Жаңа тарихи кезең: инфрақұрылым, технология және білікті кадрлар

0
650

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің алдағы даму бағытына қатысты маңызды міндеттер белгіленді. Әсіресе инфрақұрылымды жаңарту, көлік және логистика саласын дамыту, цифрлық технологияларды кеңінен қолдану мәселелеріне баса назар аударылды. Бұл бастамалардың азаматтық авиация саласына да тікелей қатысы бар.

Қазақстан Еуропа мен Азияның арасындағы маңызды әуе жолдарының торабында орналасқан. Еліміздің осы мүмкіндігін тиімді пайдалану үшін әуежайларды дамыту, әуе қатынасын кеңейту, жолаушылар мен жүк тасымалының сапасын арттыру қажет. Алайда жаңа әуежайлар мен заманауи техниканың болуы өз алдына, оларды қауіпсіз әрі тиімді басқаратын білікті мамандардың жеткілікті болуы да аса маңызды.

Мемлекет басшысы Жолдауында еліміздің инфрақұрылымын кең көлемде жаңғыртуға бағытталған «Халықтық құрылыс» бағдарламасына тоқталды. Бұл бастама жаңа нысандар салумен бірге, қолданыстағы ғимараттар мен инженерлік жүйелерді жаңартудың маңызын көрсетеді. Мұндай жұмыстардың нәтижелі болуы үшін құрылыс пен технологиялық жаңаруды мамандар даярлау ісімен қатар алып жүру қажет.

Бұл мәселе жоғары оқу орындарына да қатысты. Мәселен, Азаматтық авиация академиясының оқу ғимараттарын, зертханалары мен оқу-жаттығу базасын жаңарту, заманауи тренажерлармен жабдықтау, студенттердің тәжірибелік сабақтарына қолайлы жағдай жасау – бүгінгі күннің маңызды қажеттіліктерінің бірі. Өйткені авиация маманын тек дәрісханада оқытып шығару мүмкін емес. Болашақ ұшқыш, авиация инженері немесе әуе қозғалысын ұйымдастыру маманы алған білімін іс жүзінде қолдана білуі тиіс.

Авиациялық білім берудің басқа салалардан ерекшелігі де осында. Мұнда әрбір маманның кәсіби дайындығына жоғары талап қойылады. Теориялық білім, тәжірибелік машық, ұшу және тренажерлық даярлық бірін-бірі толықтырып отыруы қажет. Ең бастысы, болашақ маманның бойында жауапкершілік пен қауіпсіздік мәдениеті қалыптасуы тиіс. Себебі авиацияда қабылданған әрбір шешім адам өмірі мен ұшу қауіпсіздігіне әсер етуі мүмкін.

Сондықтан салаға қажетті кадрларды даярлау ісінде мемлекеттік органдардың, жоғары оқу орындарының және авиациялық кәсіпорындардың өзара байланысы ерекше мәнге ие. Бұл ретте Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің азаматтық авиацияны дамыту бағытындағы жұмыстары мен Ғылым және жоғары білім министрлігінің білім мен ғылым саласындағы бастамалары өзара сабақтасып жатыр. Ал Азаматтық авиация академиясы үшін осы бағыттарды оқу бағдарламалары мен тәжірибелік даярлықта ұштастыру маңызды.

Бүгінде Академияда білім беру бағдарламаларын жаңарту, студенттердің өндірістік тәжірибесін жетілдіру, шетелдік жоғары оқу орындарымен және авиациялық ұйымдармен ынтымақтастықты кеңейту жұмыстары жүргізілуде. Басты мақсат – студенттің оқу барысында алған білімін болашақ қызметінде еркін қолдана алатын, саланың өзгеріп отыратын талаптарына бейім маман болып қалыптасуына жағдай жасау.

Авиацияның дамуы жаңа технологиялармен де тығыз байланысты. Жасанды интеллект, цифрлық басқару жүйелері, ұшқышсыз ұшу аппараттары бүгінде саланың жаңа мүмкіндіктерін ашып отыр. Мұндай өзгерістер жоғары оқу орындарынан білім беру мазмұнын үнемі жетілдіруді ғана емес, ғылыми зерттеулерге де көбірек көңіл бөлуді талап етеді.

Осы бағытта Академияда авиациялық зерттеулерді дамытуға, ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайтуға мән беріліп келеді. Студенттерді ғылыми жобаларға тарту, оқытушылардың зерттеу жұмыстарын авиациялық кәсіпорындардың нақты міндеттерімен байланыстыру және алынған нәтижелерді оқу үдерісінде пайдалану болашақ мамандардың кәсіби көкжиегін кеңейтеді. Бұл отандық авиация ғылымының дамуына да өз үлесін қосады.

Менің ойымша, Президент Жолдауында айтылған инфрақұрылымдық және технологиялық жаңару міндеттерін жүзеге асыруда адам капиталының орны ерекше. Жаңа нысан салуға, заманауи техника сатып алуға болады. Бірақ сол техниканы меңгеріп, оны қауіпсіз пайдалана білетін маман даярлау уақытты, тұрақты еңбекті және сапалы білім беруді қажет етеді.

Сондықтан азаматтық авиацияның келешегін тек әуежайлар мен әуе кемелерінің санымен өлшеуге болмайды. Оның дамуы ең алдымен осы салада еңбек ететін адамдардың біліміне, шеберлігіне және жауапкершілігіне байланысты. Авиациялық білім мен ғылымды дамытуға, оқу базасын жетілдіруге және өндіріс орындарымен байланысты күшейтуге көңіл бөлу – еліміздің көлік-логистикалық мүмкіндіктерін кеңейтуге қосылатын нақты үлес.

Қайрат Жакупов,
Азаматтық авиация академиясының академиялық қызмет жөніндегі проректоры

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here