Рамзан Қадыровтың 16 жастағы ұлы басшылық қызметке тұрды

0
1908

«Атасы жақсы қандай-ды, перзент қамын ойлайды» деген шумақтар кездесетін Майлықожаның термесі Қадыровтар әулетіне арналғандай ма дерсіз. Неге десеңіз, Қарағандының тумасы Ахмат Қадыровтың ұлы Рамзан 30 жасында Ресей Федерациясының құрамындағы Шешенстан Республикасының тізгінін ұстады. Қазір «өзі би, өзі қожа» Рамзан Қадыров та «бесіктен белі шықпаған» ұл-қыздарын лауазымды қызметтерге тағайындаудан еш қымсынбайды. Мысалы, күні кеше Шешенстан басшысының 16 жастағы ұлы Ахмед әпкелері сияқты бір қызметтің құлағын ұстады. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін Рамзан Қадыровтың «вундеркинд» ұл-қыздары туралы сөз қозғайды.

Өткен аптада «Грозный» телеарнасы Шешенстан басшысының 16 жастағы ұлы Ахмед Қадыров 1,5 млн халқы бар республикадағы балалар мен жастар ұйымдарын басқаратынын хабарлады.

Құрамында Ресей Федерациясы Президентінің кеңесшісі Абубакар Эдельгериев, Шешенстанның вице-премьері Абдулкерим Эдилов, Шешенстан басшысының ұлы Ахмед Қадыров бар Шешенстан делегациясы РФ Оқу-ағарту министрлігінде болған. Кездесу барысында министр Сергей Кравцов Ресей балалар мен жастар қозғалысының өңірлік бөлімшесінің төрағасы қызметіне Ахмед Қадыровтың кандидатурасын қолдаған.

Рамзан Қадыров – 13 перзенттің әкесі. Әйелі Медни екеуі  алты ұл мен жеті қызды тәрбиелеп отыр (екі ұлды асырап алған). Жоғарыда жазғанымыздай, тұңғыш ұлы 16 жасында республиканың жастарына басшылық ететін болды. Ал, 23 жастағы тұңғыш қызы Айшат Шешенстанның Мәдениет министрлігін, 21 жастағы екінші қызы Хадижат Грозный қалалық Мектепке дейінгі білім беру департаментін басқарады. Сондай-ақ, Рамзан Қадыровтың 19 жастағы үшінші қызы Хутмат Республика басшысының хатшылығы жетекшісінің орынбасары қызметін атқарса, 14 жастағы екінші ұлы Адам Шешенстанның Тұңғыш Президенті Ахмат Қадыров атындағы Білім беру орталығында оқушылардың өзін-өзі басқару президенті болып сайланды.

Иә, әкесі жақсы қандай-ды…

Айта кетейік, Рамзан Қадыров өзінің жас туысқандарын да лауазымды қызметтерге тағайындап келеді. Мәселен, Шешенстан басшысы туған әпкесінің ұлын, яғни жиені Ибрагим Закриевты 2018 жылы 28 жасында ел астанасы – Грозныйдың мэрі (әкім) қызметіне тағайындады. Тағы бір жиені – Идрис Черхигов 29 жасында Шешенстан жол полициясының бастығы атанды. Үлкен ағасының ұлы Хамзат Қадыров 23 жасында 150 мың тұрғыны бар Курчал ауданының әкімі қызметіне кірісті. Тағы бір ағасының баласы Хас-Магомед Қадыров 27 жасында Аргун қаласының тізгінін ұстады.

Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here