарбаев пен М.Қаратаев, Р.Бердібаев, З.Ахметов, З.Қабдолов, С.Қирабаев, С.Қасқабасов, У.Қалижанов тәрізді академиктердің батасын алды. Оның поэзиядағы да, ғылымдағы да жолы даңғыл болуы – «Ұлтқа қызмет ету – білімнен емес, мінезден» деп Алаш қозғалысының көсемі, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Әлихан Бөкейхан айтқандай, Шөмішбай ағамыздың адамзат баласына жамандық ойламайтын ақ пейілі мен жаны жомарт жайсаң мінезінен. Сол – көркем мінезінің арқасында қаншама жақсыларға жақын жүрді, жанына жан жуытпайтын кірпияз ағаларының батасын алып, батамен жолы ашыла берді, ашыла берді…

* * *

Ағамыз өмірден өткелі бері ақын Ш.Сариевтің есімін мәңгі есте сақтау мақсатындағы талай игілікті шаралар жүзеге асты. 2021 жылы ҚР Ұлттық академиялық кітапханада «Қос қанатты ақын Шөмішбай Сариев» атындағы шығармашылық зал ашылды, Алматы қаласындағы 1991-2021 жылдары тұрған Самал-2, 43 үйге ескерткіш тақта орнатылды (2022).

2022 жылы «Дәуір» баспасынан «Қос қанатты ақын – Шөмішбай Сариев» атты фотоальбом жарық көрді. Фотоальбомда қаламгердің өмірі мен шығармашылығының негізгі кезеңдерін қамтитын өмірбаяндық деректер мен фотосуреттер ұсынылды.

2022 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ақын Шөмішбай Сариевтің өмірі мен шығармашылығына арналған «Ғибратты ғұмыр», «Жүрегім қазақ елі» деген кітаптары, 2023 жылы «Шөмішбай Сариев» атты библиографиялық көрсеткіш, ақын өлеңдерін Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі И.Тохтияров ұйғыр тіліне аударып, «Дунияни ашиқ көздә қаратсам» жыр жинағы жарық көрді.

2024 жылы Алматы қаласы мемлекеттік архивінде, Қызылорда қаласындағы Өлкелік тарихи музейде ақын Шөмішбай Сариевтің бұрышы ашылды. Радио мен телевидениеден ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған қаншама хабарлар берілді.

Үстіміздегі жылы 80 жылдық мерейтойы қарсаңында М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты республикалық ғылыми-теориялық конференция өткізіп, конференция материалдары мен мерзімді басылым беттерінде жарық көрген естеліктер, мақалаларды жинақтап «Шөмішбай Сариев – қос қанатты ақын» деген жинақ шығарды.

Ақын Шөмішбай Сариевке Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Бірінші дәрежелі «Барыс» және «Парасат» ордендерінің иегері, Халықаралық «Франц Кафка атындағы Алтын Медаль», «Жыл Адамы – Алтын Адам», «Платина Тарлан», «Халықтың Сүйіктісі» сыйлықтарының лауреты. Президенттік «Елім менің» атты ән-өлең конкурсының Гран При, яғни Бас бәйгенің үш дүркін жеңімпазы болу оңайшылықпен келген жоқ. Осы жетістіктер ақынға үлкен еңбекпен келгенін көзі қарақты оқырман жақсы біледі.

Шөмішбай Сариевтің халықаралық деңгейде мойындалуы – оның шығармашылық мұрасының кең ауқымды әдеби-мәдени кеңістіктегі маңызын айқындайтын көрсеткіштердің бірі болып табылады. Алайда ақын мұрасын бағалауда жекелеген марапаттардан гөрі оның қазақ поэзиясына енгізген тақырыптық, идеялық және көркемдік жаңалықтарын, сондай-ақ ұлттық поэзия дәстүрін жалғастырудағы орнын ғылыми тұрғыдан саралау маңызды. Осы тұрғыдан алғанда, ақынның шығармашылығы қазақ лирикасының дамуындағы ұлттық дүниетаным, музыкалық поэтика және азаматтық лириканың ой сабақтастығын танытатын көркемдік құбылыс ретінде қарастыруды қажет етеді.

ОРДА Гүлжаһан Жұмабердіқызы,
М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер
институтының бас ғылыми қызметкері,
Тәуелсіздік дәуірдегі әдебиет және көркем публицистика
бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here