Шикізатқа тәуелділіктен арылу: Қазақстан өнеркәсібінде қандай өзгерістер болып жатыр?

0
1348
Фото: forbes.ru

2022 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Біз сыртқы әл-ауқаттың арқасында сыртқы игіліктің шикізаттық лағынетке айналғанын байқамай қалдық. Біз трансформацияда ұтқыр бола алмадық», – деген еді. Бір жылдан кейін Қазақстанда өнеркәсіпті жүйелі түрде дамыту үшін арнайы министрлік құрылды. «Министрлік осы саладағы өзекті мәселелер бойынша шұғыл және тиімді шешімдер қабылдауы керек. Үкімет халықаралық қаржы институттарымен, трансұлттық корпорациялармен және отандық кәсіпкерлермен арадағы сындарлы диалогты нығайта түсуі қажет. Жалпы, еліміздің болашақтағы индустриялық келбеті қандай болады, қандай кәсіпорындар маңызды рөл атқарады деген сауалдарға жауап болуға тиіс. Яғни, уақыттың талабына сай белсенді жұмыс істеу керек», – деп атап өтті Президент. Осы ретте «Qazaq» газеті елімізде өнеркәсіп саласы қалай дамып жатқанын саралап көрді.

БАЙЛЫҒЫ МОЛ ЕЛ БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІ МЕ?

«Ресурстардың қарғысы» немесе «шикізат лағынеті» ұғымын алғаш рет 1993 жылы ағылшын экономисі Ричард Аути енгізген болатын. Ол бұл терминді табиғи байлықтың бәрі бірдей елге пайда әкелмейтінін дәлелдеу үшін қолданған. Асты-үсті байлыққа малынып отырған мемлекеттер қолында барын тиімді пайдалана алмай, экономикасын өркендете алмай жатады. Ал ресурсы аз елдер, керісінше, тұрақты өсімге қол жеткізгенін байқаймыз.

Үкіметтің мәліметінше, Қазақстан Орталық Азияда өнеркәсіп саласы бойынша көш бастап тұр. Ресми деректерге сәйкес, 2025 жылдың алғашқы тоқсанында химия өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 12,5 пайызға артып, 406 миллиард теңгеге жеткен. Бұл салада алдағы жылдары 5 пайыздық тұрақты өсім күтілуде. Шенеуніктердің сөзінше, 2035 жылға дейін химия өнеркәсібіне шамамен 4,8 триллион теңге инвестиция тарту көзделіп отыр.

Сандарды сөйлететін болсақ, 2024 жылы Қазақстанда 180 өнеркәсіп жобасы іске қосылған. Ал 2025 жылы бұл көрсеткіш 190-ға жетпек. Егер Үкіметтің барлық жоспары орындалса, елімізде 35 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны ашылмақ.

ҚАЗАҚСТАН МЕН КӨРШІЛЕР

Ресми деректерге сүйенсек, бүгінде еліміздегі өнеркәсіп өндірісі Өзбекстанмен салыстырғанда 1,5 есе көп. Қырғызстаннан 16 есе жоғары, ал Түркіменстаннан шамамен 22 есе артық. Өткен жылы Қазақстан қайта өңдеу бойынша 52,2 миллиард долларлық көрсеткішпен екінші орынға жайғасты. Тек Өзбекстанға ғана жол бергенімен, Қырғызстанды он есе артта қалдырды.

ТМД елдері арасында жалпы өнеркәсіптік көрсеткіштер бойынша Ресей 1,3 триллион долларлық өндіріспен алдыңғы орыннан көрінді. Екінші орында – Қазақстан. Одан кейінгі орындарды Өзбекстан, Беларусь, Әзербайжан, Армения, Молдова, Қырғызстан, Тәжікстан және Түркіменстан иемденген.

Үкіметтің мәліметінше, Қазақстан инвестицияны тұрақты тарту мен жаңа өндірістерді іске қосу арқылы көшбасшылығын сақтап отыр.  Шенеуніктердің пікірінше, соңғы уақытта іске қосылған ірі жобалар қатарында: Қостанай облысында жүк көліктеріне арналған шойын құю өндірісі, Алматы облысында вольфрам қайта өңдеу және ілмекті арматура өндіретін зауыт, Қарағанды облысында катодты мыс өндірісі бар.

ҚАРАЖАТ ҚАЙДАН КЕЛІП ЖАТЫР?

Кез келген өндірісті іске қосу қыруар қаражатты қажет етеді, сондықтан Мемлекет басшысы бұл бағытқа ерекше көңіл бөліп отыр. Жыл басында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев министрлер кабинетіне инвестиция тарту жұмысын күшейтуді тапсырды. «Әйтпесе, инвестиция нарығындағы бәсекелестік қызып тұрған кезеңде заман ағымынан кеш қаламыз», – деді Мемлекет басшысы. Президент инвесторларды іздеу, қолдау және қорғау қажет екенін атап өтті.

Осындай инвестициялық жобалар баяндалғанда, Үкіметте  Премьер-министрдің қытайлық Fufeng Group компаниясымен өткен кездесуі тілге тиек етілді. Компания Қазақстанда крахмалды қант өндіретін және аминқышқылдарын ашытатын зауыттарды, сондай-ақ көмір жылу электр станциясы мен ағынды суларды тазарту станциясын қамтитын жүгеріні терең өңдеуге арналған тігінен интеграцияланған өнеркәсіптік парк құруды ұсынды.

Компания Қазақстанда жүгеріні терең өңдейтін, толық интеграцияланған өнеркәсіптік парк салуды ұсынған. Жоба аясында крахмал қанты мен аминқышқылдарын өндіретін зауыттар, сондай-ақ көмірмен жұмыс істейтін жылу электр станциясы мен ағынды суды тазарту қондырғысы салынуы жоспарланған. Шенеуніктер инвесторды қолдады. Арада алты ай өткеннен кейін Жамбыл облысына барған Үкімет басшысы Олжас Бектенов жүгеріні терең өңдеу зауытын салу жөніндегі инвестициялық жобаның құрылыс алаңында болды.

Жамбыл облысында құны шамамен 1,2 миллиард долларды құрайтын еліміздегі ең ірі металлургиялық зауыттың құрылысы басталды. Бұл жобаны да қытайлық Fujian Hengwang Investment компаниясы қаржыландырып отыр. Кәсіпорын арматура, созба сымдар, жолақ және профильді болат, сондай-ақ басқа да металл өнімдерін шығаратын болады.

Президент тапсырмасының орындалуы және Қазақстанның «шикізат лағынетінен» арылуы тікелей шенеуніктерге байланысты. Бұл үшін инвесторларды іздеп, тарту, артық бюрократиялық кедергілерді жою және мемлекеттік қолдау жүйесін қалыптастыру қажет.

ҚАЗАҚСТАННЫҢ ИНДУСТРИЯЛЫҚ ИНДЕКСІ: ҚАРАҒАНДЫ МЕН АСТАНА АЛДА КЕЛЕДІ

Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігіне қарасты Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, еліміздегі ірі өнеркәсіп салалары – металлургия, фармацевтика, құрылыс материалдары, химия, жеңіл өнеркәсіп және машина жасау салаларының жалпы қосылған құны (ЖҚҚ) өткен жылмен салыстырғанда 6,4 пайызға артқан. Ел экономикасына ең көп үлес қосып отырған өңірлер қатарында Қарағанды, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстары, сондай-ақ Алматы мен Астана қалалары бар.

Өнеркәсіп салаларында қызмет ететін жұмысшылардың нақты саны 17%-ға артып, 248 мың адамға жетті. Бұл – соңғы бес жылдағы ең жоғарғы көрсеткіш, өндірістік базаның кеңеюінің, соның ішінде жаңа индустриалдық жобалардың жүзеге асуының айқын дәлелі.

2025 жылдың бірінші жартыжылдығында бір жұмысшының өндірген өнімінің құны 54,8 мың АҚШ долларына жетті, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 9%-ға жоғары. Ең жоғары көрсеткіштер Қарағанды облысы мен Астана қаласында байқалады. Өйткені, бұл өңірлерде өнеркәсіп жақсы дамып, ірі инвестициялар салынған.

Қаңтар-маусым айларында Қазақстанның өнеркәсіптік өнім экспорты 8 миллиард АҚШ долларына жуықтады. Экспорттың негізгі тірегі –  металлургия, машина жасау және химия өнеркәсібі. Бұл салалар Қазақстан экономикасының негізгі бағытын айқындап, елдің өндірістік әлеуетін көрсетіп отыр.

Бүгінде өндірісте цифрлық технологияларды қолданатын кәсіпорындардың үлесі 21%-ға жетті. Бұл отандық өнеркәсіптің заман талаптарына сай жаңарып жатқанын білдіреді.

Цифрлық технологияларды көбінесе ірі, шетелдік серіктестері бар кәсіпорындар қолданып жатыр. Алайда, бұл тренд шағын және орта бизнеске де біртіндеп таралып келеді.

2025 жылдың алғашқы алты айында ірі өнеркәсіп саласына салынған инвестиция көлемі шамамен 665,5 миллиард теңгеге жуықтады. Инвестициялық жобалар тек дәстүрлі өндіріс орталықтарында ғана емес, қарқынды дамып келе жатқан жаңа өңірлерде де жүзеге асып жатыр. Атап айтқанда, Абай мен Ұлытау облыстарында ЖҚҚ мен еңбек өнімділігі артқан.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Шикізатқа тәуелділіктен арылу – еліміз үшін стратегиялық міндет. Мемлекет басшысының бастамасымен құрылған жаңа министрлік пен қолға алынған жүйелі реформалар еліміздің өнеркәсіп саласын жаңаша деңгейге көтеріп, тұрақты өсімге бағыттап отыр. Инвестициялар ағыны артып, өндіріс көлемі кеңейіп, жұмыс орындары көбейіп, цифрландыру қарқынды жүріп жатыр. Алдағы жылдары да осындай қарқынмен жүрсе, Қазақстан «шикізаттық лағынет» қамытынан шығып, бәсекеге қабілетті елдердің қатарынан болары анық.

Жансая ШЫҢҒЫСХАН

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here