Ағымдағы жылдың 13 наурызында ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдыға қатысты сот отырысы 20 қыркүйекте басталды. Алғашқы күнгі сот отырысында Қайрат Сатыбалды кінәсін толық мойындап, жәбірленуші тарапқа, яғни «Қазақтелеком» мен «Көліктік сервис орталығы» компанияларына барлық шығынды өтегені айтылған соң жұрт «Ойбай, ол бітімге келіп, бостандыққа шығып кетеді екен» деп улардай шулады. Артынан «Көліктік сервис орталығы» компаниясы келісімге келуден бас тартқаны анықталды. Әдеттегідей, жұрт мәселенің байыбына бармай жатып байбалам салды. Өйткені, Қайрат Сатыбалдының бостандыққа шықпайтыны бүгінгі сот отырысында белгілі болды. Прокурор Жангелді Есебаев Қайрат Сатыбалдыны түпкілікті мүлкін тәркілеу және лауазымды қызметпен айналысуға 10 жылға құқығын шектеу арқылы 6 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Ал, Қайрат Сатыбалды бұл жаза түрімен келісетінін айтты.
Әрине, АҚШ сияқты Батыс елдерінде де кінәсін мойындаған айыпталушымен келісімге келу тәжірибесі кеңінен қолданылады. Дегенмен, бұл «Қайрат Сатыбалды бостандыққа шығып, алаңсыз өмір сүреді» деген сөз емес. Заңгерлер де оған тағылған айыптар ауыр қылмыс санатына жататындықтан, істі медиациялық келісім жолымен шешу мүмкін болмайтынын айтты.
Прокурорлардың да нәтижелі жұмыс істегені көрініп тұр. Қайрат Сатыбалдының 6 жыл темір тордың ар жағында отыратыны өз алдына тергеу барысында заңсыз сатып алынған активтер мен айыпталушылардың (онымен бірге төрт сыбайласы бар) жалпы сомасы 240 млрд теңгеден (500 млн доллар) астам қаржы мемлекеттің пайдасына шешілді. Бұдан бөлек, елде және шетелде қосымша жылжымайтын мүлік, көліктер және жалпы сомасы 400 млрд теңгеден (900 млн доллар) астам қаражат жақын арада мемлекетке қайтарылады екен. Тергеушілердің мұнымен тоқтап қалмайтын түрі бар. Оның басқа да заңсыз активтерін белсенді іздеу жұмыстары жалғасады.
Бір айта кетерлігі, Қайрат Сатыбалды салық пен кедендік төлемдерді төлеуден жалтару, қылмыстық кірістерді заңдастыру фактілері бойынша қылмыстық істер қосымша тергеліп жатыр. Бұл істің Қаңтар оқиғасына еш қатысы жоқ. Қаралы қаңтар ісі бойынша да оның құлағы қылтиып тұр. Яғни, біреулер айтып жүргендей Қайрат Сатыбалды енді «сүттен ақ, судан таза» болып бостандыққа шыға алмайды. Міне, отпен ойнаған түбінде опық жейді.
«Айран ішкен құтылып, шелек жалаған тұтылады» деген өмір шындығы Жаңа Қазақстанда осылайша түбегейлі өзгеруі керек!
Жасұлан МӘУЛЕНҰЛЫ