Елімізде тұңғыш рет ҚазҰАЗУ базасында EMBA/MBA бағдарламасы ашылды

0
1519

Өткен аптада Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің базасында ЕМВА/МВА бағдарламасының ресми ашылуы офлайн/онлайн форматта болып өтті. Бұл Қазақстандағы азықүлік өнімдерін өндіру/қайта өңдеу, агробизнес және ауыл шаруашылығы кәсіпкерлігі саласында болашақ мамандар мен кәсіпкерлерді даярлауға бағытталған тұңғыш инновациялық жоба. Бұл туралы Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің Баспасөз қызметі хабарлады.

EMBA/MBA бағдарламасының ашылу салтанатына арналған конференцияға ҚР АШМ «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КеАҚ Басқарма төрағасы Дархан Балпанов (онлайн қосылды), ҚазҰАЗУ Басқарма төрағасы-ректордың м.а., академик Қанат Тіреуов, ЕМВА/МВА бағдарламасының негізін қалаушы профессор Рафис Абазов,  проректорлар мен профессор-оқытушылар құрамы, шетелдік қонақтар – АҚШ-тың Алматыдағы Бас консулы Каролин Саваж, БҰҰ-ның Қазақстандағы ақпараттық кеңсесінің директоры Властимил Самек, Түркияның Алматыдағы Елшілігінің Вице-консулы Шермин Текин, Франция-Қазақстан СӨП Бас директоры Мунира Артықбаева, Медеу ауданы әкімінің орынбасары Айдос Нұрлыбаев, «Sanaly Urpaq» Республикалық жобалық кеңсесінің басшысы Қайыржан Ахметбекұлы, Алматы қалалық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының директоры Айтуар Асқарұлы, Coca-Cola компаниясының Пиар және коммуникация бөлімінің басшысы Балжан Байзақова, Coca-Cola компаниясының Адам ресурстарын басқарудың жетекші маманы Виктория Ким, AlmaU университетінің проректоры Кендрик Вайт, Қазақстан бизнес-инкубаторлар қауымдастығының өкілі Владимир Попов, Халықаралық жасыл және тұрақты даму институтының жетекші маманы Майя Суюнчалиева қатысып, сөз сөйледі.

ҚазҰАЗУ Басқарма төрағасы-ректордың м.а. Қанат Тіреуов ЕМВА/МВА бағдарламасы Қазақстанда да, бүкіл Орталық Азияда да агробизнес, агросектордағы кәсіпкерлік саласының кадрларын даярлау және ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірумен, экспорттаумен және азық-түлік өнімдерін өңдеумен айналысатын жұмыс берушілермен тығыз байланыс орнату жөніндегі флагмандық бағдарлама болып табылатынын атап өтті.

Бағдарламаның ашылуы аграрлық сектор үшін жаңа үлгідегі басқарушыларды даярлауда инновациялық тәсілдердің қажеттілігіне байланысты. Сондай-ақ, университеттің болашақ әлемдік көшбасшыларға қажетті бизнес саласында заманауи білімі, дағдылары мен құзыреттері бар кәсіби басқарушы кадрларды даярлау бойынша заманауи форматтағы бизнес-білім нарығына кіру қажеттілігін атап өткен жөн.

Бұдан кейін «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КеАҚ Басқарма төрағасы Дархан Балпанов ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Шырақпайұлы Қарашөкеевтің арнайы құттықтауын жеткізді.

«Біз Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің Қазақстанда алғашқы болып ЕМВА/МВА бағдарламасын енгізу бастамасын қолдаймыз. Бұл тың бағдарлама студенттерге жоғары білім берумен қатар, ғылымды дамытуға, бизнесті және жалпы ауыл шаруашылығын өркендетуге зор ықпал ететініне сенеміз. Халықаралық бизнес-білім беру нарығында бәсекеге қабілеттілікті арттыруды, әлемдік тәжірибелерді елімізде таратуды басты мақсат тұтатын инновациялық көзқарасы бар шетелдік және отандық бизнес-тренерлердің қатысуымен жүзеге асырылатын жаңа бағдарламаға ақ жол тілейміз!» – деді Дархан Балпанов.

АҚШ-тың Алматыдағы Бас консулы Каролин Саваж ханым өз сөзінде ауыл шаруашылығы жақсы дамыған штатта туып-өскенін және азық-түлік өндіру мәселесінің әлемдік деңгейдегі проблема қатарында қаралатынын айта келіп, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің ЕМВА/МВА аясындағы жаңа бастамасы барша агросектордың дамуына, осы салада келешекте қызмет атқаратын білікті мамандардың терең білімді, жақсы кадрлар болып шығуына тікелей жол ашатынын атап өтіп, сәттілік тіледі.

Конференция барысында сөз алған барлық сөйлеушілер де ҚазҰАЗУ-дың Қазақстанда алғашқы болып бизнес-білім берудің жаңаша жүйесін енгізгенін қолдайтындарын білдіріп, халықаралық білім беру бағдарламаларын үздіксіз жетілдіру, заманауи әдістер мен білімдерді енгізу, олардың тиімділігін арттыру туралы ой-пікірлерімен бөлісті.

Жиынның модераторы ретінде профессор Рафис Абазов ЕМВА/МВА бағдарламасы туралы конференцияға қатысушыларға кеңінен баяндап берді. Атап айтқанда, қызметтің мақсаттары:

  • университеттің бизнес-білім берудің әлемдік кеңістігіне интеграциялануына жәрдемдесу;
  • ауыл шаруашылығы өңірлерінде агробизнес және кәсіпкерлік саласындағы МВА/ЕМВА бағдарламаларын дамыту стратегиясын әзірлеу және іске асыру;
  • отандық және халықаралық бизнес-білім беру нарығында бәсекеге қабілеттілікті арттыруды қамтамасыз ету;
  • басқару мен көшбасшылықтың заманауи технологияларын меңгерген кәсіби басқару кадрларын даярлау;
  • тыңдаушыға модульдерді өз бетінше таңдауға және оларды іске асыру жолдарын жобалауға мүмкіндік беретін МВА, МВА және шағын МВА бағдарламалары бойынша клиентке бағдарланған модульдік оқыту форматын дамыту;
  • үлкен кәсіби тәжірибесі, тиісті білімі, сондай-ақ оқытуға инновациялық көзқарасы бар шетелдік және отандық бизнес-тренерлерді тарту;
  • МВА және EMBA білім беру бағдарламаларын үздіксіз жетілдіру, заманауи әдістер мен білімдерді енгізу, олардың тиімділігін арттыру.

ҚазҰАЗУ командасы жаһандық азық-түлік тізбегінің көптеген элементтерін басқаруда дағдылар мен құзыреттерді дамыту және Қазақстан мен Орталық Азия өңірінде жастар арасында кәсіпкерлік пен инновацияларды ілгерілету үшін MBA және EMBA инновациялық бағдарламаларын әзірлеп, жаңа белеске көтерілген тұңғыш ЖОО болып саналады.

Іс-шара барысында елімізде және шетелде оқу мүмкіндіктері, жеке тағылымдамалар, агробизнес саласындағы халықаралық практиканы оқыту, әлемнің жетекші агрокомпанияларында және Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінде тағылымдамалар туралы ақпараттар ұсынылды.

Болашақта MBA/EMBA бағдарламалары аясында Польша, Қытай, Нидерланд, Түркия және АҚШ-тан халықаралық жаттықтырушыларды, мамандар мен оқытушыларды тарту жоспарланып отыр.

Мадияр ӘЗИЗҰЛЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here